18 Наурыз, 2017

Шыбық шаншуға әркімнің шамасы келеді

1683 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
«Жердің көркі тал болар» дейміз, «Ар­тың­да мал қалғанша, тал қалсын» дейті­н­іміз және бар. Сол талдың, орманның мәнін түсіндіріп жату да артықтау шығар. Ел сол ағашқа, орманға көміліп жатса, жері жақ­сы екен дейміз. Жері жақсы болған соң, елі де жақсы. Сол жақсылық адамдарға бай­ланыс­ты. Орман-тоғайын күтпесе, ел сол байлы­ғынан айырылады. Ал халқы сол тал-дараққа, орман-тоғайына қамқор болса, ондай елдің жасыл желегі, көк көрпесі кеңейе түседі. Біздің еліміз аумағының тек 4,6 пайызы ғана орманды екен. Бұл 28 млн гектар. Сырт қарағанда аз емес сияқты. Бірақ жеріміз үлкен ғой. Халқымыздың көпшілігі сол жасыл желектен сырт жақта тұрады. Оның үстіне сол орман дегеніміздің бәрі сыңсыған биік ағашты орман емес екен. Ағашы сиректеу сексеуілді аймақ, түрлі өзен-көл аймағындағы бұталы тоғайлар да орманға қосылады. Шын мәніндегі еменді, қарағайлы, шыршалы, қайыңды сыңсыған орман 1,2 пайыз ғана көрінеді. Аз, өте аз. Әсте де бізде ормандарымыз қорғаусыз, күтім­сіз қалды, сұғанақ қолға олжа болып жатыр деуден аулақпыз. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінде орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитеті бар. Есеп жүргізіп қана қоймайды, шаралар да жүргізеді. Ағаштар егіледі, белгілі дәрежеде орманның көлемі аз да болса, жыл сайын ұлғайып жатады. Іздегенге жап-жақсы тәжірибелеріміз де бар. Айталық, Астана қаласы­ның айналасындағы орман­ды алқап­тар­ды әлемдегі ең үздік тәжі­рибе­лер қатарына қосуға болар еді. Бірақ бұл үлкен қаржымен жүзе­ге асып жатқан іс. Ондай шараларды жаппай жүзеге асыру қиын. Бізді қы­зықтыратыны − алдымен қоғам­ды қатыстыра отырып тындыру­ға болатын шаралар. Сонда оның мате­риал­дық сипатынан бұрын қо­ға­м­дық сипаты жоғарырақ тұрар еді. Қай жерге, қай өңірге барсаң да, елді мекендерде түрлі көрініске тап боласың: бір үйдің ауласында ағаш өсіп тұрады, екінші үй жасыл желегі жоқ, жып-жылмақай, сұрықсыздау. Соған қарап-ақ үй иелерін танығандай да боласың. Рас, бір өңірде сол ағаш өсіру, оны күту айтарлықтай тауқыметі бар шаруа. Су да тапшы болуы мүмкін, көшетін табу да оңай болмас. Әңгіме сонда ғой. Біреулер сол қиындыққа қарамай өсіреді, сонысы үшін де бағалы. Ертеректе ұлы Абай еліне, Қарауыл ауылына жиірек баратынбыз. Сонда сырттан келген қонақтарды қасиетті шаңырақ – жазушы Кәмен Оразалин үйінің бойшаң теректері алыстан қарсы алатын. Сол терек­тер «Абайдан соң» романдарының кейіпкері ұлы Мұхтар Әуезовті де талай қарсы алған. Бұл ауылда біраз үйде осындай терек­тер өсіп тұр. «Кәкеңнің өнегесі ғой» дер еді аудан басшылары. Ағып жатқан су жоқ, тастақ жерде құдықтан су тартып суарады. Біраз бейнеті бар істі жүзеге асыруды көкірегі ояу жазушы ағамыз өзіне парыз санаған. Мұндай мысалдарды еліміздің әр айма­ғынан кездестіруге болады. Сол Шығыс Қазақстан облысы­ның Тарбағатай тауының теріскей бөктеріндегі Ақсуат ауылында Байғали Бұтабаев ақсақалдың жеміс бағын көріп, таңданғанбыз. Жай ағаш емес, жеміс бағын өсіріп, жемісін жұртқа жегізіп отыр­ды. Өзі қоршап алған жерде бұл аймақта жоқ басқа дүние орнат­қан. Жұрттың бәрі сондай болса, өміріміз көркейе түсер еді деген ой бірден көңілге оралады. Қиыр оңтүстігімізде Мақта­арал деген аудан бар. Жаз бойы аптап ыстық басылмай­ды. Сонда жұрттың, тіпті малдың да, жанын сақтайтын ағаш, ағаштардың көлеңкесі. Содан да бұл өңірде бас­қа жерге қарағанда ағаш көп. Сөйтсе де сол ағаштар өзі өсе сал­майды. Адамдар егеді, өсі­реді. Аудан орталығы Жетісай қала­сы­нан Шардараға қарай жолда канал бойында қалың ну бар. Жұрт оны Шалғынбайдың бағы дейді. Өткен-кеткен аялдап, көлеңкелесін деп алдымен оншақты түп тал ексе керек. Кейін қолы қалт еткенде сол ағаштардан шыбық кесіп алып, еге берген, еге берген. Содан үл­кен баққа айналған. Шақаң бұл үшін еш­кімнен ақы да сұрамаған, атым шықсын да демеген. Бұл өңірде біраз ауқатты адамдар да өткен. Туыстары болмаса, оларды ешкім білмейді. Ал Шалғынбайды жұрттың бәрі біледі. Артыңда мал қалғанша, тал қалсын деген, сірә, осындайдан айтылған шығар. Ағаш егіп атын шығарғандар, елдің алғысын алғандар бұрын болғанына мысал баршылық. Қазір де бар. Бар болғанда, үлкен құрмет көрсетіп, ертең елдің аузында қалатын адам мынау деп көрсететіндері де бар. Бұл жерде көзіқарақты адамның бәрі білетін, әсіресе, экологияға қаты­сы барлардың, жерін көркейту­ді парыз санайтындардың бәрі білетін іскер қызымыз Гөзел Құлжабаева көңілімізге алдымен оралады. Тым артық айтқан жоқ­пыз ба, мен білмеуші едім дей­тіндер де табылар. Оларға айтар уәж: білгеніңіз жөн-ау, сол қызымыздың өнегелі ісін біліп қана қоймай, лайықты бағалайық та дегің келеді. Осы Гөзел қарындасымыз­дың ісін көріп, бір адамның қолынан да осынша көп нәрсе келеді екен-ау дейсің. Ол кезінде мектепте еңбек пәнінен сабақ берген. Содан гүл егуге аңсары ауды. Оны кәсіпке айналдырды. Алматыдағы талай мектеп, тұрғын үйлер, кеңселер аулалары Гөзел қыздың қатысымен гүлге оранды. «Гүлстан» дейтін тамаша журнал шығарды. Бұл өз алдына жеке әңгіме. Бүгінгі біздің айтпағымыз оның басқа бір қыры – Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы өз ауылы Басшиді орманға, бау-бақшаға орағаны, перзенттік парызын басқалардай ауылын ұмытпаумен ғана шектемей, жасыл желекке бөлегені. Мұндай іс тіпті қолға алған күнде де ондаған адамның қолынан келмес. Ал Гөзел қыз оны жалғыз өзі жүзеге асырып отыр. Осыдан 7-8 жыл бұрын Гөзел өз ауылына барып, ондағы ел басшыларына ауылды айналдыра көктерек егуді ұсынғанда, оған көпшілігі күмәндана қараған. Құлшынып құптағандар бола қоймаған. Әсіресе, оған бірша­ма қаржы қажеттігі алға тосылып, оның көзі жоқтығын айтқан. Ауылын жаны­мен сүйетін қыз қаржыны да тапты, істің көзін де тапты. Істің оңға басқанын аңғар­ған ауыл енді сол қыздарына бет бұрды. Ауыл басшылары, жас­тар қолдады, мектеп оқу­шылары көмекке келді. Соның бәрін ежіктеп айтсақ, әңгіме тым ұзап кетеді. Қысқасы былай: 2011 жылы 2 гектар жерге қарағай көшеттері отырғызылды, 7 гектар жерге көктерек шыбықтары шаншылды, 2013 жылы атақты әнші Нұрғали Нүсіпжанов атындағы 5 гектар жерге алма бағының, 10 гектар жерге «Батыр аналар» саябағының іргесі қаланды. Былтыр олардың қатарына «Абай бағы» қосылды. Қылқан жапырақты ағаш­тар баяу өседі. Сөйтсе де бүгін олар кісі бойына жетеғабыл. Ал көкте­рек жерді көмкеріп, желдің екпі­нін басатын халге жеткен. Ертең олар өздерін өмірге әкелген Гөзел Құл­жабаеваның алтын қолы жайында әлемге жар салып айтып тұрады. Баршамыз, әкімшілік дейтін қауым, одан да биігіректегі билік жағы да соны көрсе, азаматтың еңбегіне тиісті баға берсе, лайықты құрмет те көрсетілсе, Гөзел Құлжабаеваның мерейі өсері өз алдына, оның игі ісі барша жұртқа өнеге болар еді. Қалай да жеке адамдардың бастама­шылы­ғы, оларға нұр жаусын дейік те, бәрі­бір аздық етеді. Бұл қоғам араласатын іс. Тіп­ті ұлттық деңгейде қолға алатын шаруа. Сон­да ол шын мәнінде өркен жаяды. Солай етіп жатқан, соның жемісін көріп жатқан елдер де аз емес. Көп елдерде орман көлемі­нің көптігі ондағы табиғаттың қолайлылығынан ғана емес, ұлт­тық деңгейде жүргізіліп жатқан шаралардың да нәтижесі екені даусыз. Олар ағашты, орманды ая­лайды. Олар да ағаш егу мере­кеге қуанышқа айналған. АҚШ-та мұндай мереке 1872 жылдан бері өткізіледі. Ита­лияда бір ғасырдан бері өтіп келеді. Және ол «Жаңару және табиғат» деп аталады. Ал Оң­түстік Кореяда ағаш егу мере­ке­сіне бүкіл отба­сы болып қаты­­су парыз. Бір ел­дерде ағаш егудің заң­дық та күші бар. Алыс емес көр­ші Қытай елінде 11 жас пен 60 жас ара­лы­ғын­дағыларға жы­лы­­на 3-5 түп ағаш егу мін­дет са­на­­лады. Филиппин елін­де жыл са­йын 5 түп ағаш екпе­ген адам аза­­мат­т­ығынан айы­ры­лады. Вьет­нам елінде баспасөз басы­лым­дарын тірке­ген­д­е оған ағаш ету­ді на­си­хаттау міндет­теледі. Оны орын­дамаған газет-журнал жабылады. Ағаш егу, шыбық шаншу көк­темде, не күзде жүргізіледі. Ал жақсылық жасасам деген ниетте жүр­ген адамға ағаш егу, шыбық шан­шу ең оңтайлы үрдіс. Ондай адам­дарға айтарың: басқа­ларға, ең алдымен ауыл, мектеп бас­шы­ларына, ауыл ағаларына ойыңды жет­кіз. Біреу болмаса, біреу қол­­дайды. Ауылдың әр адамы, мек­тептің әр оқу­шысы жылына бір топ ағаш отырғызып, бір шыбық шан­шыр болса, он жылда ауыл өзгеріп сала береді. Тіпті бір көше бастама көтерсе, екіншісі қолдайтыны анық. Алда ағаш егетін, шы­бық шаншитын кез келе жа­тыр. Соны ұмыт­пасақ. Біреуі­міз ұмыт­­­сақ, екіншіміз ес­ке салсақ, сонда бір игі іске негіз қа­­ланар еді-ау дейсің. Мамадияр ЖАҚЫП, Қазақстанның құрметті журналисі