Тәуелсіздік – мыңдаған жылда бір келетін бақ. Еуропаша айтқанда, феномен. Тәуелсіздік – жаңаша көзқарас пен айрықша серпілістің бастауы, арғы замандардан жеткен «мәңгі ел!» мұратының жалғасы. Ал Қазақстан азаттығының бірегей белгісі – тарих. Бостандық үшін күрескен бодан күн мен азаттықтың баяндылығы үшін тер төккен бүгінгі күннің тарихы. Сол тарихтың алаулы, жарқын кезеңі – Алаш тарихы. Бұлай деу – ақылға да сыйымды, шындыққа да сәйкес.
Азат Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық, өркениетті қоғам құруға жұмылған және соны кезең-кезеңмен орындап келе жатқан мемлекет. Еліміз дербестіктің 20 жылдық тарихында жүріп өткен сан ғасырлық жолдың тағылым-сабақтарын біршама парықтады. Өткеніміз түгенделді, бүгініміз байыпталды, ертеңіміз айқындалды. Үздіксіз, үзіліссіз алға жылжыған тарих көшінде ұлтты – ұлт, елді ел еткен құбылыстар, оқиғалар, тұлғалар бағамдалды.
Міне, осындай сарабдал көзқарастың нәтижесінде елдік зайырлықтың батыл тәжірибесін бастаған, білім мен ғылымды, әдебиет пен мәдениетті ұлт қажетіне лайықты пайдалана алған Алаш қозғалысының, Алаш тұлғаларының, жалпы Алаш құбылысының орны ерекше екені белгілі болды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев былай деп жазады:
“Алаш зиялылары... сол айтулы есімдердің білімдарлық һәм азаматтық тәлімдерінде кейде көріне бермейтін де арналар бар. Оның бағасын ұрпақтары, бүгінгі қазақ зиялылары беруге тиіс. ...Бұлар – тарих толқынындағы мәдениетіміздің кіндік тұлғалары” (“Тарих толқынында”. Алматы: Атамұра, 1999).
Сондай-ақ 2006 жылы 26 мамырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде отандық студенттер қауымына арнап оқыған тарихи дәрісінде Елбасымыз:
“Ғылымды басқарудың жаңа кезеңіне – ғылыми мекемелерді басқарудан ғылыми-зерттеулерді басқаруға көшу керек” деп бір тұжырымдай келіп, тарих тағылымына қатысты ойын:
“ХІХ-ХХ ғасырлардың шегінде ұлы Абай үлкен әлемге жол салып, Алашорда алыптарының шоғырын оятты. Олар өз кезегінде халықтың өзін-өзі тануын жоғары көтеріп, қазақтардың мешеулік және тарихи ұмтылу ортасынан көтерілуіне мүмкіндік берген идеяларды тұжырымдай алды” деп қорытындылаған болатын (“Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына” // Егемен Қазақстан, 27.06.06).
Соңғы жиырма жылдың ішінде отандық ғылымда Алаш тақырыбы біршама игерілді. Бірсыпыра тұлғалардың жазған еңбектері қайта жарыққа шықты. Осы мәселеге арналған зерттеу кітаптары жарияланды. Дей тұрғанмен, бұл тақырып әлде де болса тәуелсіздік талаптары тұрғысынан жан-жақты қарастыруды талап етеді. Мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен маман тапшылығы. Яғни, архивпен, мәтінмен жұмыс істей алатын ғалымдар әлеуеті азайды. Екінші, қоғамда шаң беріп қалған тарихи зерденің салғырттық, бейқамдық үрдісі.
Әлбетте, белгілі бір кезең маманын даярлау – жоғары мектеп бағдарламасынан гөрі ғылыми мектеп бағдарламасына лайық шара. Сондықтан кейінгі жылдардағы мұра қоры мен мәтін қабаттарын білуге деген немкеттілік, немқұрайлылық Алаш тақырыбын зерттеу мәселесіне де аз зиянын тигізіп отырған жоқ.
Тарихи зердедегі салғырттық – тәуелсіз мемлекетті аяқтан шідерлейтін құбылыс. Өйткені, тәуелсіз мемлекет жаңа қоғам құру мақсатында өзінің жүріп өткен жолына, яки тарихына принциптік тұрғыда қарау керек. Қатеден – сабақ, дұрыстан үлгі алуға тиіс.
Алаш – рәміздік сөз. Алаш – ұлтты ұйыстырған ұран. Алаш – қазақ қоғамы тәжірибесіндегі жаңару мен серпілудің, білім-ғылым мен батыл ізденістің, адалдық пен тәуекелшілдіктің жарқын беті. Сол себепті Алаш тақырыбын ғылыми тұрғыдан зерделеу – жалпы Қазақстан үшін, елдің тәуелсіздік талаптары үшін әрқашан басымдық (приоритет) болып қалмақ.
Сөз жоқ, қай қоғамда болсын халық үшін киелі ұғымдарды қолжаулық еткісі келетіндер болады. Осы арқылы елді адастыратын жағдайлар да ұшырасады. Міне, мұндай келеңсіздікке ұрынбау үшін келелі де киелі ұғымдар мен құбылыстар тиянақты зерттелуі қажет. Бұл тұрғыдан келгенде де, мәселен Қазақстан қоғамы үшін Алаш құбылысының байыпты зерделенуі – тәуелсіздік пен қауіпсіздікке тікелей қатысты іс-шара кешені болып табылады.
Бүгінгі қоғамның рухани дамуы – сан салалы, сан қырлы құбылыс. Елбасы мен елшіл зиялылар жүйелі айтып жүрген мәдени мұра арқылы тәуелсіз елдің тарихи жадын жаңғырту, бекемдеу; қазақ тілін Қазақстан халқын біріктіруші құбылыс есебінде дамыту; әлемдік жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарға жаңа серпін беру секілді мемлекеттік маңызы бар істерге атсалысу – алаштанудың бағдарын айқындайтын әрі негіздейтін фактор ретінде қаралуы қажет.
Алаш идеясы – ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық-мемлекеттік идеясы болатын. Рухани-мәдени кеңістікте Алаш қозғалысы Қазақстандағы жаңашылдық пен жасампаздықтың, түп негізді сақтай отырып еуропалық бағдарда дамудың көшбасшы бағыты еді.
Тарихты білетін, ұлттың бүгінгі ілгерілеуіне жауапкершілікпен қарайтын елшіл азаматтардың баршасы «Алаш мүддесі мен идеясына адалдық – қашан да Қазақстанның саяси, рухани өркендеуі мен өрістеуінің барометрі болып қалмақ» деп санайды. 2008 жылы 26 маусымда Алаш қозғалысына қатысты ҚР Үкіметінің арнайы қаулысы шықты. Бұл – ұлттың тарих алдындағы қарызы мен парызын анықтаған үлкен дәрежедегі құжат. 2007 жылдан бері (Алаштың 90 жылдығына орай) еліміздің орталық қалаларында бірнеше ғылыми-тәжірибелік семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар өтті. Мұның басында Астана қаласы болғаны елдің абыройын көтерді, рухын асқақтатты. Биыл Батыс Қазақстанда (Жымпиты), Шығыс Қазақстанда (Семей), Астана мен Алматыда Алаштану мен Алашты танытуға байланысты елдік деңгейдегі ғылыми жиындар болды. Отандық баспасөзде Алаш тарихы мен тағылымына қатысты мыңдаған мақалалар, сұхбаттар жарияланды. Ғалымдар мұнымен шектелмей, осы тақырыпты қаузап, жинақтар мен монографиялар әзірледі. Теле-радио құралдары да аянып қалмады. Шетелдік отандастарымыз арнаулы электрондық сайттарының бір бөлігін осы тарихи Алашқа арнап қайта жасақтады.
Сонымен қоғамда Алаш
ұғымы құндылық ретінде орныға бастады. Ол елдік, тұтастық, бірлік, айбарлық деген бірнеше мәнді жинақтайды. Ел ішінде «алаш алаш болып, Алаша хан болғанда», «алты алаш», «алты сан алаш», «алаш мыңы» секілді тұрақты тіркестер ежелден айтылатын. Сондай-ақ «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деген нақыл-ұстаным да бар-тын. Бұдан шығатын қорытынды, Алаш – бұрын қазақ ұлтын жинақтайтын және серпілтетін сөз әрі қазақ этнонимінің синонимі болса, бүгін де сол деңгейде ұғынылып-байыпталып отыр.
Жалпы, тілдік негізі тұрғысынан келсек, алаштың түбіріндегі «ал» – от, қызыл, арай дегенді білдіретін ежелгі түркі сөзі. Мысалы, Алтай, алау, алқызыл, албырт, албар, аламан, алөкпе, алаң, алқап, т.б. сөздердің арғы түбі «от» ұғымына (қуат, күш, жігер, шапшаңдық, қызбалық, тегеурін, зор деген мағынадағы) барып тіреледі. Отандық зерттеушілердің Шоқан Уәлиханнан бастап Алаш ұғымын зерделегенін байқаймыз. Шоқан қазақ пен алаш ұғымдарын қатар қоя отырып («Начало народа казахов или алач...»), былай деп жазады: «У киргиз разные роды имеют свою тамгу и уран. Уран у всех киргиз есть алач». Бұдан Алаштың – елдік-мемлекеттік рәмізге айналған ұғым екені көрінеді. ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейхан бастаған ұлт қайраткерлері Алаш атын партияға да, үкіметке (ұлт кеңесі) де бергенде осы ұстанымды басшылыққа алғаны анық. Азаматтық тарихымыз үшін аса маңызды Алаш қозғалысы кезеңінде Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясының темірқазығы болды. Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес еді.
Алаш қозғалысы, біреулер айтып жүргендей тек 1917 жылы пайда болған нәрсе емес. Ол
– Ресей империясындағы қазақтың
саяси-демократиялық қозғалысының жалпы атауы. Ғалымдар арасында мұның басталуы туралы қилы пікір бар. Бірі 1902-1903 жылғы христиандыруға қарсы қозғалыстан, екіншісі 1905 жылғы Қарқаралы петициясынан, үшіншісі 1917 жылғы ақпан төңкерісінен бастауды ұсынады. Біздіңше, оның тарихи негізі Ресей отаршылдығының қазақ жеріндегі аса асқынған кезеңінен басталады. Мұны кешенді түрде қарау қажет. Ресейлік түрлі саяси партияда болған Алаш қайраткерлерінің қызметін де аталған қозғалыстан бөлек қарай алмаймыз. 1917 жылы Алаш партиясының құрылуы мен Алаш Орданың жариялануы бұл қозғалысты рәсімдеді.
Алаш партиясына келсек, ол
– 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінде құрылған қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы. Бүгінгі тілмен айтсақ, бағыты «социал-либералдық» дегенге келеді. Партия бағдарламасы осы жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланды. Бағдарлама құрылымы «Мемлекет қалпы», «Жергілікті бостандық», «Негізгі құқық», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Салық», «Жұмысшылар», «Ғылым-білім үйрету», «Жер мәселесі» атты 10 бөлімнен тұрады. Мұнда Алаштың демократиялық және құқықтық бағыт ұстанатыны анық жазылған. Партия мүшелері ел ісіне, халықаралық байланысқа адалдығын, жауапкершілігін танытты. Ұлт қайраткерлері 1930 және 1937 жылы жаппай тұтқындалғанда оларға осы партияға кіргені айып ретінде тағылды.
Осы ретте Алаш партиясына кірген және «тұтас Түркістан» идеясы арқылы қазақ бостандығы үшін күрескен қайраткерлердің еңбегін де сырт қалдыруға болмайды. 1917 жылы 27 қарашада Қоқан қаласында жарияланған Түркістан мұхтарияты (автономиясы) – тарихи Алаш қозғалысының бір құрамдас бөлігі. Мұстафа Шоқайдың бір мезгілде Алаш үкіметінің де, Түркістан үкіметінің де мүшесі болғаны біраз жайды аңғартса керек. Жалпы Түркістан мұхтарияты (автономиясы) – бүгінгі Қазақстан мақтанышпен айтуға тиіс ірі тарихи оқиға.
Алаш автономиясы
– 1917 жылдан кейінгі тарихи құжаттарда, газет-журнал материалдарында қолданылатын саяси атау. Негізі, дәл осы атаумен автономия бірден құрыла салмаған, басты күш саяси аумалы-төкпелі шақта қазақты әр елде қалдырмай біріктіруге жұмылдырылды. 1917 жылы 13 желтоқсанда Алаш Орда үкіметі жарияланған. Ал Алаш автономиясын жариялау Түркістандағы жағдайға сәйкес кейінге қалдырылған. Өйткені, қазақ қайраткерлері үшін ұлттың және жердің тұтастығы аса маңызды фактор болды. Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясы немесе Түркістан мұхтарияты 1917 жылдың 27 қарашасынан 1918 жылдың 11 ақпанына дейін өмір сүріп, соңында большевиктердің аяусыз күшімен таратылды. Бір қызығы, осы автономияның басшылығында жүрген М.Шоқай бір мезгілде Алаш Орданың да мүшесі (министрі) болып сайланды. Бұл саяси-объективті шұғыл қадам еді. Тарихи ІІ жалпықазақ съезінде (Орынбор, 1917 жыл, 5-13 желтоқсан) осы Алаш автономиясын тездетіп жариялау-жарияламау мәселесі дауысқа салынды. Көпшілік (ішінде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Ғаббасұлы, М.Мақұл, Х.Болғанбай, т.б. бар) жағдайға қарап, кейін жариялауды жақтады. Азшылық (ішінде Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, У.Танашұлы, Ғ.Жүндібайұлы, Ғ.Қараш, т.б. бар) тездетіп жарияламасақ, Түркістан автономиясына кірейік десті. М.Шоқай, Ә.Кенесары, А.Шегір қалыс қалды. Нәтижесінде Түркістан қазағын қосып алып, автономия жариялауға 1 ай мерзім берілді. Бір ай ішінде қосылу үдерісі жүрмесе де автономия жарияланатын болып шешілді. Осы үшін 1918 жылы 5 қаңтарда шақырылған Сырдария съезіне «бірігу мәселесін қозғау үшін» Б.Құлманұлы, М.Дулатұлы, Т.Құнанбайұлы арнайы жіберілді. Бұл жиында табиғи талас-тартыстан кейін Түркістанның оқығандары қосылуға ықылас танытса керек. Бірақ жағдай ауыр еді. Көзделген бір айда қосылу жайы сол күйінде өзгеріссіз қалды. Түркістан автономиясы да амалсыз жұмысын тоқтатты. Қазақ қайраткерлері автономия жариялау үшін қайта жиналған жоқ. ІІ съездің қаулысы күшінде қалып, енді ресми қағаздарда «Алаш автономиясы» деп жазылатын болды. Тіпті осындай мөр табаны да мұрағаттардағы құжаттарда сақталып қалған.
Сонымен, осыдан 94 жыл бұрын, қазақтың ертеңі не болатыны белгісіз саяси дүрбелеңге толы жылдары, ХІХ-ХХ ғасырлардың түйісінде Еуропада, Ресейде, Шығыс елдерінде университеттер мен титулды медреселерді тәмамдаған, кейбіреуі орта арнаулы білімнен кейін өз бетінше оқып жетілген ұлт зиялылары елді ұйыстыратын жаңа идеяны өмір жүзіне шығарды. Дәл айтсақ, әлемге, жалпақ жұртқа жариялады. Бұл – «күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған» жылдар мен ақыл һәм қалам еңбегінің жемісі еді. Бұл – Алаш идеясы-тын.
Ұлт тағдыры сынға түсіп, тағдыр-талай дүдәмал боп тұрғанда, «аспаннан аяғы салбырап түскен» балшебектер, яки жетесіздіктің жалауын көтергендер «қазақ жұртының тағдыры енді біздің қолда деп кеудесін қаққанда, мір оғындай сөзі бар Міржақып бүй деген:
Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып Алаш жүргенде,
Бұл күнгі көп көсемдер,
Сұраймын сонда қайда едің?
Ақыл таппай дағдарып,
Жан ашыр таппай сандалып,
Барарын қайда біле алмай,
Жүрген бір күнде сан ғаріп –
Есепсіз көп шешендер,
Жөніңді айтшы, қайда едің?
Тәуелсіз Қазақстан өткеннен сабақ ала отырып, осы және басқа да шын тарихтан сыр шертер жолдардың қадіріне жете білу керек. Қара күндер мен түндерде үміт отын жаққан, ел жүрегіне сенім ұялатқан, ұлт һәм өркениет жолында мерт болған Алаш арыстарын исі қазақ, жалпы адамзат ұмытпақ емес.
Тәубе! Біздің аталарымыз осындай болған! Алла қаласа, Сұлтанмахмұттың мына өлең жолдары ерен елордада, жаңа өркениеттің табалдырығында жаңаша байыпталып, естіліп жатыр:
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға Алаш деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!
Бұл Алаш ұранды қазақ бір халыққа біріккен ағайын-тамырды ұйыстырып, кемді толтыруға, азды көбейтуге жұмылған мына заманда «көп қараса, жоқ табылатынына» имандай сенеді.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.