16 Қаңтар, 2010

ҚЫРАН БАПТАҒАН ҚАЗАҚ

2595 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Мүлгіген далалық тыныш­тыққа, көкжиекпен көмкерілген шексіздікке, кеудені керген таза ауаға, аспанда қалықтаған қыранға, ойпаңда жортқан аңға көз-көңілі тойғысыз шетелдік саяхатшылар келуге құштар. Қыр қазақтарының тұрмыстық салт-дәстүрімен тікелей танысу тартады оларды. ЕУРОПАҒА АЯН ҚЫСТАҚ Иә, әуелі қалай болып еді ?! На­рық деген тосын құбылыс килі­гіп, құрсаулап қысқан шақ басын­дағы сол бір іс-әрекеті жұрт­ты қай­ран қалдырған. Жезқазған­дағы жылы орнын қиып, жапан дала­дағы жалғыз қыстаққа жөнеп бер­гені таңсық-ақ жай болатын. Кейін­гі өмірін күрт өзгерткен осы оқиға ойға оралғанда жалаң тәуе­кел­шілдік емес, жаңа уақыт тыны­сын, заман ағымын демде аңдаған көкірек көрегендігі көзге ұрмай қоймайды. Қазір еске алса, сол кезде аб­ды­рап-абыржыған көптің ортасы­нан суырылып шығып, бұрын-соңды белгісіз, таныс емес шаруаға кіріскендегі аяқты кері тартқан, талпынысты тайдырып баққан талай кедергі, келеңсіздікті қалай болғанда да еңсеріп-жеңіп шығуы белес биігіндей. Әр адам бойындағы қарым-қабілет жарқырай көрініп танылатын шақтар болады ғой. Әсіресе, сындарлы кезеңдегі жөні өзгеше. Ол соны­сымен ыстық оған. Еңбек пен ақыл қосталса қандай да мақсат алынбай қалмайтындығын осы кісіге қатысты айтудың артықтығы жоқ. Бұдан тура жиырма жыл бұрын шаруа қожалығын құрғанда өзгелердей еншіге тиген, соған сүйенерліктей ештеңе жоқ еді қолында. Қаладан ауылға ауысқан адам­ға қырын қабақ, қызғаныш бір жағынан жабыс­қан-ды. Жергілікті шенеуніктермен айқаса-жұлыса жүріп, табан­дылығы мен біліктілігін алға тосып, жиған-тергенін шаруа басын құрауға салып біртіндеп әлдене берген. Азын-аулақ құнажын, қойдан, жылқы­дан қара ұлғайған түлік өсірумен қоса басқа істер өрбітілген. Келе аудан орталығы Ақсу-Аюлыда дүкен, кафе ашылып, өнім өткізу мәселесі де шешілді. Ниет­тес­тері басы қосылып, шаруашылық ауқымы одан сайын салмақтанды. Қотыр Қызылтаудың төсіндегі кешегі елсіз қыстақ бүгін­де күнделікті тіршілік қамы қыз-қыз қайнаған, келгенді қызықтырарлықтай мекен. Кәдімгі қаладағы­дай жарығы жарқыраған, ыстық, суық суы шүмекті бұрап қалса құйылған, әлемнің бар жаңалық-оқиғасы қабырғаны тұтас көмкерген теледидардан жайылған үш үй іші-сырты сәнді-ақ. Ең аяғы моншаға дейін дайын тұр. Мұны да былай қойғанда, келімді-кетімді кісілерге арналған мейманхана есігі әрдайым ашық. Арқаның қиян түкпірінде осындай қыстақ пайда болуы еліміз бейнесінің қандайлық өскенін паш етерлік құбылыс десек, соның тамаша көрініс-үлгісі тақырыбымызға ар­қау Тілеуқабыл Есенбеков сынды азамат еңбегінің мәуелі бір жемісі. Ол жақсылық-шарапаты өз төңірегі ғана емес, алысқа төгілген жан тұрғысында аймаққа аян. Осыдан біраз жылдар алдында Жаһандық экологиялық қор мен Дүние­жүзілік банктің “Қуаң жерлерді басқару” жоба­сын іске асыруға Шет ауданын таңдап алуына ықпалы аз тимеді. Өңірдің шөлге айналуын, далалық экожүйе­дегі биоло­гия­лық бұзылуды тежер бұл шараға қамтылар аумақты белгі­леу­де шетелдік мамандарға білгір кеңесші ретінде таныл­ды. Жер жағдайына, табиғат ерекшелігіне қанық­ты­ғына сүйеніп, қалпына келтірілетін алқаптар­ды анықтас­ты. Бұл жұмыстар арқасында өңір шырайы­ның құлпырып, жайнап-жасана бастауы көңіліндегі орындалған үлкен арман. Одан кейін БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бойынша екі шаруа қожалығына жел диір­менін алып беруге септік етті. Электр қуатын өндіретін қондырғының игілігі жапанда мал баққан жандарға өлшеусіз болып отыр. Жә делінгенде, бұлар Тілекең тынымсыз іс-ізденіс­тері­нің мұхит бетіндегі мұзтауының бір сілемдеріндей ғана. Ал тыңнан тауып, әзірге ешкім қаперіне кіре қоймаған жаңаша жұмыс тәсілдері қаншама. Атала берсе таусылмастай. Мәселен, этнографиялық-экологиялық туризмді қалыптастыруға із салушы екенін айтпай өте алмайсыз. Жоғарыда аталған қыстақ бір жағынан соның орталығы іспеттес. Мұнда мүлгіген далалық тыныш­тыққа, көкжиекпен көмкерілген шексіздікке, кеудені керген таза ауаға, аспанда қалықтаған қыранға, ойпаңда жортқан аңға көз-көңілі тойғысыз шетелдік саяхатшылар келуге құштар. Қыр қазақтарының тұрмыстық салт-дәстүрімен тікелей танысу тартады оларды. Оларға еуропалық күтім-қызмет талабына сай бар­лық жағдай жасалып қойылған. Жуасыған мініс аттары­на қонып, қолдарына бүркіт ұстап, соңдарынан тазы ертіп, өмірде көрмеген қызықтарына батып қалып жата­ды. Тіпті қымбат уақыттарын тәрік етіп, осында аунап-қунап қайтқан Жапония, Германия, Австрия, Словения мемлекеттерінің елшілері де бар. “Қонақжай халықпыз ғой. Барымызды жаямыз. Мақ­сат пайда табуда емес, ұлттық бітім-ерекшелік­тері­мізді, еліміз мәдениетін таныту”, дейді ол. Сонымен, Тілекеңнің бұл шаруақорлық, ізденгіштік іздерінің қысқа қайырым жақтары. Сонда да бастағанын аяқтамай тынбасқа деген қасиеті осы мысалдардан айқын көрініп тұрған жоқ па. Көп сөзге жоқ ағамыз сөзді осымен доғарғандай ма еді, әңгіменің қалың қауымға мәлім сүйікті машығына ойысуын өтіндік. Үнсіз қала алмады. Қараторы жүзі әп-сәтте нұрланып, тұғырға міз қаққысыз қонақтаған құсына қарап қойып, сауырынан сипап өтіп, ығымызға жығыла берді. Енді алдымыздағы фермеріміз басқа қырынан танылып сала берді. ҚҰСБЕГІЛІК ЕНДІ ТАҢСЫҚ ЕМЕС Бірден ашығын айтқандай, саятшылыққа жасынан жаны құмар болып өсіпті. Толағай, Ортау, Қотыр Қызыл­тау, Бұғылы-Тағылы етектерінде ежелгі әдіспен аңшылық құрар кешегі құсбегілердің көзін көріп қалып­ты. Қанында ойнаған сол дәстүрді қайта оралтып, дәріп­теу шаруа­шылық түзелген бетте қолға алынады. Бірақ қалай, неден бастау керек. Үрдіс үзілген. Ертедегі елес­тей ешкім есінде жоқ. Еміс-еміс болмаса өзі де қыр-сыры­на қанық емес. Әйтеуір тәуірі, Алматы жақта ұмытылмаған екен. “Соны естігеннен-ақ байыз тауып отыра алмай Кегенге аттан­дым. Іздегенім Әбілхақ Тұрлыбаев пен Сәрсебек Дәулетбеков ақсақалдар еді. Арқадан ат сабылтып кел­ген­дегі бұйым­тайымды айттым. Бастапқыда таң қалыс­ты. Сосын сүйсініс білдірді. Айға жуық қастары­нан қалдырмай аңшылық құс баптаудан бастап, қоян, қар­сақ, түлкі, қасқырға дейін шүйліктіруді үйретті” деп сөз жалғастырған Тілекең Ойсары атты бүркітінің суре­тін көр­сетіп өтті. Сөйткенде мұның да өзіндік сыры бар көріне­ді. Қай­тарында Сәрсекең ырым ретінде сыйға тартыпты. “Еліне құсбегілік өнер қайтсын” деп беріпті. Ырымы қырын кетпепті. Екіжақты байланыс мұнымен шектелмейді. Ол қос тәлім­герін ата жолымен ауылына шақырады. Құсбегі­лікті үйренуге ынталы жастарды жандарына үйіреді. Бұл күнде құсбегілердің жер-жердегі сайысында Шеттің атағын дүң­кілдетушілердің дені алматылық ұстаздары­ның шәкірт­тері санайды. Сол кезде әкесінің етегіне жар­масып, үйрену­ші­лермен бірге тұлымшағы желбіреп жүгі­ріп жүретін кіш­кене қыз Мақпал Әбдіразақова бүгінде алысқа әйгілі құс­бегі. Соған із салған, қастерлі дәстүрдің түлеуіне ұйытқы бол­ған Тілеуқабыл ағаларының шапағаты үлкен деп біледі бәрі. Есімізде бұдан аттай он бес жыл бұрын Ақсу-Аюлы­да жұрт бұған дейін қызықтап көрмеген әдеттегіден өзгеше жүрекке ыстық жарыстың өткені. Бұл құсбегі­лердің халық­аралық сайысы болатын. Халықаралық десе делінген­дей, сонау Австрия, Германия, Венгриядан кел­ген құсбегілер де қырандарын жетісулық, керекулік, көк­шетаулық, ақмола­лық, қарағандылық бәсекелес­тері­мен аңға қатар қосып, саятшылық құмарларын әбден тарқатқан-ды. Содан соң-ақ мұндай сайыстар әр жерде дүрілдеп сала бергені мәлім. Соның ұйымдастырушысы Тілеуқабыл Есенбеков екенін әрі айтулы құсбегілігін білген шетелдік мейман­дар өз елдеріне шақырту жібереді. “Алдымен Австрияға жолым түсті. Мұнда бүркітпен саятшылық құруды тәуір көретіндер аз болмай шықты. Ала барған киіз үйімді Альпі тауының баурайына тігіп тастап, аңшылыққа қо­сыл­дым. Киіз үй бір,   дала бүркіті екі естерін алған жаңа достарым кейіннен ұлттық мұрамыз туралы деректі фильм түсіртіп, байырғы қастерлі дәстүрімізді бүкіл Еуропаға аян етті”, деді сөз арасында сол сапарды еске түсірген ол. Кейде, өкінішке қарай, жақсы басталған істердің жібі босаңсып, мәні қойыртпақталып кететіні кездеседі. Мұның осынау әңгімеге байланысы бар. Расында қазір құсбегілік өнер өрлеп тұрғандай. Қырандарын сайлаған саятшылар арасында сайыстар жиі өтіп жүр. Алайда жасаңдылық жағы басым болып бара жатыр ма деп ойлайсың. Торда тыпырлаған қоянды төбеден төмен қоя берген бетте дайын тұрған бүркіт іле іліп түседі. Бар қимыл-әрекет осы ғана. Абай жырлағандай тастан түлкі табу, сағадан сымпың қа­ғып із шалу, көктен сорғалап құйылу, жарқ-жұрқ етіп екеу­ден-екеу айқасу сірә, қайта­ландыра алмас көрініс болар. Дегенмен сәл де болса сондайлыққа жуыстыруға мүмкіндік бар шығар. Бұл Тілекең көкейіндегі де ой екен. “Шын құс­бегіге ондай оңай жол жараспайды. Сайыс ере­жесін қатаң­дату, өткізілу тартымдылығын қызық­тан­дыру жө­нінде Туризм және спорт министрлігіне ұсыныс-пікір­лерімді жібергеніме біраз жыл болды. Содан бері ешқандай хабар жоқ. Ресми сайыстар бұлайша жал­ғаса берсе құсбегілік өнердің сәнін де, мәнін де жоғалтып алары­мыз анық” деген алаңдаушылығын жеткізе кеткіміз келеді. Фермерлік іскерлігі, құсбегілікке сүйіспеншілігі баян­дағанымыздай болса, айтпақшы, айналып өтпес тағы бір өнерлі қыры бар екен-ау. Сөз кезегі сол жөнінде. МӘДИДІҢ ЕРІ Тілеуқабыл ағамыз қасқыр ішікті иыққа іліп, қызыл түлкі тымақты басқа қондырып, жалпақ күміс кісені буынып шығар сәттерде тіпті көріктеніп кетеді. Сон­дай­д­а астындағы жазаң сары жорға, қолындағы маза­сызданған қыран тұлғасына одан сайын жараса­ды. Жарқы­раған ермен, шебер өрілген өмілдірік, жүген, құйысқанмен безендірілген жорға иесінің сәніне сайлық танытқандай паңданып тұра қалатынын қайтерсіз. Көзіне үкіленген томаға жабылған, ағаштан оюланған өрнекті балдағы көз тартқан, балақбауының өзі көркем әсем­ден­дірілген бүркіт тәкәппарлана түседі. Жануар екеш жануар да әдемілікті жақтыратынын қараңызшы. Біреу білмес, біреу білер бұл әбзелдердің бәрі Тілекең өзінің қолынан туған дүниелер. Қолы қалт еткенде қайыс­тан, былғарыдан, талыс пен тарамыстан, ағаштан саят­шы­лық бұйымдарын жасау және сүйікті машығы дер едік. Осынау өнер әкесінен қоныпты. Соғысқа дейінгі кезде Есенбек отағасы айналасына танымал қол шебері болған. Әттең, майданнан оң қолынан айрылып қайт­паған­да одан еріксіз қол үзбес те ме еді. Сөйтсе де баласына үйретіп кеткен. Енді әулетке тараған. Тілекеңнің ұлдары Абай мен Адай да ата өнеріне берік. Тілекеңнің ескі жәдігерлерді жинайтын да ғадеті бар. Солардың ішінде ең қымбаттысы, әйгілі Мәдидің ер-тоқымы. Шешесі жағынан нағашылығы бар бабаның ұрпақтары әкеліп тапсырған. Ол әбден ескіріп, шашы­лып қалған күйінде қолға тиген. Кезінде Қарқаралы қазақтарының ері қаз мойынды қасты болуынан, қасын қайыңның безінен жасайтындығынан таныпты. Бірнеше ай тірнектеп жинап, құрастырған ер қазір үй төрінде жарқыраған қалыпта сақталып тұр. Халқымызда кісілік деген үлкен ұғым бар. Міне, Тілеу­­қабыл Есенбеков кісілігі жайлы аз-кем сыр осындай. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы, Шет ауданы, Тасбаз қыстағы.