Биылғы оқу жылында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 5741 студенті педагогикалық және өндірістік тәжірибеден өтпек.
Бұл білім ордасы жыл сайын сан мыңдаған мұғалім атты ұрпақ тәрбиешілерінің қанатын қатайтып ұшырады. Студенттердің киелі мамандықты иеленіп, нағыз кәсіп иесі болмаққа үйретудің шартты жолы – педагогикалық тәжірибе болса керек. Биылғы оқу жылында жалпы саны 5741 студент педагогикалық және өндірістік тәжірибеден өтеді. Жақында осы орайда университетте «Қазіргі мұғалімді даярлау жүйесінде педагогикалық практиканың алатын орны» атты бағдар беру конференциясы болып өтті. Конференцияны университет ректоры Динар Нөкетаева сөз сөйлеп ашты. Ол жалпы ұстаз мамандығының қадір-қасиетін тілге тиек ете отырып: «Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында жастар мәселесі мен олардың білім алуына ден қойып отырады. Онда Елбасы: «Сапалы білім мен ғылым болған кезде ғана Қазақстанның келешегі жарқын. Ең алдымен жастардың білімге және ғылымға парасаттылық көзқарасын өзгертетін уақыт жетті. Бізге халықаралық деңгейде бәсекелесуге қабілетті жан-жақты мамандар қажет», деп көрсеткен-ді. Осы талапқа сай студенттер әлемдік деңгейде, алаңсыз білім алуы үшін жағдай жасалып жатыр. Бүгінгі таңда сіздер мен біздер өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында еңбек етуіміз керек. Ал студенттер осы жауапкершілікті мемлекеттік практикада бала тәрбиесінің қыр-сырын, сөйлеу және қарым-қатынас жасау мәдениетін үйреніп шығуы тиіс», – дей отырып, болашақ маман иелеріне сәттілік тіледі.
Іс-шара барысында педагог маманына жан-жақты тәжірибе беру мақсатында дәрістер оқылып, психологиялық тренингтер, панорамалық сабақтар мен психопортрет көрсетілді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
Алматы.