Түркия премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоған Араб мемлекеттерінің лигасы мәжілісінде ерекше шабытпен сөз сөйлеп, жиналғандар дүркін-дүркін қол шапалақтап отырған. Ол сөзінің негізгі бөлігін Таяу Шығыс проблемаларына, оның ішінде Палестинаның тәуелсіздігіне арнаған.
Ердоғанның пікірінше, Палестина мемлекетін 1967 жылғы шекара шебінде халықаралық тану – ол мүмкіндік емес, қажеттілік. Осыған байланысты Түркия премьер-министрі әлемнің барлық елдерін БҰҰ Бас Ассамблеясының мәжілісінде Палестинаның өз тәуелсіздігін тану туралы тапсырысын қолдауға шақырды. Сонымен қатар, ол Израиль тарапын аяусыз сын тезіне алды.
ЛАҢКЕСТІКТЕН 17 АДАМ ОПАТ БОЛДЫ
Кеше Ирактың орталығы мен батысында кем дегенде 17 адамның өмірін қиған лаңкестіктер жасалды. Қаза тапқандардың арасында 5 полиция қызметкері мен 2 солдат бар. Сондай-ақ, Медатия мен Хаббания қалаларындағы жарылыстардан, әйелдер мен балаларды қоса алғанда, 50 адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Алғашқысында қаладағы көпшілік жиі баратын мейрамхана жанына қойылған мәшине жарылса, екіншісінде жергілікті әскери базаға бағыт алған солдаттар мінген жүк мәшинесіне жапсырылған «жабысқақ-бомба» іске қосылған. Осымен бір мезгілде қарулы жасақ Бағдадтың Кахира ауданындағы полиция бөлімшесіне шабуыл жасаған. Екі құқық қорғау органының қызметкері атып өлтірілсе, біреуі жарақаттаныпты.
ӘСКЕРИ ҰШАҚТАР ТАУҒА СОҒЫЛДЫ
Тайваньның ұлттық қорғаныс министрлігіне қарасты екі жойғыш ұшағы жаттығу ұшулары кезінде тауға соғылып, апатқа ұшырады. Ұшақтар бортындағы ұшқыштардың үшеуі де қаза тапқан. Ұшақтардың бірі екі орындық F-5F болса, екіншісі RF-5E маркалы барлаушы-ұшақ екен.
Тайвань қорғаныс министрлігінің өкілі полковник Дэвид Лоның айтуынша, аталған америкалық ұшақтар ел әскери-әуе күштерінің сапында 1970 жылдардың ортасынан бері тұрған көнерген ұшақтар көрінеді. Қазіргі кезде Тайвань әскери-әуе күштері қатарында 60 Ғ-5, жергілікті 126 жойғыш ұшақ,146 Ғ-16 және 56 франциялық жойғыш ұшақ бар екен.
ӘУЕ АППАРАТЫН ЖОЙЫПТЫ
Танылмаған Таулы Қарабақ республикасының әскери қызметкерлері Әзербайжанның ұшқышсыз ұшатын барлаушы-ұшағын жойып жібергенін жария етті. Ұшақтың қандай жағдайда атып түсірілгені әзірше белгісіз. Сондай-ақ әуе аппаратының моделі туралы да ештеңе айтылмайды.
Ал Әзербайжан билігі тарапынан аталған ақпаратты не қуаттаған, не теріске шығарған мәлімдеме де түсе қойған жоқ. Мұның алдында Әзербайжанның Израильде шығарылған барлаушы-ұшағы Қарабақ шекарасы периметрі бойынша оқтын-оқтын ұшып тұрады деп хабарланған болатын. Бұл мәлімдеменің де өтірік-шыны беймәлім.
ЕҢ БАЙ ЕЛДЕ 46 МИЛЛИОН КЕДЕЙ БАР
2010 жылдың қорытындылары бойынша, кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан америкалықтардың саны 46 миллион адамнан асып кеткен. Бұл туралы АҚШ статистика бюросының ресми есебінде көлденең тартылады. Бір жыл ішінде елдегі сіңірі шыққан кедейлер саны 2,8 миллион адамға көбейген.
Бұл – Құрама Штаттарда, тұтастай алғанда, тұрғындардың 15,1 пайызы сіңірі шыққан кедей деген сөз. Статистика бюросының мәлімдеуінше, елдегі кедейлер саны АҚШ-тың рецессия жағдайынан шыққанына қарамастан ұлғая түсіп отыр және бұл үдеріс соңғы 4 жыл бойы анық байқалуда. Оның үстіне кедейлік деңгейі бақылау жүргізіліп келе жатқан соңғы 52 жыл ішінде ең төменгі сатыға құлдыраған.
«ОЛИМПИЯЛЫҚ» САУДА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Алдағы жылы Англияның астанасы – Лондон қаласында кезекті Жазғы Олимпия ойындары өтетіні белгілі. Осы айтулы оқиғадан 1 жылға жуық уақыт бұрын Лондонда жарыстар өткізілетін болашақ Олимпия бағына өзіндік бір кіреберіс болатын сауда-ойын-сауық орталығы (СОО) ашылды.
СОО-ның жалпы алаңы 177 мың шаршы метрді құрайды. Кешенде 300-ден астам дүкен, 70 мейрамхана, 14 залы бар кинотеатр, 3 отель, Ұлыбританиядағы ең ірі казино мен 5 мың мәшинеге арналған автотұрақ орналасқан. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 2,3 миллиард долларды құраған. Осылайша СОО Еуропадағы қала шегінде орналасқан ең ірі нысан болып тарихқа жазылды.
Қысқа қайырып айтқанда:
Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында екі пойыздың және жолаушылар автобусының қақтығысуынан апат болды. Оқиға салдарынан 7 адам көз жұмса, 160-ы түрлі деңгейде дене жарақаттарын алған. 20 адамның жағдайы өте ауыр көрінеді.
Американың экс-президенті Джимми Картер Палестина автономиясының БҰҰ-дан өзінің тәуелсіздігін тануды талап етпекші болып отырған ниетін мақұлдайтынын мәлімдеді. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон болса, Палестина жағын тәуелсіздігін танытуға талпынысынан бас тартуға шақырып отыр.
Қытайдың Хэнань провинциясындағы Гуньи қаласында балтамен «қаруланған» жергілікті тұрғын балалар бақшасының тәрбиеленушілеріне дүрсе қоя берген. Қылмыскердің ессіз шабуылынан 4 адам қаза тауып, екеуі жараланған. Көз жұмғандардың үшеуі – ата-аналар, біреуі – сәби.
Белоруссияның ұлттық банкі кешеден бастап ұлттық валютаны «еркін жүзуге» жіберген болатын. Артынша беларусь рублі валюта сауда-саттығының қосымша сессиясында «етпеттей жығылды», яғни қатты құнсызданып шыға келді. Сөйтіп, қазір 1 АҚШ долларының құны 8,6 мың жергілікті рубльді құрап отыр.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.