15 Қыркүйек, 2011

Заң жобалары мақұлданды

383 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, күн тәр­тібінде төрт мәселе қаралды. Депутаттар сондай-ақ қалып­тас­қан дәстүрге сәйкес, өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын жолдады. Тито Сыздықов өз сауалында жеке мектептерде орта білім беруде мемлекеттік қаржыландыру мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, терең білім беруі тиіс жеке мектептерде орта тап өкіл­де­рінің балалары оқи алмайды. Мұндағы оқу ақылы бол­ған­дық­тан, оның бағасы шарықтап тұр. Осыны алға тартқан Т.Сыздықов жеке мектептердегі оқу бағасын қолжетімді ету үшін олар мемлекет тарапынан қаржылан­ды­ры­луы тиіс деп есептейді. Мұндай тә­жірибе АҚШ және Еуропа елдерінде ХІХ ғасырдан бар болса, көршілес Қытайда жеке мектептер барлық салықтардан босатылған. Осы ретте оқушы күнделігі мәселесін көтерген Бекболат Тілеухан өзімен бір күнделікті де ала келіпті. Сыртында АҚШ-тың «Азаттық мүсіні» бейнеленген күнделікті әріптестеріне көрсете отырып, депутат оқушы санасын өзге елдердің құндылықтарымен ластауға болмайтындығын ескертті. Б.Тілеуханның айтуынша, күнделік ішінде мемлекеттік мерекелер қатарында Құрбан айт мерекесі жазылмаған, ал мемлекеттік Әнұранға күнделік соңынан орын тиіпті. Оның үстіне мұндағы мәліметтердің дені ресми тілде жазылған. Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат баспагерлерге нақты ұсыныстармен шығулары қажеттігіне назар аудартты. Жер телімдерінің жетіспеушілігіне қатысты сауалында Сағын­дық Тұрсынов қазіргі таңда Астана қаласында осы мәселемен 70 мың адамның кезекте тұрған­ды­ғынан хабардар етті. Өкінішке қа­рай, оларға тегін берілуі тиіс жер телімдері болмай отыр. Тиісінше жарнамаларда жер телімдерін сатамын деушілер жетіп ар­тылады. Жеке немесе заңды тұл­ғалар атында гектарлаған жер телімдері бар. Ақмола облысы Целиноград ауданының Қонды елді мекенінде жер телімі 5 мың дол­лар тұрса, Тайтөбе, Ильинка және Қосшыда 10 сотық жер телімі 8-10 мың доллар шама­сында. Осыған орай депутат Астана ай­на­ласындағы жерлердің кімге қан­шасы тиесілі екенін және олардың қандай сомаға сатып алын­ғанын тексеруді сұрады. Күн тәртібіне қойылған мә­се­­лелерді қарау кезінде «Энер­гия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» және оған ілеспе заң жобалары қо­рытынды әзір­леу үшін айна­лым­ға алынды. Бұл міндет Экология мәселелері және та­биғат пайдалану комитетіне тапсырылды. 2007 жылғы 6 қазандағы «Кеден одағының комиссиясы тура­лы шартқа өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жо­басы бойынша баяндаманы Сырт­қы істер министрінің орынба­са­ры Қайрат Сарыбай жасады. Хаттамада Кеден одағының комис­сия­сы жекелеген мәселелер бой­ын­ша тараптардың ұсыныстарын қарау, келісу, сондай-ақ комис­сия­ға тиісті ұсынымдар дайындау үшін үйлестіруші және консультативтік органдар құру көз­дел­ген. Комиссия шешімі жария­лан­ған­нан кейін отыз күн өткенде күшіне енеді, ерекше жағдай­лар­да жарияланған шешімнен бұ­рын емес мерзім белгілеу мүм­кіндігі қарастырылған. Депутаттар заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Келесі мәселе үкіметтік емес ұйымдарға қатысты болды. «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед таныс­тыр­ды. Министрдің айтуынша, заң жобасы мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырыс жүйесін түпкілікті өзгертуге арналған. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мониторинг жүргізу қарастырылса, оған отандық және халықаралық ұйымдар тартылып отыр. Сон­дай-ақ заңдық құжатта Үкі­мет­тің, уәкілетті және мемлекеттік органдардың құзыреттері нақты белгіленіпті. Бұрындары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды бір министрлік беріп келсе, енді оны әр ведомство өз құзыреті шеңберінде жүзеге асыра алады. М.Құл-Мұхаммед мұндай тә­сілді өте дұрыс деп атап өтті. Қа­зіргі таңда бюджетте үкі­мет­тік емес ұйымдар тарапынан әлеу­меттік жобаларды қаржы­ландыруға 2 миллиард теңге бөлінсе, ол са­лалық министрліктерге нақты аударылғаны белгілі болып отыр. Бірқатар сұрақтардан кейін депутаттар заң жобасын қолдау керек деген ұйғарымға келді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.