16 Қыркүйек, 2011

«Шуақты күндер»

610 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Еуразия-2011» кинофестиваліне қатысатын қазақстандық фильмдердің бірі осылай аталады Алдағы дүйсенбі, яғни 19 қыр­күйекте кезекті «Еуразия-2011» ха­лық­ара­­лық кинофестивалі бас­тал­­мақ. Міне, осы фести­валь аясында үш бірдей картина отандық кине­мато­гра­фия­ның қарымын көрсе­те­тін бо­лады. Оның бірі – режиссер Нариман Төре­ба­евтың «Шуақты күн­дер» фильмі. Алдымен осы арада, тамыз айы­ның бел ортасынан бері Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» кино­сту­дия­сында БАҚ өкілдері үшін «Еуразия» фестиваліне қатысатын кар­тиналардың көрсетілімі жүріп жат­қанын айта кетелік. Сол фильмдерді біз де арнайы барып тама­ша­ла­ған едік. Нариман Төребаевтың «Еуразия» кинофестиваліндегі еншісі қан­дай болатындығы туралы алдын ала сәуегейлік айту қиын. Дегенмен, ре­жиссердің бұл фильмі жаз айында Локарно қаласында өткен 64-ші ха­лықаралық кинофестивальде тәуел­сіз сыншылардың «Premio Boccal­lino» жүлдесімен марапат­тал­ғанын айта кеткен жөн. Иә, Локарнодағы кинофести­валь­­­дің конкурстық бағдарламасына қа­­тысқан «Шуақты күндер» фильмі киносыншылар тағайындайтын ар­нау­лы жүлдені 11-ші болып иемден­ген болатын. Он жылдан бері отандық ки­не­матографияға қа­ры­мы жеткенше өз үлесін қосып жатқан режис­сер­дің дәп осы фильмі – жалғыздық ту­­ра­­­лы десек те бо­­­лады. Кино­туын­ды мы­на өмірдегі елеусіз бір жанның туған күні ал­дындағы күндерін ба­яндайды. Оны ешкім атымен ата­май­ды. Оның ешкімге де ықпалы жоқ. Өз өмірі үшін күресіп те, тіпті күреспей де жүр­ген сияқты көрі­не­тін адам – айна­ласындағыларға кіріптар. Бұл жал­ғыздық ғана емес, адамдардың өмір­ден алғанынан берері көп екендігі жайлы да кәдуілгі оқиға. Ай­налдырған бірнеше күн­нің ішінде ол жалғыз досын да, сүй­ікті қызын да жоғалтып үлге­ре­ді. Қарызға белшесінен батқан бей­бақ пәтерінен де айырылып қалу­дың аз алдында тұр. Осыған қай­ғы­рып, азап шегіп жат­қан кейіпкерді де көрмейсің. Екіұ­дай болып аяқ­талатын картинадағы жігіт тереңге тартқан тіршіліктің түйткілдерін жеңіп шыға ала ма? Неге осындай сүреңсіз оқиғаға режиссер «Шуақ­ты күндер» деген атау берді екен? Еуропадағы киносыншылардың назарына іліккен бұл кинотуынды солардың болмысына жақынды­ғы­мен де көзге түскен болар деген де ойға келесің. Бәлкім, біз мына ә­р­кім өз арбасын сүйретуге көшкен ала­са­пыран өмірде жалғыздық дейтін «дерттің» белең алып келе жат­қа­нын байқамайтын да болар­мыз?! Қатардағы пенделердің өмірін кино тілімен жеткізуге ұмтылатын режиссердің «Кішкентай адамдар» атты фильмі де осыдан 6-7 жыл бұ­рын ауызға ілігіп, киносын­шылар тарапынан жап-жақсы бағаланға­нын білеміз. Ол лента да Шот­лан­дияның Эдинбург қаласында өткен кинофестивальге қатысқан бола­тын. Сонымен «кезекті «Еуразия» ки­нофестивалінде бақ сынағалы отыр­ған қазақ картинасында басты рөлді Ерлан Өтепбергенов орын­дай­ды. Басқа рөлдерден Гүлжан Қалыбаева, Дмитрий Скирта, Іңкәр Әбдіраш, Төлепберген Байсақалов, Ерболат Тоғызақов, Әсел Қалиева, Оңдасын Бесікбаев сынды актерлерді көреміз. Қысқасы, киноқоржынына 2000 жылы «Романтика», 2001 жылы «Ан­тиромантика», 2003 жылы жо­ға­ры­да­ғы «Кішкентай адамдар» жұ­мыс­та­рын салған Нариман Тө­ре­ба­ев­тың «Шуақты күндеріне» табыс тілейік! Айнаш ЕСАЛИ. –––––––––––– Суретте: режиссер Нариман Төребаев. Алматы.