16 Қыркүйек, 2011

Он алты қыз ел намысын қорғауда

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сәрсенбі күні Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде 21 жасқа дейінгі қыздар ара­сындағы қол добынан ХІ Азия чемпионаты бас­тал­ған еді. Дәл осы турнирде топ жарған командалар келер жылы Чехияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады. Қазақстанда өткен чемпионат шымылдығын Жапония мен Тайпей құрамасы ашты. Түстен кейін Гонконг пен Корея құра­масы ортаға түсті. Әуелі біздің жерлестеріміз Өзбекстан құра­ма­сымен сынға түсті. Азия ау­мағындағы спорт додасында 16 гандболшы қызымыз ел на­мы­сын қорғауда. Ал Азия чемпио­на­тының ресми ашылуы қыр­күй­ектің 16-сы күні Балуан Шо­лақ атындағы спорт сарайында өтеді. Чемпионат 20 қыркүйекте мәреге жетеді. Яғни, келесі сейсенбіде қыздар арасындағы Азия чемпионы анықталады. Қазақстан құрамасы қол до­бынан бұған дейін үш рет Азия чемпионы атанған болатын. Құ­рама команданың аға жаттық­ты­рушысы Мәжит Кәрменұлының айтуынша, қыздар бұл жолы да чемпиондық биіктен көрінуге тырысады. Дегенмен, 2002 жыл­дан бері қарай ғана отандық гандболдың бағы жана бастады деуге болады. Бұған дейін де бізде федерация болған. Бірақ, ол ешқандай халықаралық ұй­ым­дардан қолдау таппаған еді. Федерацияның президенті Гүл­нар Тұрлыханова алдымен фе­дерацияның заңдық-құжаттық нор­маларын реттеуді қолға ал­ды. Аймақтық федерация бө­лім­дері жұмыс істей бастады. Бізді Азия мойындай бастады. Алма­тыда жарыс өткізу құқығына ие болдық. Өз жерімізде Азия чем­пионы атандық. Енді міне, Алматыда жалау­ын көтеретін 21 жасқа дейінгі қыз­­дар арасындағы Азия чем­пио­на­тында Қазақстан құрамасы ақтық сынға шығу үшін барын салатын болады. Бұл жарысқа Азия елде­рінің 8 командасы қатысуда. – Біздің құраманың сапында 16 спортшы өнер көрсетеді. Спортшыларымыз бабында. Чем­пионат барысында финалда ой­ын көрсету басты мақсатымыз, – деген болатын аға жаттық­ты­рушы. Ал баспасөз мәслихаты кезінде Қазақстан гандбол фе­дерациясының президенті Гүл­нар Тұрлыханова: «Азия чем­пио­натын елімізде өткізудегі мақ­сат – салауатты өмір салтын, гандбол спортын насихаттау, ко­мандалардың деңгейін көтеру. Бізге гандболдан Азия құрлы­ғын­дағы көшбасшы ретінде осы биік деңгейді ұстап тұру тап­сы­рылған. Сондықтан гандболды дамыту, насихаттау, осындай ха­лықаралық деңгейдегі шаралар­ды өткізу басты мақсатымыз», – деді. Оның айтуынша, Азия чем­пионаты Қазақстанда өтетін ганд­бол сайыстарының соңы емес. Алдағы 2-6 қараша аралығында бұдан да ірі шара – Халық­ара­лық гандбол федерациясының кубогы үшін сайыс өтеді. Ай­ту­лы додаға төрт құрлықтың ко­ман­далары қатыспақ Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.