24 Қараша, 2016

Турнир жеңімпазына – 10 миллион теңге

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде қазақ күресінен өтетін «Еуразия барысы» халықаралық турниріне арналған баспасөз мәслихаты болды. Бұл турнир биыл төртінші рет, 1 жел­тоқсан күні Алматы қаласында өтеді. Баспасөз мәслихатына «Қазақ­стан барысы» қазақ күре­сін дамыту қоры қамқор­шылар кеңесі­нің төрағасы Арман Шораев, осы қордың атқару­шы директоры, Қазақ күресі феде­рациясының вице-прези­денті Сәрсен Құранбек пен тү­йе ба­луан Бейбіт Ыстыбаев қатысты. Онда А.Шораев тур­нирдің дайындығы туралы баяндады. Сонымен бірге, ол Қазақ­стан командасының құрамы тур­­нирге бірнеше күн қалғанда анықталатынын, «Еуразия барысы» турниріне дейін қалған он күн ішінде қос құрамдағы балуандар Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізетінін айтты. Ал С.Құранбектің айтуынша, осы жылы жарысқа қатысушылар қатарында аты әлемге әйгілі балуандар аз емес. Грузия құрамасының сапында самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Вахтанг Чидрашвили, екі дүркін Еуропа чемпионы Давид Лариошвили мен әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері бар. – Биылғы сынға Моңғолия командасында самбодан әлем чемпионы А.Баяраа, дзю­додан әлемдік гран-при турнирлерінің бірнеше дүркін жүлдегері Х.Ганболд келеді. Осы елдің құрамында 2014 жылы «Еуразия барысы» атанған спортшылар да бар. Турнир өте қызықты және тартысты өтеді деп отырмыз. Өйткені, басқа елдердің палуандары да жерге қарап қалмайтын спортшылар. Олардың арасында ұлттық жекпе-жек түрлері, соның ішінде күрес, белдік күрес және тағы басқа да күрес түрлерінен әлем чемпионы атағын иеленген балуандар көп, – деді ол. Жиында А.Шораев «Еура­зия барысының» жүлде қоры 20 миллион теңге болатынын, турнирдің жеңімпазына 10 миллион теңге, екінші орын алған балуанға 6 миллион теңге, үшінші орынға ие болған спортшыға 4 миллион теңге тапсырылатынын айтты. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»