25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға арналған халықаралық күрес күні. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1999 жылы белгілеп, ресми түрде жариялаған. Сол кезден бері әлемнің көптеген елдерінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудартуға бағытталған «16 белсенді күн» бастау алды. 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейінгі жыл сайынғы науқан Қазақстанда да өткізіледі.
Орталық коммуникациялар қызметінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқанының мақсаттары мен міндеттері» тақырыбында брифинг өткізіліп, оған Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен, Ұлттық комиссия мүшесі, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева және Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболов қатысты.
Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары соңғы жылдары елде тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы заңдылықты нығайту бойынша пәрменді заңды және практикалық шаралар қабылданғанын, тұрмыстық қылмыстардың жолын кесу бойынша құқықтық механизмдер құрылғанын атап өтті. «Елбасы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресті басым міндеттердің бірі деп белгіледі. Профилактикалық жұмысты белсенділендіру және әкімшілік-құқықтық шараларды қолдану өз нәтижесін берді – соңғы төрт жылда тұрмыстық қылмыстың саны екі есеге қысқарды», – деді Л.Сүлеймен. Алайда, оның айтуынша, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық бүкіл әлемде де күрделі мәселе болып қалып отыр.
Сәуле Айтпаева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы өзекті мәселелер туралы және Бас прокуратура жүзеге асырып жатқан «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының аясында қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді механизмдерін әзірлеуге және елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын оңалтуға арналған ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. «Биылғы жылдың басынан бері тұрмыстық сипаттағы қылмыстарға байланысты күшіне енген үкімдер бойынша 206 адам сотталды. Олардың басым бөлігі (86 адам) бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ, 11 444 адам әкімшілік жауапқа тартылды», – деді С.Айтпаева.
Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ішкі істер органдары қабылдап жатқан шаралар туралы баяндады.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»