26 Қараша, 2016

Парламентаралық Ассамблея отырысы өтті

121 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бас­та­ған жоғарғы палатаның делегациясы Санкт-Петербургте өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының қырық бесінші отырысына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Бұған дейін хабарланғанындай, 24 қараша күні кешкісін көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысы­ның жетекшісі, Алашорда автоно­мия­лық үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы, Семей облысының атынан I Мемлекеттік Дума депутаты Әлихан Бөкейханов мүсінінің ашылу салтанаты болған еді. Онда Қазақстан Парла­менті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин құттықтау сөз сөйледі: – Екі ел Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің сындарлы және батыл саясаты бүгінгі күні Қазақстан мен Ресей­дің еуразиялық кеңістікте инте­грацияның қозғаушы күшіне айналуына жол ашты. Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдығы қар­саңын­да осы ескерткіштің ашылуы­ның маңызы ерекше. Осы уақыттар ішін­де біздің елдеріміз ТМД кеңіс­т­і­гін­де стратегиялық және одақтас әріптестіктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді, – деп атап өтті Мәжіліс Төрағасы. Мүсін Таврия сарайының атриумында орналасады. Қола мүсіннің биіктігі 2 метрден асады. Мүсін Қазақстан Парламентінің депутаттары жинаған қаржыға жасалды. Айта кетейік, осы жылы Әлихан Нұр­мұха­мед­ұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Ә.Бөкейханов Омбы техникалық училищесін аяқтаған соң, Санкт-Петербургтегі Орман инс­титутына оқуға түскен. Ал кешегі өткен отырыс барысында бас­ты назар ТМД елдеріндегі білім беруді дамыту мәселелеріне аударылды. Шараға қатысушылар «Инклюзивті білім беру туралы», «Ересектерге білім беру туралы», «Аралық соттар және аралық талқылауға төрелік туралы», «Парламенттік тергеу туралы», «Жергілікті билік органдарының шекаралық ынтымақтастыққа қатысу тәртібі туралы», «Сақтандыру медицинасы туралы», «Электрондық құжаттарды трансшекаралық ақпараттық алмасу туралы», «Электрондық үкімет туралы», «Әлеуметтік-мәдени қызмет туралы», «Үкіметтік емес ұйымдар туралы», «Ірі спорттық шараларда қауіпсіздікті қам­тама­сыз ету туралы», «Жол жүрісі қауіпсіздігі туралы», «Авариялық-құтқару қызметі және құтқарушылар мәртебесі туралы» үлгі ретіндегі заңдар қабылдады. ТМД ПАА Қарулы қақтығыстар кезеңінде және басқа зорлық-зомбылық жағдайларында медициналық қыз­мет­кер­лерді және денсаулық сақтау нысандарын қорғау жөніндегі ұсыным­дарды және Ұйымдарды террористік және экстре­мистік сипатқа жатқызу мәселе­лері бойынша ТМД-ға қатысушы мемле­кеттердің ұлттық заңнамаларын жетіл­діру және үйлестіру жөніндегі ұсынымдарды қабылдады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттерге ар­налған үлгі ретіндегі Кітапхана кодексі мен «Интер­­нетті реттеудің негіздері тура­­лы» Заң жаңа мәтінде бекітілді. Одан бас­қа, оты­рыста «Мемлекеттік шекара ту­­ралы» үлгі ретіндегі түсіндірме қарал­ды. Таврия сарайында сондай-ақ, екі мемлекет парламенттері палата төрағаларының орынбасарлары Сергей Громов пен Ильяс Умахановтың төрағалық етуімен Қазақ­стан Парла­ментінің Сенаты мен Ресейдің Феде­рация Кеңесі арасындағы Парламенттік ынты­­мақтастық комите­тінің кезекті отырысы болды. Отырысқа Қазақстан жағынан Сер­гей Плотников, Се­рік Бектұрғанов, Серік Жақсы­беков, Же­ңіс Нұрғалиев және Владимир Редко­кашин де қатысты.