28 Қараша, 2016

Елбасы кітапханасында 7 көрме ашылды (фото)

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
korme-1 Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Тұңғыш Президенті күніне және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрмелердің ашылу рәсімі өтті.  Оған Мемлекеттік хатшы  Гүлшара Әбдіқалықова,  Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков,  Парламент депутаттары, саяси және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың  өкілдері қатысты. korme-4 «Тәуелсіздік жолының ширек ғасырлық белесінде еліміз әлемдік қауымдастықта экономикасы дамыған, қазіргі заманғы өркениетті мемлекет ретінде қалыптасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген «Қазақстандық жолды» бірлік пен тұрақтылықтың айшықты үлгісі ретінде төрткүл дүние мойындады. Көпэтносты халқымыздың бірлігі мен ынтымағы арқасында елдің Тәуелсіздік тұғыры бекіді. Бүгінде терезесі тең, керегесі кең Тәуелсіз Қазақстанның толайым табыстары мен жетістіктері тамырласып жатыр», – деді Мемлекеттік хатшы. korme-3 Сонымен қатар, ол Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойындағы елеулі мереке – ол Тұңғыш Президент күні екенін атап өтті. Гүлшара Наушақызының айтуынша,  бұл күннің республика мен халықаралық қауымдастық үшін тарихи және мәдени маңызы айрықша. Бұл күні шара қонақтарының назарына 8 көрме ұсынылды.  Мәселен, «Елбасы жолы» көрмесіне 50-ден астам мұрағат құжаттары қойылған. Олар Президенттің батыл бастамаларынан және Тәуелсіз елдің даму тарихынан сыр шертеді. Ал «Тәуелсіз Қазақстан – тұғырлы ел» көрмесі елдің ширек ғасырдағы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы қарыштап дамуының, әлем таныған мемлекет ретінде қалыптасуының, еңселі елорданы гүлдендірудің кезеңдерімен таныстырады.  Мұндағы экспозицияға 50-ге жуық фотоқұжат қойылыпты.  Сондай-ақ, шараға қатысушылар Елбасы кітапханасындағы аса құнды 550 жинақпен 3 кітап көрмесі арқылы  танысты.  Бұлардан бөлек,  «Ұлы Дала елі» деп аталған көрме де жұртшылықтың қызығушылығын арттырды.  Онда Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі Нұржан Қарымсақовтың елдің 25 жылдағы табыстары мен жетістіктерін қылқаламмен сөйлеткен 36 төл туындысы ел назарына ұсынылды. korme-2 Бұл күні сондай-ақ,  Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешені әзірлеген «Тұңғыш-Первый» деректі фильмдер топтамасының алғашқы фильмі көрсетілді. Ол – «Фактор Лидерства» деректі фильмі. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген: Ерлан ОМАРОВ