29 Қараша, 2016

Жаңа бағдарламаның негізгі міндеттері түсіндірілді

184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кезекті Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслиxатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған жаңа бағдарламаның негізгі мақсат-міндеті жайында түсіндірді. «Мысалға алайық, 2008-2011 жылдары біз арнайы жол картасын іске асырып, жұмыссыз қалғандарды уақытша жұмыспен қамтуды мақсат еттік. Ал 2011 жылдан бастап оны жалғастырсақ та, ауылға қарай бұруға тырыстық, сол жердегі xалықты жұмыспен қамтуды қаладық. Дегенмен, «Жұмыспен қамтудың жол картасында» дағдарысқа қарсы шаралар басым болды. Қазір біз жаңа кезеңге аяқ басып отырмыз. Сондықтан xалықтың қажетті мамандықты игеріп алуына жан-жақты жағдай жасамақпыз. Осының нәтижесінде азаматтар өздігімен жұмыс таба алады немесе өз кәсібін ашса да болады. Осыған байланысты «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қайта қаралып, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдараламасы ретінде қолға алынады», – деді Дүйсенова. Оның айтуынша, жаңа бағдарламаға «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы да еніп кетеді. «Қазіргі уақытта шағын бизнесті ашуға қажетті микронесиелер жұмыспен қамту бағдарламасында да, бизнестің жол картасында да, агроөнеркәсіп бағдарламасында да бар. Енді сол барлық құралдарды бір бағдарламаға жиып, бірыңғай шарттармен бергелі отырмыз. Себебі азаматтар әрбір бағдарламаға әртүрлі құжаттар жинайды. Енді, бәрі бірдей болады», – деді министр. Жаңа бағдарламаның аясында кез келген адам нарықтық сұранысы бар мамандықты игере алады. Ал жұмыс таппаса, жеке бизнесті ашуға мүмкіндік бар. Бюджет қаржысы болса бұрынғы бағдарламалардан тартылады. «2017 жылға 66 млрд теңге, 2018 жылға 82 млрд теңге, 2019 жылға тағы оған қосымша қаржы қосылады. Ол 96 млрд теңгенің көлемінде болады деп отырмыз. Бұл қаражат бүгінгі жұмыспен қамту бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы», сонымен бірге «Даму» қорының есебінен тартылады», – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі.