30 Қараша, 2016

Айтыс арқауы – Азаттық

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
img_7659Қостанайда «Тәуелсіздікке арнау: Мәңгілік Ел жастары жырлайды» аймақтық жас ақындар айтысы өтті. Жыр додасына он ақынның бесеуі Қостанайдан қосылса, бесеуі Қарағандыдан, Семейден, Павло­дардан, Арқалықтан келді. Айтыс қашан да халықтық өнерге сусап отыратын көрерменнің шөлін басатын суат секілді. Қостанайлық жырсүйер қауым «талаптың тұл­парын мінген» жас ақындардың әрқайсысы айтқан тұщымды ойға, тапқыр әзілге, орамды сөзге қол соғып, қошеметін аямады. Айтысқа Қостанай өңіріндегі елімізге танымал ақын-жазушылар Әсия Беркенова, Ғұмар Ахметчин, Нағашыбай Мұқатов, Әлфия Ор­ман­­шина және Абылай Мауда­нов қазылық жасады. – Бұл жолғы айтыстың басты ерекшелігі – оның шынайылығы дер едім. Кей айтыстарда жап-жас ақын шығады да, алдын ала дайындап келген жырын Асан қайғы секілді толғанып, қара аспанды суға алдырып айтқанда, қаншалықты уақыттың өзекті мәсе­лелерін көтер­генмен де шынайы­лықтың жоқты­ғынан көрерменін май ішкендей етеді. Ал бұл айтыста жас ақындар өз жасына, жастық шаққа лайық мәселелерді айт­ты, барлығы да жарасым тауып тұрды, – дейді Абылай Мауданов. Жүйріктен жүйрік озған айтыс­та қазылар бас бәйгені он ақын­ның ішіндегі қызғалдақтай қоста­найлық ақын қыз Нәрия Ақба­баға лайықтап, ол 500 мың теңгені иеленді. Нәрияның суырыпсалма­лылығымен қатар, қарсыласын састыратын тапқыр уәж айта біле­тіндігі көрерменін де, қазыларды да тәнті етті. Бірінші орынды иеленген павлодарлық Нұрқанат Қайратқа 250 мың теңге берілді. 200 мың теңгені семейлік Серік Қуанған қанжығаға байлады. 3-ші орын мен 100 мың теңге ақшалай сыйлық арқалықтық Батырлан Сағынтайға табыс етілді. Ы.Алтынсарин және А.Байтұрсынов атындағы арнайы жүлделер әрқай­сысы 80 мың теңгеден Қара­ған­дыдан келген Нұрмұхаммед Бай­сүгіров пен арқалықтық Қайролла Хафизға берілді. Айтысқа қатысқан Нұрсұлтан Қасым, Айбар Рағатов, Бекболат Қаленов, Ернұр Әуезхан секілді жас ақындар да назарсыз қалған жоқ, ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ