01 Желтоқсан, 2016

Екібастұзда «Президент Назарбаев» гүлі өсіріледі

272 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
_dsc4342Энергетика – ел экономикасының қозғаушы күші. Онсыз тіршілікті көзге елестете алмаймыз. Бұл ретте «Болат Нұржанов атындағы ГРЭС-1» стансасының да, айнала өндірістері қаптаған Екібастұздың да орны бөлек. Станса энергоблоктары қазір қалыпты жұмыс істеп тұр. Бұл – қаһарына міне бастаған қыс маусымына дайын деген сөз. Бұл «Самұрық-Энерго» АҚ құрамына қарайтын ГРЭС-1 стансасында 2009-2017 жылдарға арналған ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламалардың нәтижесі. Бағдарлама аясында 1997 жылы тоқтап қалған №8 энергия блогы күрделі жөндеуден өтіп, іске қосылса, №6 энергия блогы толықтай автоматты жүйеге көшкен. Бұл жоспарланған жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік беруде. Қазір жұмысшыларды қысқартпау, өнімділікті төмендетпеу – басты назарда. Жаңашыл жобалардың жандануына ГРЭС-1 стансасы алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Өткен жылы стансаға іргелес орналасқан «Green Нouse kz» кәсіпорнында жылыжай кешені ашылды. Негізі, жылыжайдың құрылысын гүл өсіруде өркениетті тәжірибесі бар голландиялық «VAN DER HOEVEN» компаниясы жүргізді. Жобаға 3 млрд теңгеден астам ин­вестиция салыныпты. Инвестициялық жоба голлан­диялық инвесторларға тиесілі көрінеді. Біз де станса мұржаларының түбінде орналасқан жылыжай ішін аралап көріп жүрміз. Кешен іші өте кең, алаңы 5 гектар жерді алып жатыр. Жан-жағыңа қарасаң көзің жетпейді, айнала толы гүлдер. Жылыжай қызметкері Әсел Садықованың айтуынша, көз жауын алып, қызықтырып тұрған ғажайып алаң өнімдері голландиялық тәсілмен өсіріледі. Былтыр қараша айында алғашқы көшеттер отырғызылған. Гүлдер бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріне, Ресейге де жеткізілуде. – Жабық алаңда өсетіндіктен жарық пен жылуды ерекше қажет етеді. Біздің жылыжайда гүлдің жоғары сұранысқа ие «Red Naomi» деген сорты өсіріледі. Сабағы 90 сантиметрге жетеді. Кесіп, жинап алған соң, арнайы тоңазытқыштарда сақталады. Үйдегі гүлсал­ғыш ыдыстарда 4 күн бойы тұра алады, – дейді Ә.Садықова. Ал электр стансасы болса, жылыжайды сумен, электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Тұтынатын электр қуаты да арзанға түседі. Яғни, стансадан шыққан артық жылу жылыжайға жіберіледі. Алқап 5 мВт энергияны қажет етеді екен. Тағы бір жаңалығы – топырақсыз, суда, тамшылатып суару арқылы арнайы материалда гүл жарады. Алюминийден құрастырылған арнайы қондырғылар 80 пайызға дейін күннен жылу алады. Раушан күтімді өте қажет ететін нәзік гүл. Уақтылы суарып, жарығын түсіріп, суықтан қорғау керек. Әйтпегенде лезде солып қалады. Жылыжайда екі аптадай өмір сүреді. – Станса қасында гүл өсіреміз деп кім ойлаған? Өмірде бәрі мүмкін. Бізге де инновация, жаңалықтар жетті. Сондықтан, жұмысқа ерекше көңіл-күймен келеміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, гүлдердің ортасында жүргеннің өзі бір рахатқа бөлейді, – дейді гүл өсіруші қыздар. Қыркүйек айында Елбасы облысқа жұмыс сапарымен келді. «Достық» үйінде жұртшылық өкілдерімен кездесу өтті. Сол кездесуде Людмила Зеевальд жылы­жай­да енді Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне арнал­ған атаулы гүл түрін өсіретіндерін айтқан еді. – Голландияда Сіздің құрметіңізге раушан гүлінің жаңа түрі шығарылды. Біздің де осындай жоспарымыз бар. Атаулы гүліміз елімізде үлкен сұранысқа ие болатынына сенімдіміз, – деген болатын Л.Зеевальд. ...Күні кеше тағы да Екібастұзға барып қайттық.  Раушан гүлдерінің 400 мың данасы Ресейге экспортталыпты. Жылыжай кешенінің директоры Айма­ғанбет Сәрсенбекұлының айтуынша, қазір жылыжайдан айына 600 мың түп гүл алынады. Гүлдердің 60 пайызы екі айдан бері Мәскеу, Краснодар, Омбы, Новосібірге жеткізілуде, сұраныс артуда. Қазір раушан гүлдердің  «авалани», «биколор», «шерпа» атауына ие қызыл, ақ, сары және аралас гүлдер отырғызылуда.  Сұраныстың артуына байланысты келесі жылы тағы 5 га аумаққа гүлдер егу жоспарда бар. Кәсіпорында 70-ке тарта адам жұмыс істейді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ЕКІБАСТҰЗ