20 Қаңтар, 2010

ЖЫЛ АЯСЫНДА 67 ІС-ШАРА ӨТКІЗІЛЕДІ

1263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Германияның Федералды Президенті Хорст К¿лердің 2008 жылғы қыр­күйек­те Астанадағы кездесуінде Мем­лекеттер басшылары 2009 жылды Қазақстанның Германиядағы жылы, ал 2010 жылды Германияның Қазақ­стандағы жылы деп жариялау туралы шешім қабылдаған еді. Президент­тердің бұл шешімі екі ел арасындағы ынтамақтастықты, сондай-ақ қазақ және неміс халықтарының бұрыннан жалғасып келе жатқан тығыз бай­ланыстарын одан әрі нығайтуға негіз қалады. Осыған орай, кеше елордада Германияның Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Райнер Шла­гетер журналистермен баспасөз мәс­лихатын өткізіп, Германияның Қазақ­стандағы жылында жүзеге асырыла­тын іс-шаралармен таныстырды. Елшінің хабардар етуінше, 2010 жылғы 3 ақпанда Бейбітшілік және келісім сарайында Германияның Қа­зақ­стандағы жылы ресми түрде ашы­лады. Жыл аясындағы өтетін түрлі шараларды Германияның Сыртқы істер министрлігі мен Алматыдағы Гете институты ұйымдастыратын бола­ды. Бағдарлама бойынша жыл ішін­де 67 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Осы шаралар барысында қазақ­стандықтар Германияның қоғамы мен мәдениеті, саясаты мен экономи­касы туралы кең ауқымды мағлұмат алып, олармен жан-жақты танысатын болады. Германияның Қазақстандағы жылының ашылу салтанатында көп­ші­лікке Бремен қаласындағы Неміс камералық филармониясының кон­церті және “Қазіргі Германия” атты жылжымалы көрме ұсынылмақ. Бұл көрмеден қазақстандықтар Германия­ның архитектуралық ғимараттарымен, ландшафтарымен, сондай-ақ көрікті орындарымен фотосуреттер арқылы таныса алады. Ал мәдени шаралар арқылы Қазақстан жұртшылығы қа­зір­гі неміс өнері мен неміс қоғамы­ның және неміс халқының тарихи мәдениетімен беттеседі. Олардан бөлек, жыл аясында Германия Гете, Шиллер, Бетховен және Бахтың ота­ны ретінде олардың өнерін және ки­не­матография саласындағы жетіс­тік­терін де тамашалайтын болады. Ал Алматыдағы Гете институ­тының директоры Барбара Фрэнкель-Тонет ханымның айтуынша, жыл ішінде аталған мәдени шаралармен қатар, экономикалық және эколо­гия­лық тақырыптарды қамтитын жи­ын­дар да ұйымдастырылады. Өткізілетін іс-шаралар Астана мен Алматы қалаларында ғана емес, Қарағанды, Өскемен және Павлодар қалаларын да қамтымақ. Германияның Қазақ­стандағы жылы аясында өткізілетін іс-шаралар Қазақстан мен Герма­нияны, оның ішінде қазақ пен неміс халықтарын одан әрі жақындастыруға қызмет ететін болады. Баспасөз мәслихатында, сондай-ақ Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің департа­мент директоры Әлібек Бақаев пен Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орын­басары Ілияс Қозыбаев та сөз алып, жыл аясында өткізілетін шаралардың ойдағыдай өтуіне өз ведомстволары тарапынан барынша қолдау көрсетілетіндігін айтты.