01 Желтоқсан, 2016

Өскеменде Тұңғыш Президент кітапханасының оқу залы ашылды

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
kitapkhana-1 А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Тұңғыш Президент кітапханасының оқу залы ашылды. Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембинов, «Қазцинк» ЖШС тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев, ҚМДБ Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы Ермек Мұқатай, Қазақ-Америка еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиев және өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты. kitapkhana-5 Елбасының жасампаз идеялары мен бастамаларын насихаттауды, өскелең ұрпақты мемлекетшілдікке баулып, патриоттық тәрбие беруді көздейтін оқу залына келушілер Астанадағы Елбасы кітапханасындағы қор материалдарына онлайн режімінде қол жеткізе алады. Сонымен бірге, Тұңғыш Президент кітапханасы арқылы ғылыми әрі білім беру мақсатында оқу залы әлемдік баспалардың лицензиялық дерекқорларына қолжетімділікті де қамтамасыз етеді. Тұңғыш Президент кітапханасы аталған оқу залының ашылу салтанатына орай Елбасы кітаптарының арнайы топтамасын сыйға тартты. kitapkhana-2 А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының директоры Қабиба Ақжігітованың айтуынша, аталған оқу залы оқырмандардың Тұңғыш Президент кітапханасымен байланыс жасайтын өңірлік кеңістігі болмақ. Мұнда ақпараттық және әдістемелік семинарлар, ғалымдармен, зерттеушілермен кездесулер, онлайн диалогтық алаңдар, пікірталастар сияқты көптеген шаралар ұйымдастырылатын болады. Яғни, оқу залы Тұңғыш Президент кітапханасымен бірлесе отырып, жастардың саяси мәдениетін, әлеуметтік дағдысын қалыптастыруға, жас кадрлар резервін дайындауға ықпал етеді, деді Қабиба Мырзақанқызы. kitapkhana-6 Жобаға демеушілік көрсеткен «Қазцинк» ЖШС заманауи техникалық құралдармен жабдықтап, интернет қызметімен қамтамасыз ету және қашықтық қызметін пайдалануды қаржыландырса, «Ореол ЛТД» фирмасы оқу залына мемлекеттік рәміздер алуға көмек берді. kitapkhana-3 Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»