02 Желтоқсан, 2016

«Моана» қазақша сөйледі

717 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
kinopoisk.ru«Болашақ» корпоративтік  қоры қолдауымен қазақша тіл қатқан «Уолт Дисней» студиясының «Моана» анимациялық фильмінің көрсетілімі өтті. «Уолт Дисней» студиясының үздік 56 ани­мациялық өнімінің тізіміне енетін «Моана» кино­картинасының ерекшелігі – дубляжда қазақ­стандық танымал әртістер мен ҚазҰӨУ-нің сту­денттерінің  қатысуымен 11 ән орындалады. Моананың дауысын дыбыстаған театрдың талантты актрисасы Назерке Серікболова таныс­тырылым сәтінде берген сұхбатында: «Маған бұл жоба өте ұнады. Өйткені, картинаның басты кейіпкерін дыбыстадым, әндерін орындадым, мұндай тамаша әсерге қуанбау мүмкін емес. Әрине, жәй көрген адамға оның қиындықтары, жауапкершілігі айтарлықтай ауыр болмағанмен, мен үшін Туи көсемнің қызы, 14 жасар арманшыл Моананың дауысын балғындардың жүрегіне жұғымды етіп жеткізе алу оп-оңай келген жеңіл олжа деп айта алмаймын. Дауыс арқылы өз кейіпкеріңнің  барлық эмоцияларын қалтқысыз қайталау, бәрін сезіну, қуану, мұңаю орындаушыдан үлкен шеберлікті талап етеді. Бір кадрда ол екпіндеп келіп, жартастан суға секіріп, қайта айқалайды. Сонда маған да осы оқиғаға жалма-жан ілесіп, сондағы дауы­с пен ырғақты ол суға секіргенше ұстап тұру керек болды.  Мұны мен дәл солай істедім... Тіпті, кадр үстінде ішкі жан түйсігімізге дейін онымен соншалық жақын, ұқсас екенін ұқтым. Мен оған аз уақытта бауыр басып, жақсы көріп кеттім», деп ағынан жарылды.  Қазақ тіліндегі дубляждың режиссері Рита Әбішева мен жобаның музыкалық басқарушысы Күнімгүл Боранбаева «Дисней» өнімдері қазақстандық бүлдіршіндердің өз ана тілдерінде сөйлеп, оқып-үйренулеріне көп септігін тигізетінін тілге тиек ете келіп, қазақ тілі «Soni Pictures» студиясының өнімдерін дубляждаушы – 7-ші,  ал «Walt Disney» студиясы бойынша 39-шы тілдің қатарына еніп отырғанын мәлімдеді. Жалпы, отандық жоба жүзеге асырылғалы бері голливудтық 16 кинокартина қазақ тілінде дыбысталған екен. Анимациялық фильмнің  дубляжына бас-аяғы 35-тен астам актер қатысқан. Атап айтар болсақ, Моананың әжесі Таланы – Лидия Кәден, Моананың анасы Синаны – Мақпал Исабекова, жартылай құдай кейпіндегі Мауиді – әнші Бүркіт, Туи көсемді – Жәнібек Мұсаев, Таматоаны Сырым Қашқабаев дыбыстайды. Сонымен қатар, шығармашылық топтың құрамында мұнан да басқа еліміздің танымал актерлері мен эстрада орындаушылары бар. Алғашқы көрсетілім қалыптасқан дәстүр бойынша Астана мен Алматы, сондай-ақ, Шымкент қалаларының кинотеатрларында салтанатты жағдайда өтті. Бұған жобаның идеялық қолдау­шысы, «Болашақ» қауымдастығы кеңе­сінің құрметті мүшесі, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов, дубляждың актерлері, мәдениет пен өнер қайраткерлері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, жастар ұйымдарының белсенділері, т.б. қатысты. Жоба шетелдік киноның қазақ тіліндегі қорын жинақтауда айтарлықтай табыстарға қол жеткізген. Фильмдерді дубляждау және прокаттау, таспаларды іске асыру бойынша Голливудтың «Disney», «Науvel», «Metro-Goldwyn-Мамer» студияларымен алдын ала құқықтық келісімдер жүргізілген. Сондай-ақ, бұл бастама Елбасы тарапынан жоғары бағаланып, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына қосылған үлкен үлес және кең ауқымды қоғамдық, медиа қолдау болып есептеледі. Сол себепті де Қордың көшбасшы студиялармен мұндай өзара шығармашылық ынтымақтастығы қазақ тілін дамыту мен халықаралық деңгейде насихаттаудың мүмкіндігі ретінде бағаланады. Ал көрсетілім аясында «Моана» фильмінің сарыны бойынша қазақша ең жақсы шығарма мен көркемдік иллюстрацияға оқушылар арасында байқаудың жариялануын осы идеяның жүзеге асырыла бастауының жарқын мысалына жатқызуға болады. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»