Вена балының сәнін келтірді
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте «Вена вальсі» әуенімен тербелген студенттер жұптары би билеп, таңғажайып көрініс сыйлады. Бұл мереке Қазақстан студенттер Альянсы мен университет белсенділерінің ұйымдастыруымен өтті.
Сән-салтанатқа толы кеште сұлу қыздар мен сұңғақ бойлы жігіттер нұрлы жүздеріндегі қуаныштарын жасыра алмады. Бәрі де толқулы, ертегідей таңғажайып сәтті күтеді... Міне, міне, сол сәт те келді! Смокинг киген сымбатты бозбалалар сұлу бойжеткендерді биге шақырды. XVIII ғасырдың би балы дәстүріне сай 32 жұп жарқыраған салтанатты кең залда бір-бірін тербете билей жөнелді. Тартымды жұптар би балының шырайын келтірді. Өткен күннің еншісінде қалған дәстүрлер мен әдепті, сұлулық пен өнерді паш ететін «Вена вальсіне» және «Вена балына» қатысушылар классикалық бидің таңғажайып әлеміне жетелегендей. Жан жадыратар әуендермен қалықтаған қыз-жігіттерге қарасаң, жастық шақты сағынғандай күй кешесің. Классикалық би өнерінің құдіретіне қайран қаласың. Балдың алғашқы үш кезеңінде тарихи билер көрсетілді. Бекзадалар мен сұлу бойжеткендер полонез, менуэт, павана, француз кадрилі билерін билеп, сүйсіндірді. Жұптар билердің бұл түрлеріне арнайы жаттығып, мазмұн-тарихына арналған сабақтардан өтіпті. Кеш бағдарламасында қонақтардың көңілін көтеретін қызықты театрландырылған қойылымдар да сахналанды. Университет филармониясының әншілері музыкалық ән-шашу жасады. Студенттер бір уақ лекциялардан бас көтеріп, би кешінде веналық ертегілер кейіпкерлеріне айналды.
– Студенттік бал өткізу – біздің оқу орнының әдемі дәстүрі. Бал – кеңістік пен уақыттың жаңғыруы, әуеннің ырғағымен дөңгелене биге оранған ғажайып әлем. Сол дәуір ғажабымен тыныстадық, – дейді студенттер Альянсының төрағасы Айдар Мұратов.
Ал бал ханшайым мен ханзадасыз бола ма? Вена балында би билеудегі шеберлігін асырып, этикетін нәшіне келтірген Дина Чумарова (энергетика факультеті) және Темірлан Мейрамов (химиялық технологиялар және жаратылыстану факультеті) кеш ханшайымы мен ханзадасы атанды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Суретті түсірген
Руфина ТОРПИЩЕВА