Астана қаласындағы Оқушылар сарайында «ASTEX Astana Smart City-2016: «Бақытты өмір сүруге арналған ақылды қала» атты халықаралық форум-көрме өтті. Шараны елорда әкімдігі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі, «Астана Innovations» АҚ және «Транстелеком» АҚ бірлесіп ұйымдастырды. Оған АҚШ, Еуропа және ТМД елдерінен үш жүзден аса делегат қатысты. Жиын қонақтары алдымен «ақылды қаланың» негізін құрайтын ірі компаниялардың қызметтерімен, өнімдері көрмесімен танысты.
Басқосуда Астана әкімі Әсет Исекешев сөз сөйлеп, елорда өміріне дендеп еніп жатқан заманауи жобалар, жаңа бағдарламалар туралы баяндады. «Мемлекет басшысы әлем елдері бүгінгі таңда тез ауысып отырған жаңа өмір шындығына бейімделу мәселесіне алаңдаулы екенін бірнеше рет айтқан болатын. Диджиталдандыру және цифрландыру дәуірі келе жатыр, өмірімізге сандық технологиялар енуде. Қазіргі уақытта Президенттің бірқатар тапсырмаларын және Ұлт жоспарындағы 69-қадамды ескеріп, Астанада Еуразиялық кеңістіктегі жаһандық қаланы дамыту керек.
Біз өзіміз үшін әлемдегі мегаполис экономикасының құрылымына сай келетін он басым секторды анықтадық. Және «Смарт Астана» тұжырымдамасын әзірледік. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын дайындап, іске асыруда. Енді Астананы қанатқақты алаңға айналдырмақпыз, сонымен бірге ұсынылған барлық бағдарламаларды іске асыру үшін күш саламыз. «Смарт Астана» бойынша әлеуметтік және экономикалық нәтиже беретін жобалардың алғашқы қадамдары басталып та кетті», деді Әсет Исекешев.
Форум сессиясында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев еліміз урбанизация деңгейі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұрғанын мәлімдеді. «Бүгінде қалалық өмiрдiң барлық салаларына ақпараттық жүйелерді енгізу халықтың сапалы өмiрiнiң ажырамас шартына айналды. Бүкiл әлемде урбанизация үдерісі қарқын алып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауынша, 2050 жылға қарай әлемдегі халықтың 70 пайызы қалаларда тұратын болады. Бұл көлік және тұрғын үймен қамту жүйесінде қиындықтар тудыруда, сондай-ақ, энергияны оңтайлы пайдалану мен қоршаған ортаға қамқорлық танытудың өзектiлiгi де артып отыр. Осындай күрделі мәселелерді шешу ақылды іс-қимылды қажет етеді», дедi Д.Абаев. Ол бұл орайда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар шешуші рөл атқаратынын жеткізді. Дамыған елдер постиндустриялық дәуiр қалаларын дамыту үшін бұл мүмкiндiктердi толыққанды пайдалануда.
«Ақылды энергетика», тiптi, «қалдықтарды ақылды басқару» тәрiздi сөз тiркестерi қазір ешкiмдi таңғалдырмайды. Халықаралық мәліметтерге жүгінсек, ақылды қалаларда интернет құрылғыларға қосылған тұтынушылардың саны 2015 жылғы 1 миллионнан 2018 жылы 3 миллиардқа жетеді», деген министр жаһандық экономика мен технологиялық нарықтан қалыс қалмау аса маңызды екенін баса айтты. «Қазақстанда урбанизация деңгейі 60 пайызға жетеді және осы көрсеткіш бойынша біз Орталық Азияда көш бастадық. Бұл үдерістің жарқын үлгiсi – жас астанамыз», деп түйіндеді сөзін Д.Абаев.
Шара барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, «City Smart Up» негізін қалаушы және басқарма мүшесі Ренато де Кастро, IDC «ақылды қалалар» жаһандық бағдарламасының директоры Ругби Кларк өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған смарт-технологиялардың инновациялық дамуына қатысты мәселелерді талқылады. Шетелдерден келген спикерлер цифрлаудың перспективалары туралы жобаларын таныстырып, өзге де өзекті үдерістер жайында әңгімеледі. Сондай-ақ, форум шеңберінде «Үндеулер, перспективалар және стандарттау» тақырыбында конференция ұйымдастырылды.
Пленарлық сессиядан кейін Астана әкімдігі мен әріптестер арасында инновациялық саладағы ынтымақтастық және кәсіпкерлікті дамыту туралы бірнеше меморандумға қол қойылды.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»