03 Желтоқсан, 2016

Интернетке мемлекеттік тапсырыс беріле ме?

140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Atameken Businees Channel телеарнасының тікелей эфирдегі бағдарламасына қатысқан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ақпарат туралы жаңа заңға қажетті ұғымдар туралы сөз қозғады. Қазақстандағы интернет-журналистиканың даму мүмкіндіктері туралы сөзінде министр блогерлер қызметін заңдық тұрғыда реттеу туралы да айтып өтті. "Қазақстанда басқа елдердегі секілді қызмет болуы үшін бізде де түсінік аппараты болғаны жөн. Өкінішке орай, 1999 жылы қабыланған БАҚ туралы заңда ол қарастырылмаған. Біз оларға бір қызмет ұсынып немесе блогерлермен кері байланыс орнату үшін олар ресми тіркелуі тиіс. Бірақ бұл әр адамның өз еркінде. Яғни, ешкімді күштемейміз, ешкімді міндеттемейміз. Яғни, кейбір мемлекеттерде саған тіркелген адамдардың белгілі бір саны "блогер" атануға мүмкіндік береді. Бізде ондай түсінік жоқ. Оларға салық төле деп те ешкім айта алмайды. Керісінше, бұл жағдай олармен құқықтық қатынас орнатуға септігін тигізуі керек. Яғни, сонда ғана біз оларға тапсырыс беріп, еңбектеріне ақы төлейтін  боламыз", деді министр. Сонымен қатар мемлекеттік бюджетті бөлу кезінде интернетте мелекеттік тапсырыс орындау әлі қарастырылмағанын айтты. "Бұл өте күрделі мәселе. Біз әлі оны қарастырып жатқан жоқпыз. Әрине, бұл мүмкін. Бірақ ол заңда да айтылуы тиіс", деп атап өтті Дәурен Абаев.