03 Желтоқсан, 2016

Конфедерация кубогы: Бокстан финалистер анықталды

122 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан Конфедерация кубогының іріктеу ойындарында бокстан Астана қаласы мен Маңғыстау облысының командалары ақтық кезеңге жолдама алды. Қазақстан бокс федерациясы мәлімдегендей, құрамында Ілияс Сүлейменов, Дархан Жұмсақбаев пен Қанағат Маралов бар елордалық команда алғашқы бес жекпе-жекті өз пайдаларына шешкен. Одан әрі Алматы облысының спортшылары белсенділік таныта бастаған. Дегенмен, астаналықтар мықты екендіктерін дәлелдеп, 7:3 есебімен жеңіске жетті. Жартылай финалға шыққан екінші жұп - Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының боксшылары. Маңғыстау облысы рингке Азамат Исақұлов, Берік Әбдрахманов, Әділбек Ниязымбетов сынды мықты спортшыларын жіберген. Оңтүстік Қазақстанның былғары қолғап шеберлері де тәжірибелі, олар Ержан Жомарт, Қайрат Ералиев және Зәкір Сафиуллин. Жекпе-жектер 6:4 есебімен маңғыстаулықтардың пайдасына аяқталды. Ертең аталған спорт сарайында финалдық ойындар өтіп, бокстан 2016 жылғы ең үздік команда аталатын болады.