Кеше Парламент Мәжілісінде палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаеваның жүргізуімен «Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестікке қабілеттілігі және дамуы мәселелері» тақырыбында Үкімет сағаты болды. Онда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндама жасады.
Мемлекеттік саясаттың міндеттері – барлық ақпарат жүйесінің еркін жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау. БАҚ саны жыл сайын артып келеді. Мұның өзі Қазақстандағы сөз бостандығының тікелей дәлелі болып табылады. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде БАҚ саны 3002-ге жеткен. Бұл мемлекеттің БАҚ-ты жан-жақты қолдап отырғанын көрсетеді, дей келіп, осыдан әрі Гүлмира Исімбаева баяндама жасау үшін сөзді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа берді.
Бүгінгі таңда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылып, оған көптеген міндеттер жүктелді. Осыған сәйкес министрлік отандық масс-медианы жаңғырту және еліміздің ақпараттық кеңістігін нығайтуға қатысты іргелі шараларды жүзеге асыру үстінде. Қазір медиақұралдар бұрын-соңды болмаған жаңа технологиялардың арқасында пішімі мен мазмұнын жаңғыртып, ақпарат таратудың тың әдістерін табуда. Бұл – тек біздің елімізде ғана емес, жаппай әлемде болып жатқан үрдіс, деп бастады өзінің сөзін Д.Абаев.
Одан әрі министр жасалып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 3 мыңнан артық БАҚ тіркелген. Оқырмандардың белсенділігі төмендеді деп санағанымызбен, газеттер мен журналдар барлық БАҚ-тың 84 пайызын құрайды. Электрондық БАҚ – 9 пайыз. Бұл – 110 телекомпания, 60 радиокомпания, 107 кабельдік оператор және 8 спутниктік хабар тарату операторлары. Сондай-ақ, ақпарат агенттігі (41) – 7 пайыздық үлесті қамтиды. Министрліктің оқырмандар сұранысын зерттеу бойынша жүргізген әлеуметтік сауалдамасына қарағанда, қазақстандықтардың 88 пайызы отандық арналарды қарайды, соның ішінде 53 пайызы оны күнде көреді. Телехабарлар қоғамдық өзгерістердің катализаторы болып қала беретіні көрініп тұр. Сондықтан, біздің міндетіміз – ұлттық біртектілікті құрудағы рөлі зор, этносаралық және конфессияаралық келісімді жүйелі тарататын және әлеуметтік-саяси тұрақтылықты арттыратын оның хабарларын одан әрі қолдау, деді министр.
Д.Абаев әрбір арнаға жеке тоқталып өтті. Соның ішінде «Қазақстан» телеарнасының хабарларына жақсы баға берді. Алдағы уақытта бұл арнаға келесі міндеттер жүктеліп отыр екен: 1. Бағдарламалардың рейтингін арттыру арқылы көрермендер аудиториясын кеңіту; 2. Өнімдердің рейтингіне қарай контенттерді сатып алудың жаңа саясатын жасау және контенттің жетілдірілген саясатын жасау арқылы 2017 жылы оның сапасын арттыру; 3. Интернетте жаңа имидждік шығарылымдар жасау арқылы медиа-ресурстар көлемін арттыру; 4. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру, оларды конкурспен қабылдауды жетілдіру.
Сондай-ақ, министр облыстық филиалдардың басқаруды жетілдіру арқылы корпорцияның аймақтық саясатын қайта қарау қажеттігін атап өтті. «Хабар» агенттігін трансформациялау жөнінде де біршама жұмыстар жүргізілгені айтылды. Оны қарайтындардың орта жасы 25-тен 54-ке дейінгілер екен. Осыған қарағанда, «Хабар» көп жанрлы контенті бар телеарна екені анықталған. Қазір онда таңертеңгілік және күндізгі жаңалықтар тарату тоқтатылған. Есесіне кешкі жаңалықтар қызметі жетілдіріле түскен. Сонымен бірге, арнада өз өнімдерін дайындау арттырылып келеді екен. Қазір шамамен жыл сайын 110 серия түсіріліп, 10 отандық өнім өмірге келіп жатыр.
Министр қазір «Хабар-24» аталған бұрынғы «24КZ» арнасының жұмысына да тоқталып, ондағы өзгерістер туралы айтып өтті. Одан әрі министр өзінің сөзін былай жалғастырды: «Биылғы жылдың қазан айында «Білім және мәдениет» арнасы «ҚазақТВ» арнасымен біріктіріліп, жаңа пішімдегі телеарна ретінде хабар таратуға көшті. Телеарна әлем елдеріне тәулігіне 24 сағат бойы қазақ және ағылшын тілдерінде хабар таратады. Ол төрт құрлықта 118 мемлекетті қамтып отыр. Жаңа арнадағы хабарлар 3 блокқа бөлінген. Олар: 1.Еліміздің инвестициялық тартымдылығы мен шетелдік капиталға қажетті мүмкіндікті көрсету; 2.Қазақстандағы туризмге қатысты контент; 3.Қазақ халқының бай мәдени-тарихи мұрасын насихаттау», деді Д.Абаев.
Радиоарналардағы өзгерістер мен жаңалықтар туралы айтқанда, Д.Абаев «Қазақ радиосының» сигналдары қазір еліміздің – 90, «Шалқар» радиосы – 64, «Астана» радиосы – 60, «Классик» радио-сы 17 пайыздық аумағын қамтитынын жеткізді. Олардың таралымын арттыру жұмыстары одан әрі жалғасады. Сонымен қатар, біз радионың халық арасындағы танымалдығын арттыру бағытындағы жұмыстарға да назар аударамыз. Соның бірі ретінде радиоарналарға бөлек корпорациялық құрылым жасалатынын жеткізді. Баспасөзді зерттеу барысында оқырмандардың белсенділігі респонденттердің жас шамасына қарай болатыны байқалған. Соның ішінде респонденттердің 40 пайызы газеттерде қызықты материалдар болмайтындықтан, оны ашпайтынын айтқан.
Осыған байланысты министрлік «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің жұмысын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Әлемдегі беделді басылымдардың үлгілеріне сай үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап аталған газеттер бет-бейнесін өзгертті. Бұл қажетті ақпаратты басылымнан оңай табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, газеттің электрондық нұсқасына жедел өтуге мүмкіндік туды. Қыркүйек айынан бастап Астана қаласында таратылатын газеттер түрлі-түсті нұсқаға көшірілді. Интернет желісіндегі жұмысы да күшейтілді. Ал жаңа жылдан бастап бұл басылымдарды еуроформатқа көшіру жоспарлануда», деді министр.
Одан әрі министр Интернет ресурстарының жұмысын жетілдіру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Осыған орай министрлік «Қазконтент» АҚ-пен бірлесіп, «2016-2020 жылдарға арналған отандық БАҚ-тағы Интернет ресурстарын жаңғырту» жоспарын іске асыруда екені белгілі болды. Соның ішінде «Б-Ньюс», «Әдебиет порталы», т.б. сайттарда болатын өзгерістер туралы баяндалды. Ал «Қазақпарат» агенттігіне арнайы тоқталып, ондағы өзгерістерді тереңірек қарастырды. Алдымен оның техникалық инфрақұрылымдары жаңғыртылғанын жеткізді. Бүгінгі күні оны қолданатындардың саны тәулігіне 45 мың адамды құрайды. Біз бұл санды екі есеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, деді Дәурен Әскербекұлы.
Стратегиялық даму бойынша қандай қажеттіліктер алда тұрғанына тоқталғанда, көптеген қазақстандық БАҚ-тың экономикалық жағдайы қиын екендігі жеткізілді. Біз оларды қолдау шараларын қарастырудамыз. Бүгінгі күні жарнамадан түсетін қаражат 36 млрд теңгені құрап отыр. Алайда, бұл сома БАҚ-тардың барлық шығыстарын жаба алмайды. Осыған орай министрлік қоғамдық талдауға шығарылған заң жобасында оларды ынталандырудың келесі шараларын қарастырды: 1.Жұмысын тоқтату немесе тиражды тұтқындау жөніндегі әкімшілік жазалау шараларын болдырмау, сондай-ақ, уәкілетті органға қағаз бетіндегі нұсқаны міндетті түрде жеткізу тәртібін өзгерту арқылы экономикалық жүктемені жеңілдету; 2.Журналист болмаса да осы салада жұмыс істейтіндерді ақпараттық кеңістікке тартуды арттыру; 3.Кейбір нормаларды дәлдікпен пайдаланбаудың кесірінен БАҚ жұмысы мен олардың дамуына кедергі келтіретін қателіктерді болдырмау; 4.Алкогольдігі төмен өнімдердің сауда маркаларын қатаң белгіленген уақытта жарнамалауға рұқсат ету;
Сондай-ақ, БАҚ-тың шығармашылығы мен техникалық мүмкіншілігін арттыру мақсатында «теле-сауда», «теле-газет», «интернетТВ» сияқты қосалқы сипаттағы тауарлар түсініктері енгізіледі. Осы шаралардың бәрі отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталды, деді министр. Одан әрі ол қазақстандық ТВ тарату сапасына тоқталды. Соның ішінде «ОтауТВ» мен «Қазспорттағы» өзгерістерді атап өтті. Ал баспасөз туралы айтқанда, олардың жаңалықтар таратуда Интернетпен, агенттіктермен, радиомен бәсекелес бола алмайтынын көлденең тартты. Сондықтан оның орнын сапалы сараптамалық материалдармен толықтыруды қалап отырмыз. Олар бірдеңенің болғанын емес, неге болғанын халыққа түсіндірулері керек, деді министр.
«Бұл бағытта салалық журналистерді дамытуға арнайы көңіл бөлеміз. Яғни, жаңа технологияларға және оқырмандардың күнделікті сұранысына икемді журналистерді дайындау міндетін алға қойып отырмыз. Соның ішінде саясат, экономика және құқық бойынша журналистердің біліктілігін түрлі аудиторияға бағдарлай отырып арттыруымыз керек» деді Дәурен Әскербекұлы. Сондай-ақ, ол журналистердің біліктілігін арттыру саласы бойынша орталықтандырылған жүйе жасаудың қажеттілігін айтты. Бұл бағытта журналистік семинарлар, тренингтер жасалатыны жеткізілді.
Сөзінің соңында Дәурен Абаев алдымызда көптеген іс-шараларды іске асыру міндеті тұр. Ең бастысы – бүгінгі күні мақсаттар мен міндеттер айқындалып, жұмыс жүйелі жолға қойылды, деді.
Министрдің баяндамасы толық әрі жан-жақты екендігін сөйлеген депутаттардың бәрі де қанағатпен атап өтті. Қосымша баяндаманы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанова жасады. Оның баяндамасының өне бойынан БАҚ саласындағы кемшін тұстар молынан көрінді. Сарапшылардың айтуына қарағанда, қазақстандық мемлекеттік БАҚ-тың жаңа қатерлерге қарсы тұру қабілеті әлсіздеу. Жаңа жағдайға лайықты ұлттық мүдделерді қорғау тетіктері жетілдірілмеген. Халықпен байланыс дәрежесі төмен. Шетелдік ақпараттық контенттің ықпалы күшті. Кибершабуыл сияқты осы заманғы қауіп-қатерге қарсы тұру әлеуеті әлсіз. Халықтың мемлекеттік БАҚ-тарға деген сенімі төмен. Журналистік зерттеулердің тартымдылығы нашар. Мемлекеттік тапсырыс тетіктері тиімді емес. Мемлекеттік органдардың коммуникацияның жаңа форматымен жұмыс істеу қабілеті дамымай отыр. Жүргізілген сауалдамаларға қарағанда, халықтың үштен бірі ақпаратты ресейлік телеарналардан алады. Жарнаманың 70 пайызға жуығы шетелдік арналарда жасалып, қаражат ресурстары шетелге кетіп жатыр, деген сияқты деректерді алға тартты депутат.
Баяндамалар аяқталған соң Дәурен Абаев депутаттардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде депутат Сауытбек Абдрахманов эфирлік телерадиохабарларын таратуды 2017 жылдан бастап цифрлық стандартқа көшіруді бастауымыз керек еді. Сол міндет орындала ма деп сұрады. Қаржы жағдайына байланысты бұл жұмысты атқару 2 жылға кейінге шегерілді. Биылғы желтоқсан айынан бастап оны Маңғыстау облысында бастаймыз, деді министр.
Депутат Ирина Аронова Мемлекеттік тілдің қарымын арттыру мәселесі туралы сұрады. Оны барынша қарапайымдатып, тұрмыстық деңгейге түсіріп жіберген жоқпыз ба, деді ол. Бұл сұрақ өте ауқымды, оны ұзақ уақыт талқылауға тура келеді. Тілдің сауаттылығы журналиске де, оны қабылдайтын аудиторияға да байланысты, дей келіп, министр оны жеңілдетудің де зияны жоқтығын атап өтті. Бұл сұрақты толықтырған Гүлмира Исімбаева қазақ тілінің жетік үлгісін бұрын телеарналардың дикторлары көрсететін еді, қазір сол мәселе ескерілмейтін сияқты, деді. Оған министр шетелдік арналардың тілдерді жеңілдету мысалын алға тартты.
Әрине, тілді жеңілдету оны жұтаңдату емес, дегенмен, оны тез қабылдату мәселесін де ескерген жөн, деді ол. Бұл сұрақты депутат Бекболат Тілеухан да жалғастырып, осы мәселеге алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Біреулерге көзсіз еліктеуге болмайды. Қазір дикторлардың сөз екпіндерін дұрыс қолданбауы үлкен проблемаға айналды, дей келіп, отандық теле-радиоарналардағы мемлекеттік тілдің үлесі қанша екендігін сұрады. Оған министр қазір қазақ тілінің үлесі 53 пайыздан жоғары екенін айтты. Біз оған күнделікті мониторинг жүргіземіз, деді ол.
Көптеген осындай сұрақтардан кейін талқылау болып, оған депутаттар О.Өксікбаев, Қ.Сұлтанов, З.Балиева, С.Абдрахманов және т.б. қатысып, ақпараттық қауіпсіздік, қазақстандық БАҚ-ты заман талабына сай дамыту және т.б. мәселелерге алаңдаушылық білдірген ойларын жеткізді.
Отырысты қорытындылаған Г.Исімбаева «Әріптестеріміздің барлық ұсыныстары мен ескертпелері министрліктің қызметінде ескеріліп, ал проблемалар мен алға қойылған міндеттер шешіледі деп үміттенеміз», деді.
Үкімет сағатына орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы биліктің жауапты қызметкерлері, республикалық БАҚ, Қазмедиа орталығының, Орталық коммуникациялар қызметінің басшылары қатысты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»