07 Желтоқсан, 2016

544 үміткер "Болашақ" стипендиясын алды

118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Болашақ» Президенттік стипендиясы –  еліміздің  әлемдік  білім беру жүйесіне жедел әрі сәтті интеграциялануын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген Қазақстанның ұлттық жобасы. Бүгін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдылық етуімен Шет елде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында сөз алған Мемлекеттік хатшы : "Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын атап өтуге санаулы күндер қалды. Айтулы мереке шеңберінде Мемлекет басшысының Жарлығымен «25 жұлдызды күн» белгіленді. Осыған сәйкес, 7 желтоқсан еліміздің жарқын болашағы мен жастардың кемел келешегіне арналған. Сондықтан, отырысымыздың осы күннің аясында өткізілуінің өзіндік мәні бар. Өйткені, «Болашақ» бағдарламасы ел дамуына елеулі үлес қосып келеді.  Тәуелсіздік жылдарында «Болашақ» бағдарламасы елііміздің жоғары санатты мамандарын даярлайтын әлемдік жүйеге кірді. Осы кезеңдегі тарихи табыстарымызға шолу жасасақ, осыдан 23 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылған «Болашақ» бағдарламасы бойынша бүгінге дейін 9 мың 339 қазақстандық азамат шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында өз білімдерін арттырды. Биылғы жылы Шет елде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бірнеше өзгерістер енгізді. Бұл «Болашақ» бағдарламасын әрі қарай тиімді жүргізуге мүмкіндік береді",– деді Гүлшара Наушақызы. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы  «Болашақ» бағдарламасының бәсекеге қабілетті түлектері Қазақстанның одан әрі дамуы мен гүлденуіне айрықша үлес қосатынына және «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты – еліміздің әлемнің ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуіне қол жеткізуге белсене атсалысатынына сенім білдірді. Комиссия отырысы шеңберінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Шет елде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмасының орындалуы туралы есебі тыңдалып, «Болашақ» бағдарламасын іске асыруға қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Жиын барысында Комиссия шешімімен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өтінімдері бойынша әзірленген 2017 жылға Басым мамандықтар тізбесі бекітіліп, келесі жылға арналған стипениялардың шекті саны анықталды. Сонымен, бұл күні комиссияның шешімімен  алдағы уақытта магистратурада және докторантурада оқитын, сондай-ақ, әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберілетін 544 үміткер стипендия иегері атанды. Ал 23 жылда 9 мың 339 азамат «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алды. Отырыс қорытындысы бойынша Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».