19 Қаңтар, 2010

БАЙҚАУ ҚАЛАМ ҚУАТЫН БАЙҚАТТЫ

1404 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы өткен жылы еліміздегі БАҚ-тар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы жазылған ең үздік мақалаларға кезекті байқау жариялаған болатын. Кеше осы байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті. Марапаттауды жүргізген “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірін­ші орынбасары Нұрлан Нығ­матулин Мемлекет басшысы, партия көш­басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлықпен күрес еліміздің не­гізгі, басым жұмыс бағыттарының бірі екендігін айтқандығын атап өтті. Бұл орайда ол Елбасының БАҚ тұрақ­ты түрде жемқорлыққа қарсы ауқымды насихаттау жұмыс­тарын жүргізуі тиіс, деген сөзін тілге тиек етті. Н.Нығматулин негізгі мақ­сат­қа қол жеткізу үшін жем­қор­лыққа қарсы жалпыхалықтық қозға­лыс­ты құруда партия әр түрлі фор­ма­лар мен әдістерді пайдалана­ты­нын айтты. Өткен жылы құрылған медиа-орталық жарты жылда жемқорлық дерек­тері бойынша 20 журналистік тергеулер жүргізді. Қоғамда жем­қорлыққа қарсы көз­қа­рас қа­лыптастыру үшін қазақ­стан­дық бұқаралық ақпарат құрал­дары үлкен әлеуетке ие болған­дық­тан, екінші жыл қатарынан партия ұйымдастырып отырған журна­листер арасындағы байқау тиімді формалардың бірі болып табы­лады. Байқауға барлығы 64 қа­тысушы атсалысып, беделді қа­зылар алқасының қарауына 136 материал ұсынылған. Сөйтіп, олар БАҚ-тардағы үздік жария­ланым­дар”, “Ең үздік бейне­сюжет/теле­визиялық бағдар­лама”, “Ең үздік журналистік тергеу” секілді үш но­ми­нация бойынша жүзден жүйрік жеңім­паздар мен лауреаттарды анықтады. “Егемен-ақпарат”. БРЮССЕЛЬДЕ ЕУРООДАҚПЕН КЕҢЕС ӨТКІЗІЛЕДІ Кеше Сыртқы істер министр­лігі­нің ресми өкілі Асқар Абдрах­манов апталық брифинг өткізді. Онда сыртқы саясат саласындағы осы аптада болатын негізгі іс-әрекеттер туралы айтылды. Соның ішінде 20 қаңтарда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың елімізде тір­кел­ген дипломатиялық корпус өкіл­дерімен кездесу өткізетіні бел­гілі болды. Онда Іс басындағы төр­аға дипломатиялық корпус бас­шыларын халықаралық қаты­нас­тардағы көкейкесті мәселелерді ше­шудегі Ұйымның үлесі мен тиім­ділігін арттыруға бағытталған Қа­зақстан төрағалығының басым ба­ғыттарымен таныстырады деп күтілуде. Сонымен бірге, 20 қаңтарда Мем­лекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің жанындағы Жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның алғашқы отырысын өткізеді екен. Аталмыш комиссия Ел­басының 2010 жылғы 11 қаңтар­дағы Жарлығымен құрылған болатын. 26 қаңтарда Іс басындағы төр­аға, Мемлекеттік хатшы – Сырт­қы істер министрі Қанат Сауда­баев Брюссельде министрлер дең­гейіндегі ЕҚЫҰ – ЕО бірлескен отырысына қатысады. Жоспарлан­ған келіссөздер барысында Ауған­стан проблематикасы, “созылып кеткен жанжалдарды” реттеу, “Кор­фу үдерісін” одан әрі ілге­рілету және Еуропа қауіпсіздігінің болашағы жөніндегі үнқатысулар сияқты екі жақты да қызықтыра­тын мәселелер бойынша пікір алма­сылады деп күтілуде. Сапар аясында Қ.Саудабаев­тың Бельгия Корольдігі, Еуроодақ және НАТО басшыларымен кездесуі жоспарланған. Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің ақпа­ра­тына қарағанда, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ-ның 2010 жылды Мәдениеттер жа­қындасуының жылы деп жария­лау­ына сәйкес Ислам Конферен­ция­сы Ұйымының (ИКҰ) Бас хат­шысы қа­тысушы мемлекеттерден дінара­лық және мәдениетаралық үнқа­ты­су­ларды, түсіністік пен ынты­мақ­тас­тықтарды бұрынғыдан гөрі ын­та­ландыра түсетін қосымша шара­лар өткізуді сұрады. Сонымен бір­ге, белгіленген шаралар мен ұсы­ныс-пікірлер туралы Қазақстан та­ра­бын құлақтандырып қоюды ұсынды. А.Абдрахманов сөзінің соңында Қазақстанның  2011 жылы ИКҰ-ның төрағасы болып сайлануын еліміздің мұсылман әлеміндегі зор беделінің көрінісі екендігімен бай­ланыстырды. Астана ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші төрағасы болып сайлануына  үлкен мән береді және ол Қазақстан дипломатиясының 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен бас­талған белсенді әрекетінің жалғасы болады деп үміттенеді, деді ол. Осыдан кейін ресми өкіл жур­на­лис­тердің сұрақтарына жауап берді. Жақсыбай САМРАТ. МІНДЕТ ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен өткен Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова “Әлеуметтік-еңбек саласы: 2009 жылдың қорытындылары және 2010 жылдың негізгі басымдықтары” тақырыбында баяндама жасады. 2009 жылдың басында еліміздің еңбек рыногында күрделі ахуал қалыптасқандықтан, жұмыссыздардың саны артқан. “Жұмыссыз­дар­дың жалпы саны 135 мың адамды құрай­тын 264 кәсіпорын өндірісін толықтай және жарым-жартылай тоқтатты. 25 мыңы жар­тылай жұмыс күнімен қамтылса, 15,6 мыңы ең­бекақысы сақталмайтын демалысқа шық­ты”, деді министр осы орайда. Жұмыс­сыз­дықтың көбеюі мұнай-газ өндірісі басым өл­келерде байқалған. Сарапшылар 136 мыңнан астам жұмыс орны қысқарады деп болжаған, ал бұған сол кездегі жұмыссыздарды қосқанда 700 мыңға тарта азамат жұмыспен қамту проблемасына тап келуі ықтимал еді. Осындай жағдайларда Үкімет стратегиялық үш бағытты – жұмыстан босап қалғандарға назар аудару, жаңа жұмыс орындарын ашу, кадрларды даярлау және қайта даярлау ба­ғыт­тарын анықтады. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен 1,2 трлн. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде, өткен жылдың сәуір айынан бастап елдегі жасырын жұмыссыздықтың көлемі 3,5 есеге төмендеді. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыра отырып, еңбек рыногын тұрақтандыру, аймақ­тық жұмыспен қамтуды және мамандарды қайта даярлауды қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша 191,5 млрд. теңге немесе 1,3 млрд. АҚШ доллары бөлінген. “Жол картасы” бойынша 5 261 жоба іске асырылса, бұл – жоспарланғанның 99,8 пайызы. Сөйтіп, 2009 жылы 109,3 мың жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға жіберілсе, бұл – 2008 жылғы деңгейден 80,5 пайызға артық. Соңғы 3 жылда Қазақстандағы зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 1,6 есеге артқан. Сонымен бірге, 677 мыңға тарта адам жи­нақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы ала бастады. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері (оның ішінде): мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 2007 жылы 9 331 теңгеден 2009 жылы 14 094 теңгеге дейін; асыраушысынан айырылу бойынша 8 507 теңгеден 12 534 теңгеге дейін; жасына байланысты – 4 670 теңгеден 6 858 теңгеге дейін өскен. Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдем­ақы 2 есеге, баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге төленетін ай сайынғы жәрдемақы 1,6 есеге ұлғайтылды. Осындай жәрдемақыларды 410 мыңға жуық отбасы алды. №2 тізімге жататын адамдарға жәрдемақылар енгізіліп, төленуде. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары үшін төлемдердің өткен жылғы орташа мөлшері 5 199 теңге болды. Тек қана жүктілік пен бала тууға және баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге 41,8 млрд. теңге бөлінді. 1,2 млн.-нан астам адам жәрдемақы алушылардың заңнамада белгіленген санаттарына қарай 1-ден 15-АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақылар алды. Сөйтіп, 4 млн.-ға жуық адам немесе елдегі халықтың төрттен бір бөлігі ай сайын және уақтылы республикалық бюджеттен әлеуметтік жәрдемақылар алып тұрды. Қосымша баяндаманы палатаның Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің төрайымы Ди­нара Нөкетаева жасады. Депутат өткен жылы қабылданған заңдық құжаттарды ерек­ше атап өтті. Еңбек кодексіне, “Жұмыспен қамту туралы” және “Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы” заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе, олар “Жол карта­сы­ның” ойдағыдай іске асырылуын қамтамасыз етуге, еңбек рыногындағы ахуалды біршама тұрақтандыруға және елде жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге мүмкіндік туғызды. Сол сияқты “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке­ле­ген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңдық құжат та айтарлықтай игі ықпа­лын тигізгені мәлім. “Біздің алдымызда аса маңызды міндеттер тұр. Бәріміз де “Нұр Отан” ХДП-ның халықты әлеу­меттік қорғау саласында қандай үлкен міндеттер алғанын жақсы білеміз. Әрине, олардың толық іске асырылуына әлемдік эко­номикадағы болып жатқан қиындықтар едәуір кері ықпалын тигізіп отыр. Алайда, біздер оған қарамастан, алған барлық міндеттерімізді орындауға қосымша күш-жігер табуымыз керек”, деді комитет төрайымы. Үкімет саға­тын­да депутаттар Н.Сабильянов, А.Самақова, А.Момышев, М.Тыныкеев және өзгелері сұрақтар қойды. Соның барысында әлеуметтік саланың заңнамалық базасын жетілдіру бой­ын­ша бірлесіп жұмыс істеу қажеттігіне назар аударылды. Үкімет сағатын Мәжіліс Төраға­сы­ның орынбасары С.Дьяченко қорытындылады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. ЕЛ БОЛАШАҒЫ – ҒЫЛЫМДА, ҒЫЛЫМ БОЛАШАҒЫ – ЖАСТАРДА Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен тікелей тележеліде білім саласына байланысты бес мыңнан астам сұрақ түскен екен. Бұл орынды да. Өйткені, бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің аяғына нық тұруы үшін білім мен ғылым саласының атқарар рөлі ерекше. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде болып, осында оқыған дәрісінде бұл мәселеге айрықша на­зар аудар­ды. Бір мезгілде Қазақ­стан­ның бар­лық университеттерінің сту­дент­те­рі онлайн жүйесінде тікелей тың­даған бұл дәрісте Елбасы Қазақ­станның ендігі болашағы білімді жастарда екендігін қадап айтты. Дәрістің “Интеллектуалды ұлт” атты тарауында ғылым мен білім­нің инновациялық дамуына ай­рық­ша тоқтала кеткен Елба­сы­ның жастарға: “Ғылымға ба­рың­дар, құлшыныңдар, өздерің­нің зерттеу талант­тарыңды жүзе­ге асы­рыңдар! Қазіргі Қазақстан үшін үлкен мүм­кіндіктер бар”, – деген сөзі тек жас студенттер ғана емес, өзде­рінің саналы ғұмы­рын жас ұр­пақ­қа білім беру мен ғылым сала­сына арнап келе жатқан ұстаздар қауымына да үлкен әсер етті. Университеттің химия фа­куль­те­тінің жаңадан ашылған ғимаратында болған Елбасы біздің “Химиялық фи­зика және жоғары молекулалық қо­сылыс­тар химия­сы” кафедрасы­ның да жұ­мыс­тары­мен танысып, мұн­да­ғы атқарылып жатқан шара­лар­ға оң баға берді. Расын айту керек, полимерлер хи­мия­сы саласында ауыз толтырып ай­тарлықтай же­тіс­тіктерге жеткен біздің кафе­дра­ның ұстаздары, ға­лым­дары, сту­денттеріне Елба­сы­ның бұл сөзі үлкен күш-жігер берді. Бүгінде қоғамда “жастар ғы­лым­мен айналыспайды, оған қа­ра­ғанда ақшасы көптеу орын­дарға кетіп қала­ды” деген пікір қа­лып­тасқан. Бұл сөз­дің бір жағы­нан қарағанда жаны бар шығар. Бірақ, қаншалық­ты қиын жағ­дайда болса да ғылым­мен айна­лы­су­ды жүрек қалауымен таңдаған жас­тардың да арамызда бар екендігін айта кету керек. Перизат ҮРКІМБАЕВА, химия ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті. “АРДАГЕРЛЕРДІ  АРДАҚТАЙЫҚ” АКЦИЯСЫ  БАСТАЛДЫ Өздеріңізге мәлім, Елбасының бастамасымен Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында “Ардагер­лер­ді ардақтайық” ұранымен қай­ырым­­дылық акциясының ұйым­дас­тырылуы аға буынға көрсетілер қо­шемет пен құрметтің көрінісі бол­мақ. Жылдар жылжып өткен сайын қатарлары сиреп бара жатқан ар­дагерлерге құрмет көрсетудің мақсаты оларға әлеуметтік көмек көрсету болып табылады. Осындай ізгілікті шара “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы­ның бастамасымен Сыр аймағында бастау алды, яғни облыс арда­гер­леріне арнап, үлкен іс-шара өткі­зілді. Облыстық филиал төрағасы­ның бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков майдангерлердің ерлік істерін, олардың жас ұрпақты отан­сүйгіштікке, патриоттыққа тәрбие­леудегі рөлін жан-жақты баян етіп, мемлекет тарапынан оларға жа­салып жатқан қамқорлық аясының кеңейіп келе жатқанын жеткізді. Басқосуда соғыс ардагерлері Тә­неш Оразов, Кеңес Қалиев, Ыды­рыс Қалиев Елбасына деген риза­шылықтарын жүрекжарды лебіз­дері­мен жеткізді. Ардагерлерге жер­гілікті өнерпаздар тобы ән-жырмен шашу шашты. “Ардагерлерді ардақтайық” атты республикалық акция шілде айына дейін жалғасады. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.