22 Қыркүйек, 2011

Әлемде – төртінші, ал ТМД бойынша – бірінші

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бұл еліміздің білім беруді дамыту индексі бағытындағы қол жеткен көрсеткіші Кеше Сағынбек Тұрсыновтың төрағалығымен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің жанын­дағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отыры­сы болып өтті. Бұл отырыс Білім және ғылым министрлігінің аза­мат­тардың білім алуға консти­ту­циялық құқықтарының сақталуы және білім беру ұйымдары ұсы­на­тын білім беру қызметінің жо­ға­ры сапасын қамтамасыз ету са­ла­сында атқарып жатқан жұ­мыс­тарын талқылауға арналды. Аталған тақырып бойынша  Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Болатбек Әбдірәсілов баяндама жасады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өтіп жатқан бұл талқылауда білім беру сала­сы­ның мемлекет дамуының ма­ңызды стратегиялық ресурсы болып танылған және тәуел­сіз­діктің бірінші күнінен бастап білім беруді дамыту, адам капи­та­лын жетілдіру мәселелері Президент Н.Назарбаев бастама көтер­ген мемлекеттік саясаттың тұрақ­ты басымдығы болып табы­ла­тыны атап көрсетілді. Білім беру қызметтеріне тең қолжетімдікті, педагог кәсібінің  беделін арттыруды, білім беру процесінің барлық қатысу­шы­лары­на үздік білім беру ресурс­тары мен технологияларға тең қолжетімділікті, сапалы мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту мен балаларды толық қамтуды, ба­лаларды мектепке дайындау үшін мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жөніндегі түрлі бағ­дар­ламаларға олардың тең қол­жетімдігін қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған қаржыландыру жүйе­сін жетілдіру мақсатында республика Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлы­ғы­мен 2011-2020 жылдарға ар­нал­ған Қазақстан Республи­ка­сында­ білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. ЮНЕСКО-ның мәліметі бойын­ша, бүгінгі күні Қазақстан білім беруді дамыту индексі бойынша дүние жүзіндегі 129 елдің ара­сында алғашқы төрттікке енеді, тұтас оқытумен қамту бойынша ТМД елдері арасында бірінші орында. ЕҚЫҰ және БҰҰ мү­шесі ретінде Қазақстан үшін білім беру ұйымдарының азамат­тар­дың сапалы білім алуға құ­қық­тарын жүзеге асыруға бағыт­талған білім беру саласындағы дүниежүзілік стандарттары тар­тым­ды, олар біздің заңнаманың ерекшеліктерін есепке алып, біртіндеп сараланады. Отырыста білім беру мен ғылымның құқық­тық базасын жетілдіру, педагог кәсібінің имиджін жоғарылату қажеттілігі, оның ішінде олардың еңбегін ынталандыру, білім беру сапасын арттыру мақсатында интегралды инклюзивті білім беруді, ақпараттық-технология­лар­ды дамыту, оқып жатқан жас­тар­дың үздік дүниежүзілік білім беру ресурстарына қолжетімдігін қамту мақсатында электронды оқыту жүйесін енгізу, шағын­ ком­плекті деп аталатын мектептер жұмыс істейтін шалғайдағы елді мекендерде сапалы білім алуға қолжетімділік проблемаларын шешу, білім беруді жүйелі жаң­ғыр­ту мәселелері, білім алу құ­қы­ғы саласы бойынша ақпарат алуды арттыру мәселелері талқы­ланып, анықталды. Күн тәртібінің екінші мәсе­ле­сі бойынша Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев сөз сөйледі. Ол отырысқа қатысушыларды еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына ар­налған адам құқықтары сала­сын­дағы бірқатар маңызды шаралар қарастырылған комиссияның  2011 жылғы төртінші тоқсанға ар­налған жұмыс жоспарымен таныстырды. Комиссияның азаматтардың бі­лім алуға құқықтарын қамта­ма­сыз ету саласындағы заң­наманы және құқық қолдану прак­тикасын одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстардан тұра­тын ұсыным қорытындысы Қа­зақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметі мен Парламентіне жолданатын болады. Шарафаддин ӘМІР.