Жуықта Астана қаласында «Индустриялық құрылыс технологиялары» ассоциациясының ұйымдастыруымен еліміздегі 2010-2014 жылдарға арналған құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісін дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жолдарын талқылаған дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстелді аталған ассоциацияның төрағасы академик К.Нұрбатыров ашып, жүргізіп отырды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар еліміздегі тұрғын үй құрылысын, отандық құрылыс материалдары өндірісін дамытып, олардың сапасын жақсартудың тиімді жолдарын іздестіру жөнінде ой-пікірлер қозғады. Мәселен, индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Бақберген аталған бағдарламаны жүзеге асыру жайында әңгіме қозғаса, «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Мониторинг және талдау департаментінің директоры Мәдина Мурсақина тұрғын үйді жөндеуге қатысты өз ой-пікірлерін білдірді. «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ өңдеу өнеркәсібін дамыту орталығының директоры Айгүл Көшербаева құрылыс индустриясын дамытудағы өңірлерде жүріп жатқан жұмыстарға шолу жасап, осы мәселе туралы өз көзқарастарын жеткізді.
Дөңгелек үстелдегі талқылаулар нәтижесінде құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісін дамыту мәселесіне қатысты мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар әзірленді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.