19 мың-ақ шақырымға қателесіпті
Регбиден Жаңа Зеландияда өтіп жатқан әлем чемпионатына аттанған оңтүстікафрикалық ерлі-зайыпты Адендорффтар алдын ала брондап қойған қонақ үйлерінен 19 мың шақырым қашықтықтағы жерден бір-ақ шықты. Сөйтсе, туристер қателесіп, қонақ үй нөмірін Жаңа Зеландиядағы Истборннан емес, ағылшынның осы аттас елді-мекеніндегі отельден брондапты.
Оңтүстікафрикалықтардың сөздеріне қарағанда, олар екі Истборнды шатастырып алдық деп еш ойламапты. Ал қателескендері қаладағы отельді әрі іздеп, бері іздеп еш таба алмаған кезде белгілі болған. Англиядағы қонақ үйге қатысты айтатын болсақ, ондағылар ерлі-зайыптылардың банктегі есеп-шотынан тиісті ақшаны алып үлгеріпті.
Зейнеткерлер Путинді моншаға шақырды
Приморьелік Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагерлер мен зейнеткерлер Ресей премьер-министрі Владимир Путинді моншаға шақырып отыр. Зейнет жасындағылар үкімет басшысына тиісті өтініш жазылған хат жолдапты. «Біздің сізбен тікелей танысып, ауызба-ауыз сөйлескіміз келеді. Сізді осы мақсатта шын көңілден моншаға шақырамыз», депті олар.
Зейнеткерлердің айтуынша, моншада буланып қана қоймай, әдемі әңгіме-дүкен құруға да болады. Моншаны Приморье өлкесі парламентінің бұрынғы депутаты Адам Имадаев тұрғызыпты. Оған ардагерлер мен зейнеткерлер тегін түседі екен. Осы себепті де монша олардың уақыттарын «мазмұнды» өткізетін сүйікті орындарына айналған сыңайлы.
Бұзақыны әйел мен бала алмастырды
Түркияның футбол қауымдастығы жергілікті командалар жанкүйерлері арасында орын алатын тәртіпсіздіктерге байланысты біржақты шешім қабылдаған еді. Енді ер адамдарға белгілі бір уақытқа дейін сүйікті клубының ойынын тамашалауға мүмкіндік жоқ. Есесіне әйелдер мен 12 жасқа дейінгі балалар кездесулерді тегін тамашалай алады.
Түркия чемпионаты соңғы турының ойындары тұңғыш рет осындай схема бойынша өтті. Мәселен, Ыстамбұлдағы жергілікті «Фенербахче» командасының «Манисаспор» клубымен кездесуін тамашалауға 41 мыңнан астам әйел мен жасөспірім жиналған. Стадионға келгендерді оның алдында әйел полицейлер құрметпен қарсы алса, ал стадионның ішінде нәзік жанды жанкүйерлерге футболшылар гүл шоқтарын лақтырып құрмет көрсеткен.
Әлемдегі ең құрметті азамат кім?
Нельсон Мандела планетамыздағы ең құрметті азамат болып танылды. Американың Repulation Institute зерттеулер институты әлемнің 25 елінде жүргізген сұрау салулар нәтижесі осылай дейді. Сауалдамаға 50 мыңнан астам адам қатысса, солардың 78,5 пайызы өз дауыстарын Оңтүстік Африка Республикасының тұңғыш қара нәсілді президентіне берген.
Екінші орында атақты швейцариялық теннисші Роджер Федерер тұр. Ол өзінің спорттағы табыстарымен қатар, қайырымдылық қызметімен де белгілі. Тізімде үшінші орынға америкалық миллиардер Билл Гейтс лайық деп табылыпты. Тізімнен орын тигендер қатарында сондай-ақ Барак Обама (14 орын), Британия премьері Дэвид Кэмерон (34 орын), Дмитрий Медведев (43 орын) пен Владимир Путин (44 орын) бар.
Сөзжұмбақтың көмегімен сөз салған
АҚШ-тың Вирджиния штатындағы Александрия қаласында тұратын Ньюман есімді жігіт өзінің ұнатқан қызына сөзжұмбақ арқылы сөз салу үшін оны түзетін мамандарға арнайы тапсырыс беріпті. Сезіміңді тікелей өзің неге жеткізбейсің деп сұрағанда, ұялатынын және батылы жетпейтінін мәлімдеген.
Ньюманның ұнатқан қызы Марлоу Эпштейн сөзжұмбақ шешкенді жақсы көреді екен. Ол сүйікті газетіндегі сөзжұмбақты шешіп отырып, сөздің өзіне арналғанын бірден ұққан және өзінің де жігіттің ұсынысына кетәрі емес екенін емеурінімен білдірген. Сөйтіп, көп ұзамай Ньюман қалыңдығына неке сақинасын апарып сыйлапты. Таяу болашақта екі жас некелесу рәсімін өткізбекші көрінеді.
Ақпарат агенттіктері материалдары негізінде әзірленді.