24 Қыркүйек, 2011

Ақбеттау, Баянауыл, «Баянтау»...

910 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жуырда аудандық «Баянтау» газетіне 80 жыл толды. Осы уақыт ішінде ел тынысын жазудан танбай келе жатқан бұл басылымның қатардағы аудандық газеттердің бірі емес, қазақ үшін жолы үлкен, тарихы сан тарауға түскен тағдырлы басылым екенін де айта кеткен жөн. Тарихы сан тарау басылым демекші, «Ленин туы» деп аталған осы газетке 1931 жылы ақын, әрі жорналшы Ғалым Малдыбаев тұң­ғыш редактор болған екен. Ел аузындағы әңгімеге құлақ ассақ, сол кездері ғалым ағамыз  Мәше­кеңе – Мәшһүр Жүсіп атамызға басылымға ақжол айтсаңыз деп бар­ған екен. Жазған дүниелерін жариялап тұрғысы келетінін де ұмыт­паса керек. Сонда әулие Мәшһүр: «Қарағым, мен ақырет қамын­дамын. Қолқа салма. Тағы айта­рым, газетіңнің шырағы сөнбе­сін!», – депті. Бірер айдан соң әулие қайтпас сапарға аттанады. – Еліміз тәуелсіздігін алды. Ел-жұртымыздың да атауы өзгеріп, ес жидық. Егемен ел атандық. Әлгі «Ленин туы», «Коммунизм туы», «Жеңіс» деген қызыл атаулар келмеске кетті. Шынын айтсам, осы Баянауылдың газетінің неге «Же­ңіс» деп аталғанын кейде өзім де түсінбей қаламын, кімді, нені жеңдік деп. Табиғаты ғажайып, әр тасы шежіреге толы мынадай еліміз, жеріміз бар. Тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы күннен-ақ аузыма «Баянтау» деген әсем атау орала бергені де сол еді, – дейді газет редакторы Шәкірат Шалбай. – Бү­гінгі күні 80 жыл толып отыр­ған біздің «Баянтау» атты аудандық газетіміздің де көрмегені жоқ. Қолдан келер қайраның жоқ, қатал заман үкімі солай болды. Аласа­пыран уақыт, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін зобала­ңы. Одан әрі сойқанды соғыс, соғыстан соңғы қалпына келтіру, тізіп айта берсең толып жатыр. Тәуба, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұған жетер бақыт жоқ. Иә, айтса айтқандай, «Баянтау» аудандық газетінің редакторы Шәкірат Шалбай ағамыз, міне, осылай толғанады, толғанатын да жөні бар. Газеттің 80 жылдық тарихының 50 жылын ол көз алдынан өткізді. 50 жыл бойы қазақ тіліне, қазақ газетіне қызмет етіп, өткеннің шежіресін, тау баурайында отырған ауылдар­дың тыныс-тіршілігін қолындағы қаламымен өрнектеп бүгінге жеткізді. Қане, тағы да әріптес әңгі­месіне құлақ түрелік. – 1960 жылы мектеп бітірген соң, осы редакцияға келдім. Кор­рек­торлығынан бастап, редактор­лыққа дейінгі сатылардан өттім. Ал 1972 жылдан бастап газет редак­торы қызметін атқарып келемін. Алғашында бұл газетті Ғалым Малдыбаев, соғыс жылдары Сма­ғұл Торғаев, Елубай Сағынаев деген азаматтар басқарған. Одан кейінгі жылдары Балтабай Сейсембеков, Рафағат Сыздықов, Хакім Бөпеғалиев, Төлеутай Құлмағам­бетов деген ағаларымыз редактор­лық жасады. Бұл өшпейтін тарих, ағалар жолы, өзге елдің құзырын­да болсақ та елді, жерді сақтап келген халықтың талайлы тағды­ры деп білемін. Мұның бәрі, әри­не, газеттің сарғайған беттерінде қалды. Өзімізге белгілі, еліміз енді еңсе көтеріп жатқан тұста, сонау 90-жылдары қаражаттың жоқты­ғынан кейбір аудандық газеттердің уақытша жабылып та қалғаны есімізде. Баянауылдың «Баянтауына» да оңай болған жоқ. Кеңес кезінде газет аудандық партия комитетінің органы болды да, материалдық жағынан қиындық көре қоймадық. Қиындық деген бертін, ауыспалы кезеңде келді. Жалақы төленбеген соң, тілшілері кетіп қалып, Шәкірат ағаның бір өзі редакцияда жалғыз қалған кездері де бо­лыпты. Содан біраз уақыт облыс­тық «Сарыарқа самалы» газетінің қосымшасы болып та шығып жүрген көрінеді. – Сол кезде бәрін тастап, редакцияның ғимаратын жекешелендіріп, кәсіпкерлікпен айналы­сып кетуге де болар ма еді. Бәрі­нен де бұрын қазақ газетінің шам­шырағын сөндірмеу міндеті, пары­зы биік тұрды. Әрі қазақ тіліндегі газеттің жабылып қалуына жол бергім келмеді. Бұл қиындықтан өттік. Алайда, осы бертінде, 2000 жылдары сол кездегі аудан бас­шылығы «Баянтауды» жауып тастап, «Баянауыл баурайы» деген екінші бір аудандық газет ашқаны бар. Аудандық бюджеттен бөліне­тін қаржы екіге жарылып, бұл жағдай да оңайға түспеді. Әйтеуір, жаңадан ашылған газет жабылып, біз «Баянтаудың» іргесін құлат­пай, аман сақтап қалдық, – дейді Шәкірат аға әңгімесін әрі қарай жалғастырып. – Өзіңіз де білесіз ғой, облыстағы басқа аудандарда орыс тілінде шығатын газет қа­шанда алдыңғы қатарда тұратын еді. Оларға ерекше мән берілетін. Ал қазақша аудандық газеттер күні бүгінге дейін кейбір аудандарда мүлде болмады. Қазақша беттері ғана бар немесе орыс газетінің аудармасы іспетті болып жүрген болса, облыс әкімі Бақыт­жан Сағынтаевтың тапсырма­сы­мен был­тырдан бастап облыстағы Успен, Железин, Павлодар ауданы, Павлодар қаласы, Қашыр, Шар­бақ­ты аудандарында ашылған газеттер қазақ тілінде шығатын болды. – Ал енді, «Баянтауды» айна­лып өткен жазушы-ақын жоқ. Марқұм­дар Дихан Әбілев, Әзілхан Нұр­шайықов, Зейтін Ақышев, Рамазан Тоқтаров, Қалижан Бекхожин, қа­зіргі көзі тірі Қалмұқан Исабаев секілді ағаларымыздың жазғандары «Баянтауда» жарияла­нып тұрды. Бір ғажабы, «Баян­тауға» деп Алматы­дан өздері хатпен поштаға салып жіберетін. Сөйтсек, қазақ газетіне тілекші болып, ел мен жерге, баян­ауыл­дықтарға ой салса деген мақсат екен ғой ол кісілердің жазғандары. Марқұм Ісіләм Жарылғаповпен де байланысымыз жақсы болды. Бар­лы­ғымен үзбей хат жазысып тұр­дық. Бір кезде ол уақыт әбден сарғайтқан бума-бума қағаздардың жібін шешіп, бірінен соң бірін көрсетті. Газеттің мерейтойы қар­са­ңында Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Мейіз Сәтбаева секілді ғалымдардың ертеректе осы басы­лымда жарияланған мақалала­ры­нан үзінділер де бердік. Бұлар тарихи жәдігер, кейінгі ұрпаққа қажет дүниелер ғой. Бұл күндері де «Баян­таудың» оқырманы да, ауыл-ауыл­дан жазатын меншікті тілшілері де жетеді. Онсыз Баян­ауыл болмас. Әр ауылда бір-бір қаламгер, бір-бір шежіреші, ақын-жырау, жазушы бар десек, артық емес. Күркелі ауылы­нан Нығмет Жәмінов, Бірліктен Бағзат Әбде­нова, Жаяу Мұса ауы­лы­нан Мұха­мет­қайыр Шәріпов және т.б. газет­тің тұрақты оқыр­мандары. Ал енді Баянауылдың өткен-кеткен бүкіл шежірелі ғұмы­рын термелеп, жыр­дай ғып айтып беретін Рамазан Нұрғалиев, Ал­тынбек Жұ­матов деген шежірешілермен тарихшылардың өзі байқап сөйлеседі десе де болады. Қос шежіреші газетпен үзбей байланыс жасап, жиі-жиі танымдық мақалалар жазып тұра­ды. Осы газеттен шығар­машылық жолын бастаған Сүлей­мен Баязитов деген жазушы қазір ақсақал жасында. Ал Қырықбай Алдабергенов ғылым докторы, профессор болса, Асқар Лекеров аудандық оқу бөлімінің бастығы. Редакцияда да кілең жастар істейді. Ай­талық, Жаннұр Мұсабаева жа­уап­­ты хатшы, Ләззәт Жүнісбекова редактордың орынбасары, Қатаро­ва Меруерт, Тілеубаева Айгүл деген тілші қыздар бар. – Өзіңіз де байқаған боларсыз, «Баянтау» деген газеттің болашақ иелері қолдарына қалам ұстаған осындай қазақ қыздары. Расында да, мен қазақ қыздарына қайран қалам! Ал енді өзімді Шәкірат Шалбай деп ел-жұртқа таныстыр­ған «Баянтау» газеті деп ойлай­мын, – деді редактор ағамыз бізбен қоштасарда. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы. Суретте: газет редакторы Шәкірат Шалбай.