– Балалық шақтан бастайық дейсіз бе, – деп бастады Абай әңгімесін. Бәрі күні кешегідей көз алдымда. Ауылда өстім. Николаевка, өзіміз Көбеш дейміз ғой, қазақ-орысы аралас үлкен елді мекен еді. Дәл іргеде сылаңдап ерке Есіл ағып жататын.қазірде де солай ғой. Жаз туса таңертеңнен кешке дейін көк майсаның үстінде асыр салып, судан шықпаймыз. Атам мен әжем соңымда жүреді. Адам боп ержеткенін, бәрі-бәрі сол кісілердің арқасы ғой...
Ол ойланып қалды. Дәл осы сәтте кірпігіне мұң ілінгендей... Тағдырдың жазуы солай болған шығар, әкенің де, шешенің де мейіріміне бөлену бақыты бұған бұйырмапты. Бірақ жетім қозының күнін кешкен жоқ, атасы мен әжесі қолында барын Абайының аузына тосып, ешкімнен кем қылмай алақанына салып өсірді. «Қазақта Абай деген ел мақтанышына айналған ұлы ақын болған. Сен де өсесің, атыңа сай үлкен азамат боласың. Ол үшін көп оқуың керек, қазір дүниенің бәрі білімде», дейтін атасы. Әттең, дүние-ай, бұл мектеп табалдырығын аттаған жылы қария қайтыс болып кетті. Ауыл арасында өте сыйлы, діндар адам еді. Ептеп домбыра шертетін.
Ол кезде Қызылжар өңірінде Баян, Ленин сияқты жақсы білім беретін үш-төрт-ақ қазақ мектебі болатын. Есімі облыстан да тысқары жерлерге жақсы мәлім Ленин орденді ұстаз Асқар Игібаев басқарған біздің Николаевка орта мектебінің атағы дүркіреп тұрды. Мұғалімдердің бәрі де сайдың тасындай іріктелген өз ісінің нағыз шеберлері еді...
Уақытта тоқтау жоқ, мектеп қабырғасындағы күндер зымырап өте шықты. Балалық шақпен қоштасатын сәт те алыс емес. Абай кәдімгідей қиналып жүр. Болашаққа өздерінше жоспар құрып жүрген құрбы-құрдастарынан қалмай оқуға барғысы келеді. Апасын да (ол әжесін осылай атап кеткен) қимайды. Осындай күндердің бірінде апасы Абайға қаймақ құйған қою шайды ұсынып жатып, тосыннан сұрақ қойды. «Жұрттың балаларының бәрі оқуға бармақ болып жатқан көрінеді. Сенің не ойың бар?» Ол көп ойланған жоқ, жауабы дайын еді. «Әскери қызметкер болғым келеді», деді. Бұл жауап өмірінде шалғайдағы ауылдан ешқайда ұзап шықпаған қазақтың кемпірін шошытуы керек еді. «Қарағым-ау, бұл не сөзің, жұрттың баласы сияқты осы ауылға қажет оқудың біріне бармайсың ба, агроном бол, тіпті мұғалім, дәрігер кімнен кем?!.» деп әжесі азар да безер болатын шығар деп ойлаған. Бірақ ол кісі немересінің қалауына бірден құлай кетпегенмен, мұны қинаған жоқ. Ойланған күйі отырып қалды.
Шыны сол, әжесі ешқайда бармайсың, оқу осында да бар, қасымда боласың, жұмыс істе, көмектес десе, айтқанынан шыға алмас еді. Өйткені, оған бұл кісіден жақын, қымбат жан жоқ. Он бес жасқа толғанша туған анам деп келген, апа деп кеткен. Кейін бәрін, мұның анасы Дариханың көрші ауылда тұратынын, өз отбасы бар екенін, төрт айында атасы өлердегі сөзін айтып алып қалғанын, анасының алғашында емшектегі баланы қалай тастап кетемін деп қиналғанын, бере алмаймын дегенін, тек атасының теріс батасынан ғана қаймығып айтқанға көнгенін, шалының ақ тілегі келінінің бағын ашып, он баланың анасы болып отырғанын, сөйтіп жөргектегі сәбиді бауырына салып емізгенін, елуден асқан шағында емшегінен сүт шыққанын, әжесі тәптіштеп айтып берген. «Анаңды да ұмытпа, оның еш кінәсі жоқ», деген.
Осылай деген әжесі бұл оқу бітірген соң алыс жолға ақ батасын беріп шығарып салған. Содан Абай Ташкенттен бір-ақ шықты. Осындағы әскери училищеге Солтүстік Қазақстан облысынан құжат тапсырған 14 баланың 4-еуінің ғана, араларында Абай да бар, жолы болды. Оның арғы жағы белгілі ғой, әскери тәртіп, күні-түні жаттығу, бастық көп, дамыл жоқ...
Екінші курста оқып жүргенде Алматыда әскери училище ашылып, Абай сонда ауысты. Оқуын тәмамдағаннан кейін училище қабырғасында өзін тек жақсы қырынан ғана танытқан жас офицерді қызметке орналастыру мәселесі тез шешілді. Ол курсанттар взводын басқаратын болды. Рота, батальонға жетекшілік етті. Сөйтіп, кеңес заманының кезінде-ақ көзге түсіп «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды. Бұл көп жағдайда әскери ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткендерге ғана берілетін марапат еді. Кешікпей оның өңіріне орден де қадалды. Оны сол кездегі Кеңес Одағының Қорғаныс министрі А.Гречконың қолынан алды.
Ойламаған жерден одақ ыдырап, туған еліміз тәуелсіздігін жария еткен кезде Абай Тасболатов Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бөлім бастығы болып істейтін. Бір күні оны Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бастығы, генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетов шақырып алып, Алматыдағы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің бастығы қызметіне ұсынбақ ойы бар екенін айтты. Бұл Абай үшін күтпеген ұсыныс еді. Сондықтан ол жүрексінетінін жасырмай, орынбасар болсам қайтеді деген ойдың ұшығын шығарған. Бірақ генерал оның бұл уәжін қабылдай алмайтынын кесіп айтты. «Тәуелсіз ел болдық, жедел шешетін мәселелер көп. Ендігі жерде тізгін өздерің сияқты ел азаматтарының қолында болуы керек», деген ол.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1991 жылдың қазан айында Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ал келесі жылдың мамыр айында Елбасының Жарлығымен еліміздің Қорғаныс министрі болып тағайындалған генерал-полковник, кейін армия генералы болған Сағадат Нұрмағамбетов әскерилер арасында өте беделді адам-тын. Ұлы Отан соғысына қатысып, жиырма жасында Кеңес Одағының Батыры атағын алған, от пен оқтың арасында шыңдалған, соғыстан кейін жауынгерлік жолын кеңестік жүйенің қорғаныс саласында жалғастырып, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік әскерлер тобы қолбасшысының бірінші орынбасары дәрежесіне көтерілген айтулы тұлғаның ел қалқаны – Қарулы Күштердің тағдыры, болашағы шешіліп жатқан аумалы-төкпелі күндері М.Алтынбаев, Б.Ертаев, Ә.Жарболов, У.Еламанов сынды майталмандармен бірге А.Тасболатовқа да сенім артуы кездейсоқтық емес еді. Бұл кезде ол да әскери қызметтің қыры мен сырына әбден қаныққан білікті де білімді командирлердің бірі болатын.
Ол өзіне тапсырылған қызметтің жауапкершілігін бір сәтке де есінен шығарған жоқ, бар күш-жігерін, білімін сол сенім үдесінен көрінуге жұмсады. Осы қызметті он жыл абыроймен атқарған кейіпкеріміз 2002 жылдың қаңтар айында Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Тура төрт жылдан соң Президент оған республикалық ұланның тізгінін ұстатты.
Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы айрықша құрылым – «Ұланды» Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төл перзенті десе де болады. Ол Елбасының ұсынысымен, тікелей қатысуымен құрылды. «Нұрсұлтан Әбішұлы ұландықтармен жиі кездесіп, құрылымның даму барысын, жауынгерлік әзірлігін, техникалық және тылдық қамтамасыз етілуін, жарақталу деңгейін, әскерилер отбасыларын әлеуметтік жеңілдіктермен қамту мәселелерін үнемі бақылап отырады. Ұландық жауынгерлер мемлекет қамқорлығына бөленген. Соған сай алғашқы жауынгерлік қызмет күндерінен бастап-ақ Ұланның әскери қызметшілері құрылымның жоғары мәртебесіне сай болуға, Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы қойған маңызды тапсырмаларды сапалы орындауға тырысып келеді», – дейді Абай Тасболатов.
Республикалық ұлан құрылғаннан бергі уақыт ішінде оның қатарында он мыңнан астам сарбаз әскери даярлықтан өтіпті. Олардың көпшілігі қазірде еліміздің түрлі күш құрылымдарында өз қызметтерін абыроймен атқарып жүр. Ұлан сарбаздары негізгі жауынгерлік міндеттерін мінсіз атқара жүріп, қоғам өміріне де белсене араласады. Олардың өнеріне, спорттағы жетістіктеріне отандастарымыз ғана емес, шетелдіктер де тәнті. Мысалы, 1996 жылы екі жүзден астам жауынгерлерден тұратын үлкен топ Малайзияға барып, ол елдің бірнеше қаласында әскери өнер үлгілерін көрсетті. Сондай-ақ, Ұланның Құрмет қарауылы Мәскеудегі Қызыл алаңда өтетін «Спасск мұнарасы» халықаралық әскери-музыкалық фестиваліне бірнеше рет қатысып, шеру жасау, қаруды меңгеру шеберлігімен таңғалдырды. Республикалық ұлан құрамындағы Президент оркестрі де мемлекеттің айбынын асырып, сән-салтанатын паш еткен үлкен өнер ұжымы. Құрылуы мен қалыптасуына белгілі тұлғалар үлес қосқан оркестрде қазір де дарынды өнерпаздар тобы еңбектенуде. Барлық жанрлардың, түрлі ұлттар мен ұлыстардың музыка үлгілерін жоғары сапада орындайтын ұжым әлемдік сахналарда Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүр.
Осылай бүгінгі таңда өзі басқарып отырған құрылым жайлы мақтанышпен сөз сабақтаған Абай Бөлекбайұлы біздің бар табыстарымыз өз бастауын Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған сындарлы саясаттан алатынын баса айтқан. «Халық оған өз тағдырын, өз болашағы мен ұрпақтар болашағын сеніп тапсырды. Нұрсұлтан Әбішұлы елдің дамуы мен гүлденуіне теңдессіз күш салды. Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішінде Қазақстан саясат пен экономикада ауқымды жетістіктерге жетіп, әлемнің ірі державалары пікіріне құлақ асып, ұсынысын мақұлдайтын беделді мемлекетке айналды», – дейді кейіпкеріміз.
Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішінде Қазақстан қол жеткізген ірі жетістіктердің бірі – заман талаптарына сай жарақталған, кең-байтақ қазақ жерінің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын кәсіби әскердің қалыптасуы десек, еш қателеспейміз. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде 2007 жылғы 21 наурызда дүниеге келген мемлекеттің ұлттық, нақтырақ айтқанда, әскери қауіпсіздігіне қатысты мәселелерін реттейтін, ең алдымен, қорғаныс сипатындағы жаңа Әскери доктрина қабылдануы да Қазақстанның Қарулы Күштерін дамыту мен жетілдіруге, оңтайлы құрылымы бекітіліп, әскеріміздің даму жолындағы стратегиялық қазығын айқындауға бағытталған нақты қадамдар болғаны анық. Абай Бөлекбайұлы да осы істердің бел ортасында жүрді. Демек, оның да Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы мен қалыптасуына қомақты еңбек сіңіріп, өзіндік үлес қосқаны анық. Әскери салада осындай бай тәжірибе жинақтаған адамның өзіндік ой-толғаныстары болуы заңды десек, соңғы жылдары жарық көрген кітаптарының да шертер сыры аз емес. Жақында ол Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында оқырмандарға «Жоғарғы Бас қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі» деп аталатын жаңа кітабын ұсынды.
– Бұл жетістік – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі, яғни, мемлекетіміздің қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын, ел тыныштығын қорғауға бағытталған сындарлы саясатының жемісі. Өйткені, Президент Қарулы Күштер және басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың даму бағытын заман ағымына, ел өміріндегі негізгі кезеңдерге сай айқындап отырды, оларды жетілдіру жолында көптеген өміршең шешімдер қабылдады. Оны біз жазбағанда кім жазады деп қолға алған едім, – дейді ол.
Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» елдің Қарулы Күштерінің қалыптасу кезеңдерін таразылайтын тәлімі зор туынды деп бағалаған бұл еңбегінде автор Елбасының мемлекет әскерінің әлеуетін арттыруға, әлемнің озық елдері армияларымен терезесі тең деңгейге жетуіне бағытталған қызметін егжей-тегжейлі талдай келіп, әскерлер мен әскери құрылымдарды құрып, қалыптастырып, қуатты күшке айналдыра білген ерен еңбегіне өз бағасын береді, шынайы ризашылық сезімдерін ортаға салады.
Осы кітаптың таныстырылу рәсімінде сөз алған елімізге есімі жақсы танымал азамат, белгілі ақын Ербол Шаймерден: біріншіден, «Автордың ғалымдығы осы тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеп жазуына көмек берген. Оның бұл саланы жақсы білетіні, оған өзі де тікелей араласып, еңбек етіп жүргені кітапты оқып отырғанда айқын аңғарылып, автордың қарапайымдылық қасиеті ерекше байқалады. Бұл жаңа тұрпатты әскерилеріміздің қазіргі бейнесі деп білеміз. Екіншіден, бұл еңбекте білімнің көзі бар. Өйткені, көптеген тарихи деректер жинақталған», депті.
«Автордың ғалымдығы»... «білімнің көзі бар»... Ерекеңнің жөн-жосықсыз ешкімді мақтамайтынын ескерсек, бұл артық айтылған сөз емес, әскери қызметті ғылыммен шебер ұштастырып жүрген Абай Тасболатовтың еңбегіне, азаматтық болмысына берілген шынайы баға. Кезінде оның ғылыми жұмысына жетекшілік еткен марқұм, академик Манаш Қозыбаев та оның осындай қасиеттерін жоғары бағалағанын білеміз. Ғылыми жұмыс демекші, оның кеңестік жүйенің аяқ кезіндегі кандидаттық диссертация тақырыбының жұртты дүрліктіргені бар. Ол «Кеңес армиясындағы ұлт мәселесі» деп аталатын. Мұны естіген диссертациялық кеңестің мүшелері тіпті аузын ашуға мүмкіндік бермей: «Атама, өзіңді де, бізді де құртасың, қызметіңнен қуыласың, бәрінен айырыласың», деп ат-тондарын ала қашқан. «Мен не деймін, домбырам не дейді» дегендей, бұл аң-таң. «Кеңес Одағында ұлт мәселесі жоқ, бәрі шешілген. Басқа тақырып құрып қалды ма, қайдағыны қайдан тауып алып жүрсің?» дейді. Ешқайсысының мәселенің байыбына бойлағысы жоқ, заман да, адам да өзгеріп жатқанын ескермейтін сияқты. Өз зерттеулеріне сүйенсе, бұл кезде кеңес әскерлері құрамындағы түркі тектес халықтар өкілдерінің үлес салмағы 65-70 пайызға жетіп қалған. Осы жайды ескеріп жатқан ешкім жоқ. Баяғыдан бері келе жатқан сегіз сағаттық «Халықтар достығы» сабағы бәрін шешеді деп ойлаған ғой.
Абайдың өз пайымдауынша, әскери саладағы жоғары оқу орындарының бағдарламасына түбегейлі өзгерістер енгізетін мезгіл жетті. Аттары аңызға айналған көшпенділер – сақтардың, ғұндар мен көк түркілердің ұрпағымен жұмыстың сипаты өзгеше болу керек. Олардың жауынгерлік даярлық, кәсіби деңгейін арттыру үшін тілін, дәстүрін біліп, даңқты бабалары – терең ақыл, биік намыс, ержүректікті ту етіп көтерген ұлы хандар мен батырлар рухында тәрбиелеу керек. «Түркі жұрты үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым», деп ел мүддесін бәрінен жоғары қойған Күлтегін бабасын, Тоныкөк пен Білге қаған секілді көреген билеуші, ұлы қолбасшылардың, Қазақ хандығының негізін салушы Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Есім, Тәуке, Әбілқайыр мен Абылай, халқына деген адалдығы, ерлігі мен батырлығы мәңгілікке сақталып қалған Жалаңтөс, Қарасай, Ағынтай, Қожаберген, Есет, Бөгенбай, Қабанбай, Хангелді, Саңырық, Өтеген, Қойгелді, Райымбек, Наурызбай, Олжабай, Баян, Жанатай, Жауғаш және басқа да һас батырлардың ісіне, өміріне терең бойламаған жастардан не күтуге болады. Сондықтан олардың сана-сезімінде төңкеріс жасау керек. Ол үшін жас сарбаздармен күнбе-күн жұмыс істейтін офицерлер қарамағындағылардың салт-дәстүрлерін білулері, құрметтеулері керек. Араға біраз уақыт салып диссертациялық кеңестің алдына қайта оралған ол осының бәрін соқырға таяқ ұстатқандай дәлелдеп шықты. Алматы жоғары жалпы әскерлік командалық училищесін тәмамдаған, одан кейін Мәскеу қаласындағы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген білікті офицер осымен шектеліп қалған жоқ, өзінің қолға алған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын мінезіне басып ғылым саласындағы ізденістерін одан әрі жалғастыра берді, арада 14 жыл өткеннен кейін Мәскеу ғалымдарының алдында тағы бір еңбегін ойдағыдай қорғап, тарих ғылымдарының докторы атанды.
Осы материалға отырып, Абай Тасболатов өмірінің иірімдеріне тереңдеген сайын сегіз қырлы деген сөздер ойға орала берген.Шынында да, ол кісі қызығарлық небір асыл қасиеттерді бойына жиған ғажайып тұлға. Демалыс сағаттарында домбырасы қолынан түспейді. Тарихқа жүйрік екені жай да түсінікті ғой, ал әдебиетке, әнге құштарлығын оятқан қандай тылсым күш!? Әжесінің әлдиі ме, әлде Абай, Мағжан жырларының құдіреті ме... «Сегіз Серінің, Ақан серінің, Біржан салдың, Үкілі Ыбырайдың әндерін жақсы көремін. Қожаберген бабамыздан, Шал ақыннан қалған сөздер қандай керемет! Солардың бәрін есте сақтай алмайсың, қойын кітапшама жазып жүремін...» Абай Бөлекбайұлының жанынан бір елі тастамайтын қойын кітапшасы барын онымен араласатындардың бәрі біледі. Іші толған- ой, сыр. Күнделік десе де болғандай. Бірде кейіпкеріміз іздеген сәтте осы кітапшасын таппай қалып қатты қысылыпты. «Бұл кітапша маған өте қымбат. Өзін қашан бастағанымды да ұмытып қалдым. Кәдімгі менің ақылшым сияқты».
Жаратқан жарық дүниеге шыр етіп келген пенделерін алаламай әу баста қай-қайсысына болсын, сан-алуан жақсы қасиеттерді үйіп-төгіп береді екен. Алайда, соның бәрін сақтап, молайту, өз басының, елінің игілігіне жарату екінің біріне бұйырмаған. Тынымсыз ізденіп талпынғандар ғана биіктерді бағындырады, бойындағы жақсы қасиеттерін ұштап, сан-қырлы азамат болып қалыптасады, бақытын табады. Абай Тасболатов та нақ осындай азамат.
Жақында жол түсіп, Көбешке (А.Тасболатовтың туған ауылы) барған едім, кәдімгідей көтеріліп, көркейіп қалыпты. Осыдан он-он бес жыл бұрын қаңырап бос қалған үйлердің бәрі жөнделген, иелері бар, жұмыс істеп тұр, аулалары гүлге толы. Солардың арасында менің көзіме оттай басылғаны жаңа мешіт үйі еді. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары Төлеген Мұқашев: «Генерал жерлесіміз Абай Тасболатовтың бастамасымен салынды» деді. Мектеп табалдырығынан аттадық. Мектеп өмірі туралы әңгімелеген жас директор Абай Бөлекбайұлының айтуымен оқу орнының тарихы туралы кітап дайындап жатқандарын тілге тиек етті.
Иә, ол қайда жүрсе де алтын бесігі – ауылын ұмытпайды. «Шіркін, ауылға не жетсін! Ауасы қандай, адамдары қандай!..». Осы бір сүйіспеншілік жүректі тербейді, кейде жыр болып төгіледі, кейде күй болып күмбірлейді. Сағыныштан туған сондай бір күйді бірге отырып тыңдадық. «Әжеме арнадым» дейді. Ойды шырмап, бойды шымырлататын дүние екен. Кейіпкерімнің жарқырай көрінген осы бір қасиеті оның тұлғасын бұрынғыдан да асқақтата түскендей.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.