24 Қыркүйек, 2011

Қазақ елі

514 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Бүгін мен болашақ туралы ой

Тағы бір ай өткен соң, магистратураны бітіріп, Қазақстанға қайттым. Қазір Ақтауда жұмыс істегеніме екі жыл болды. – Чарльз інім не болды? – Чарльз ініңіз Алматыға артымнан іздеп келіп, тағы да маған тұрмысқа шық деді. Азамат­тығына тәнті болдым. Бірақ келіспедім. Тараздың бір жігітіне тұрмысқа шықтым. Түрік университетін бітірген. Кең, мейірімді адам. Бір ұлымыз бар. Ұл­дардың санын құдай қа­ласа, бесеуге жеткізбекпіз. – Нью-Йоркке жайша келдің бе? – Осындағы бас офиске жұмысқа шақырды. – Келістің бе? – Сіз қолдасаңыз, онда шартқа бүгін қол қоямын. – Қой қолыңды. Қорғанбай қой. Бүгін кешке менің журналист досым Джим Лерегер Калифорниядан арнайы ұшып келеді. Екеуіңе дастарқан жаяйын. Келісемісің, Гүлжан?! – Келісемін. Рахмет, Роллан аға. Күйеу бала­ңыз да осында. – Бірге келіңдер. Орта толады. Көңіл өседі. Гүл­жан, сенің аз ғана өмір жолыңның өзі бір үлкен роман. Отанын сендей аялайтын қарын­дастарым көбейе берсін. – Отанымды құрметтеуге баулыған сіздердің ақ ниеттеріңіз ғой, ағалар! Сол кеш біздер Нью-Йорктің атақты қытай ресторанында бас қостық. Шығыс рухы қаны­мызда ойнасын деген ой еді менікі. Сол ойды жастар ұқса деген тілек еді менікі. Ертеңінде таң атар-атпастан, Джим Лерегер екеуміз Невада штатына жол тарттық. 2011 жылы Семейдің ядролық полиго­нының жа­былғанына жиырма жыл толды. Соған орай Невада мен Семейді қосып, бір кітапты бастап жібереміз бе деген ниетті ұстанып жүрміз. Жол кеспейін. Бәрін уақыт көрсетеді. Алланың сәт сағаты түссе, Джим екеуміз ол кітапты жазып та шығармыз.   Дегелең тауы. Бейбіт атом һәм адам Тек иман айтқан, жақсы ғамалдар  жасаған адамдар ғана таусылмайтын сауапқа батады!                                      Құран Кәрімнен. Адамзат баласы жұмыр жерде бейбіт атом жос­парын енгізуді армандағалы қашан. Бұл жос­парды тікелей іске асыруға Америка мен Еуропа жандарын салуда. Атақты физик, екі мәрте Нобель сыйлы­ғының иегері Мария Кюри күйеуінің мола­сының ба­сында тұрып, бейбіт атом болуы мүм­кін емес деп күбірлеген көрінеді. Мен Американың Принстон университетінде студенттермен кездескен соң, сол университетте сабақ берген, ХХ ғасырдың ұлы тұлға­сына айнал­ған Эйнштейннің моласының қайда екенін сұ­рағам. Ешкім білмеді. Сөйтсем, ұлы физиктің бейіті жоқ екен. Шыңғысханның бейіті де қайда қалғанын ешкім білмейді. Енді білу мүмкін де емес. Бөлінбейтін нәрсені бөлмеңдер деп Алла адамды ескерткені қайда. Бөлінбейтіні осы атом еді. Адам оны талшықтап бөлді. Сөйтіп, қара жерге ақырзаманның келуін жеделдетті. Осы күз бір кездері құпия болған, 22 нөмірлі қала – қазіргі Курчатов қаласына бар­дым. Бұл көп жылдардан бергі арман болатын. Атақты Дегелең тауын көрмегелі де талай жылдар өткен. Бұл жолы 63 жыл бойы Кеңес үкіметінің ядролық сынақтар мекені болған Дегелеңге аттандым. Жолда тас-талқан болған Шаған қаласын аралап шықтым. Гарнизон, мәдениет үйі, мектеп, аэро­дром бәрі иесіз. Та­лақ қалған. Осы аэродромда Брежнев ұшатын арнайы ұшақ тұратын. Генсектер шет елге ұшарда ұшақтарын Шағаннан алдыратын. Қараңғы түн. Иесіз қираған қала. Меңіреу тыныштық. Жас журналистер талмай жазатын иесіз қалған қалалар мен ауылдар көп-ау. Бірақ, білек сыбанып, соны жандандыратын жастар шықпай жатқаны жанға батады. Алыстан көгеріп көрінетін Дегелең тауы аса сұлу еді. Ертеде қалаға кірер жерде пост тұратын. Рұқсатсыз ешкім кіре алмайтын. Жабық қала­ның сыртқы әлеммен еш қатысы жоқ. Тамақ Мәскеу­ден, киім Мәскеуден, бұйрық та Мәс­кеуден келетін. Шағандағы ұшқыштардың орта­сында жас кезімде көп болғанмын. Сыйлас адамдар да көп еді. Кеңес үкіметі ыдыраған соң алысқа ұшатын бомбардировщиктер полкі Ресейге қоныс аударды. Ал Шаған қаласының орнында қираған үйлер ғана қалыпты. Тіпті сау тамтығы қалмаған. Темір-терсектерін Семейдің бизнесмендері Қытайға өткізіп жіберген. Үйлердің кірпіші таланған. Бұл қираған қалаға түнде кірсең, тірі өліктей болған есік, терезесі жоқ аңқиған бес қабатты үйлер зәреңді алады. Түн ішінде әр үй сөйлейтін болар. Олардың адамға айтпағы көп-ау... Курчатов қаласының ортасында да үңірейіп тас-талқан болған үйлер жетерлік. Шығыс Қазақ­стан облысының әкімдігі қаланы енді ғана жөнге келтіріп жатыр екен. Мен Дегелеңге асықтым. Жай адамның аяғы 1947 жылдан баспаған жұмбақ территория. Бір Бельгия еркін сыйып кететін кең ау­мақ­ты үнсіз дала. Осы Дегелеңде алғашқы ядролық бомба 1949 жылдың 29 тамызында таңғы жетіде жарыл­ды. Ал 1951 жылдың 18 қазанында алғаш рет ұшақ­тан атом бомбасы, 1953 жылдың 12 тамы­зында алғашқы термо­ядролық, 1955 жылдың 29 қарашасында алғаш­қы сутегі бомбасы сынаққа түсті. Сөйтіп, 45 жыл бойы Дегелең тауы ядролық сынақтардың полигонына айналды. Алғашқы ядролық бомбаны жер бетінде жарғанда мен бес жаста, ұшақтан атом бом­басын жерге тастағанда жеті жаста, алғашқы сутегі бомбасын жарғанда мен тоғыз жаста едім. Бұл бомбаны халық арасында Сахаров бомбасы дей­тұғын. Мен сол атом полигонының қасында өмір сүрдім. Сутегі бомбасын сынар кезде біздің Абай ауданындағы адамдарды түгелдей қалаға көшіріп әкетті. Ал шал-кемпірлер, ұсақ балалар малы­мызды айдап, тау ішіне кеттік. Бізді солдаттар бастап жүрді. Мен сонда тұңғыш рет сутегі бом­басының жарылғанын көзіммен көрдім. Солдаттар бізді кигізбен кептеп жауып тастаса да, балалар сол кигіздің астынан бастарын қылти­тып шығарып алып, аспанға әуелей көтерілген саңы­рау­құлақты көрген. Құдай-ау, мен алты құрлықты аралағанда, сол бомбаның адам айтса нанғысыз бояуына әлі күнге дейін таң қаламын. Табиғатта жеті бояу болса, бомба қуатында жетпіс жеті бояу бар ма деймін. Соған ілесе жер ышқына орғыды, таудың тастары дүркіреп, мал мен адамдарды таптап, жазыққа домалай жөнелді. Жас ұлғайған сайын мен түсімде сол сұмдықтан шошып оянып, ұйықтай алмай, үйге де сыймай, дала кезіп кетемін. Қалада оянсам, таң атқанша бір тыншы­майтын көше шуынан екі құлағым бітеліп, жүрек тулап, жерге отырып қаламын. Сондай кездері тірі жүр­геніме өкі­немін. Бұндай қасіретті көтеру адамға ауыр, тіптен мүмкін емес. О Аллатағала!... Дәл осы жолы Де­гелеңге арнайы келдім. Деге­лең тауымен бет­пе-бет жүздесіп, ашық сөйлескім келген. Кө­гілдір тау қыркүйек айы болса да, шөбі сар­ғаймаған, уланған жап-жасыл дала міз бақ­пай сұлық жатыр. Көп жылдар бұрын бастап, бітіре алмай жүрген романымды Де­ге­леңмен сөйлеспей, та­­уыса ал­майтынымды іштей сезгенмін. Деге­лең тауы екеуміз жекпе-жекке шық­тық. Тау үн­демеді. Ол қа­са­рыс­қан қайғы мен мехнаттан сөйлей алмады. Радиациядан ула­нып, жап-жа­сыл бо­лып жатқан қалың шөп­ке белшесінен бат­қан дала да үндеген жоқ. Табиғатқа жасаған адам баласы­ның жауыздығын көр­ген мен де үндей ал­мадым. Тау да, адам да бір-бірін сөзсіз ұғысты. Оны жүрегім сезді. Тү­сінді. Дегелеңмен ме­нің диалогым романда бой көтерер. 1960 жыл­дары ядролық сынақ­тар­дан қы­надай қырылған Шың­­­­ғыстаудың шал-кем­пірі, 50 жылдан соң со­лардың немерелері мен шөбе­ре­лері, бүгін асы­лып өліп жатқан қыршын жастар тағ­дыры менің екі аяғым­ды байлап, жазу сто­лына отырғызар. Өл­ген таумен, уланған даламмен, тағдырынан бұ­рын қина­лып, жан тап­сыр­ған полигон адам­да­рымен бет­пе-бет кездесіп, олардың өмірін жазу азап-ақ. Бірақ, менде басқа амал жоқ. Бұл менің Ана-Жердің ал­дында, Ана-Отанның ал­­дында, Ана-Адамзат ал­дында адам­дық па­ры­зым. Бұл романды жа­зып бітірмесем, менің жер ба­сып жүруімнің өзі күнә. Адамзат баласының кінә мен күнәдан ада болар күні енді болмас. Құранда айтылар ақыр­заман белгілері атойлап, ортамызға жетіп, тебісіп жатқалы қашан. Жаңғырық үнге құлақ асайық. Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастай­мын! Күннен нұр өткен  шақта, Жұлдыздар шашылған шақта, Таулар жылжыған шақта, Қаймал інген қараусыз қалған шақта, Жан-жануарлар үйірілген кезде, Теңіздер бұрқ-сарқ қайнаған кезде, Жан-тәніне қайтып қосылған кезде, Тірідей көмілген қыздардың күнәсі сұралған кезде, Ғамалнама алдына жайылған шақта, Аспан айқара ашылған шақта, Тозақ оты қызған шақта, Жәннет жақындаған шақта, Әркім өзінің не істегендерін біледі. Күллі Әлемнің иесі Алланың өзі қаламайын­ша, сендердің қалағандарың іске аспайды. Семейдегі шешемнің үйіне таңға жақын жетіп, төсекке құлап түстім. Дегелең қайта ойға оралды. Жерасты жарылыстарын өткізген штольнялар, ұңғымалар айдаһардың аузындай аранын ашып жатыр. «Балапан», «Сарыөзен», «Ақтамберлі», «Телкем» ядролық алаңдары тас-талқан болған, полигондағы үйлер, қалашықтар қираған, Ертістен Дегелеңге тартылған дәу су құбырларын әлдебіреулер қазып әкеткен. Адам қырылып жатқанда бұл темір-терсектердің не болып жатқанын сұраудың өзі күнә. Дегелең трагедиясының жалғасы әлі ұзақ болатынында сөз жоқ. Семейде анам менен: – Дегелең тауы қалай, балам? – деп сұрады. Соғыс кезінде сол Дегелеңде анам мектепте сабақ берген. Қазақ даласының мал бағатын шүйгін жері Дегелең болушы еді дегенін сан рет естігенмін. – Анашым, Дегелеңнің жайын мен айтпайын, сіз сұрамай-ақ қойыңыз, – дедім. Ананың күйікті жүрегін жаралағым келмеді. Ата-бабасының қоны­сы болған жер ғой. – Анашым, Дегелеңде ұшқан құс та, жүгірген аң да жоқ екен. – Әрі айтпай-ақ қой, – деді анам. – Солмай, көгеріп шөп қана өсіп тұр. Баба­лардың моласын да көре алмадым. Ядролық сынақ­тардың оты молаларды баяғыда күлге айналдырып жіберген болар. – Дегелеңде бабалардың рухы қалмаған екен ғой, – деп күрсінді сексен бестегі анам. – Олар ренжіп, туған жерін тастап кеткелі қашан. Рух Аллаға қайтқан болар – дедім мен. –Ата-бабаның рухына дейін талқандады ғой бұлар, – деп бөгелді анам. Қайтып үндеген жоқ. Ертеңінде мен Алматыға ұшқанша сөйлеспедік. Бізде сөйлесуге шама да жоқ еді. Таңертең мені жолға шығарып салып тұрып анам: – Балам, осы сенің қазақ даласына аяғың тисе, жерге етбетіңнен жатып алып, жер сүюші едің. Ана Дегелеңде жерге жа­тып па едің? – деп сұрады. – Физиктер жерге жат­қыз­бады. – Олары дұрыс болған екен. Көрген адамдар ғой, – деп анам сабырына түсті. Семейден Астанаға ұшып келе жатып, Кур­чатовтың бейбіт атомы туралы ойладым. Курчатов қаласында ұлттық ядролық орталық, экология институты қарқынды жұмыс істеуде. Курчатов қаласындағы мектепте өткен кездесу көз алдыма келді. Сұрақ көп болды. Олардың бәрі де менің «Дүние тас-талқан болған күн» повесімді оқыған, сол бойынша шығарма жазған оқушылар. Сұрақтарының мәні де ерекше еді. Сол балаларға бар шындықты айтып, алдарына тарта алмадым-ау деп ойладым. Менің көз ал­дымда ақиқат тілеген, өмірге ғашық сол жастардың жалындаған жанары қалыпты. Астана әуежайына түс­кенде, олармен міндетті түрде екінші рет кездескім келді. Мектеп директорына SMS жібердім. Жауап әлі келген жоқ. Бірақ, сол балалармен тағы да бір кездесетініме сендім. Сол кездесуде тартынып қалмай, бар шындықты алдарына жайып салармын деп іштей берік бекемге келдім. Ақиқат айтылмаған жерде, адам азады деп ойладым. Адам азған соң, жұмыр жерде қасиет қала ма? Жұмыр жер толқыса, адамды қаңбақ құрлы көрмей құртып жібермей ме?! Жер киесі, ел киесі, адам киесі қашанда тірі. Сол киеміздің бар екенін біліп, аялап, ардақтап бағайық, ағайын. Көктегі Тәңірдің сөзіне құлақ аспай, емеуріне көнбей, өмір сүру мүмкін емес екенін түсінер кезі келгенін, адам баласы ертерек ойланып, ертерек ұқса деген тілек еді менікі...   Кенесары хан  немесе жалғыздықпен жекпе-жек Бір жетсе менің ажалым жетеді, Найзағай оттарынан, Сатқындар оқтарынан. Өйткені, мен теңіз боп ақтарылам.                                    Төлеген Айбергенов. Шымкенттегі «Махамбет» қонақжайының аула­сындағы ағаш төсенішке көрпе салдырып, жаздың бір тұтам қысқа түнінде, «Асау дала трагедиясын» қалай бастап кеткенімді өзім де білмей қалдым. Сол ағаш төсеніштен кеудемді көтермей, қызыл ала кілемнің иісін жұтып, үш күн-үш түн «Асау даланы» жаздым. Бұл реквием – кітаптың алғашқы нұсқа­сының жеті бетін он алты жасымда, Шың­ғыстауда 11 сыныпта оқып жүргенімде қағазға түсірген екенмін. Сонан бері де қырық алты жыл өтіпті. Қырық алты жылда сиясы оңып, қағазы сарғайып, шет-шеті үгітілген жеті бет қол­жазбаның киесі мені осы өмірде тірі сақтап жүрді ме екен?... Ядролық сынақтардың заһа­рынан зардап шеккен қазақ сәбилерінің ащы көз жасына суарылған жеті беттік жан айғай бозбаланың өзінің де үрейін ұшырып, оның өз трагедиясына айналып, жұдырықтай жүрегінің тас-талқанын шығарса керек. Сонан да, Алланың өзі қуат беріп, аузына салған сөздің ауырлығы сонша, бозбаланың оны сол кезде көтеріп кетуі мүмкін де емес еді. Аллатағала да бозбаланы қайтып қина­май жүрегіне салған ауыр азап салмағын жанынан өткізе берсін деп ұзақ жылдарға оңаша қалдырса керек. Сол жа­заны өмір бойы ша­шыратып алмай, атылып, асылып кетпей жүректе бағып ұстаудың өзі өлшеусіз ерлік бола­тын. Сонан да болар, Шың­ғыс­таудан түлеген сол бозбалаға Аллатаға­ла­ның көзі дұрыс болды. Жер-жаһанда оны үкілеп Тәңірдің өзі әкеле жатыр еді. Бәрі де бір Алланың қолында болатын. Ол жылдар – қаралы жылдар еді ғой. Есі бар адамдар арақтан, нашадан қырылып жатты. Мәскеуде жиырма жыл қызмет істегенімде, қан­ша талантты, асыл адамдар кеңдікке жасаған тар­лыққа шыда­май, өліп жат­қанын көзім­мен көр­дім. Олардың бәрі де кесек, біртуар тұлғалар бо­латын. Сол аяулы адам­дардың жаназасын шыға­руға да қатыстым. Бұл Кеңес Одағы ха­лық­тарының трагедиясы еді. Халық ұяттан жерге кірердей болса да, өлген жоқ. Билік бір жақта, ха­лық екінші жақта күн     кешті. Билік пен халықты бір арқанға байлаған тау­қымет қамы, тіршілік ая­сы, бір күнгі күнкөріс мех­наты ғана еді. Төртінші күннің ала таңында қаламымды ор­та­сынан бір бөліп, ор­ным­нан атып тұрдым да, қонақ­үйдің ауласындағы бассейннің мұздай суына қойып кеттім. Қызбалық­пен қыздыра жазған са­йын менің бір уыс жүре­гім ызаға толып, қанға бөгіп жатыр еді. Өз-өзім­ді сабырға, салқын ақыл­ға әзер көндірдім. Бұл аяу­сыз текетірес еді. Жүрек пен сана бітіспес ашық айқас­қа шыққан. Сүйегіңнен өтетін тау суы менің есімді жидыр­ды, жүрегімді орнықтыр­ды, санамды тазалады. Мен әдебиетке саналы түр­де кіріскенде ұлтшыл­дықты емес, адамдықты жырлап өтем деген сертімнен тануға сәл ғана қалып едім. Орыс патшалары айғай­лататын патриотизм, тек қана соғысқа, біреудің жерін жаулауға, жесірін қор­лауға, ерін өлтіруге ба­ғыт­талған. Мен қазақ аза­маты, қазақ жазушысы, ұлтымды қадірлеуге, Ана-Отанымды махаббатпен сүюге тәрбиеленген­мін. Сол «Махамбет» қо­нақ­үйінің ауласында «Асау дала трагедиясын» жазуды тоқтаттым. Салқын ақыл мен асқар қуат алар сәтті тостым. Бәлкім, осы қыс туған Шыңғыстауымда оңа­­ша жайғасып, бұл кі­тапты жазып бітіруге жа­нымды салармын. Өйт­кені, бұл кітап гендер мен тендерді айғайла­тып қыт-қыт­таған, балаларымен орыс­ша шүлдірлескен қазақ әйел­дері мен қазақтың намысынан бейхабар қазақ азаматтары үшін жазы­лады. Жер-Отанды, Ел-Отан­ды, Ана-Отанды қадірле­мей, сүймей, жұмыр жердің бетінде әрісі халық болып, берісі адам болып қалу мүмкін еместігін түсіндім. Іштен шыққан жауды жеңе алмай, жер бетінен жоғалып кеткен халықтар, ұлыстар қаншама?! Біз екі алпауыт мемлекеттің ортасында сына­дай қадалып тұрып қалыппыз. Олар біздің тәні­мізді жер бетінен жойып жіберуге, тілімізден, ділімізден айыруға барларын салды. Ұлы жорық­шыл бабалар Дешті Қыпшақ даласын көздің қарашығындай сақтап бақты. Сақтап келді. Енді сол қасиетті де, киелі Дешті Қыпшақ даласынан айырылып қалып жүрмейік. Бізді сығып тастауға даяр екі мемлекет те біздің өмір бойғы арман-үмітімізді үзуге әрекет жасауда. Жиырма бірінші ғасырдың үнсіз айла-шарғысы осы. Сонан да қазақ халқына қалғып, қамсыз жүр­генді тоқтатар кез келді-ау деп ойлаймын. Халық өз ойына, өз санасына ғана сенуі қажет. Қазақ халқы өз бақытын, өз жүрегінен ғана таба алады. Жаманға жалынбаған, жақсыға табын­баған, ер бабаларымыздың рухы қолдасын бізді! Астананы үнсіз аралап келе жатып, мен осы асау ойларға бекіндім. Асау ойларға бауыр басу, бекіну, ұзақ ішкі һәм сыртқы қақтығыстардан соң келді. Оңайлықпен келмегені маған да, саған да аян қазақ оқырманы. Дәл осы тұста өткен қателіктерді, аңғал­дық­тарды, әттеген-айларды бір-бірімізге кешпесек, Қазақ елінің аспанына сенім әлемін үкілеп көтеріп, билік те, халық та түнгі аспандағы айдай, күндізгі аспандағы күндей бірлесе көріп тұрмасақ, бола­шағымызға өз қолымыздан кісен салған боламыз. Абай бабамыздың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрме­сең істің бәрі бос», деген сөзінің кері келіп, ғайбаттан келген топан судың тегеурініне төтеп бере алмай, Дешті Қыпшақ даласын суға ағызып алармыз. Құдай содан сақтасын! Бұл жүрекжарды, екі жылғы сапардан соң туындаған үрей мен үміт реквиемі, Қазақ елінің ары таза, риясыз ақ тілеуі ғана. Алладан да, адамнан да қиыла тілеген тілеу. 1991 жылдан бастау алған 5000 беттік қол­жазба жол үстінде өткізген интервьюлер, мақала-ойлар, таспаға басылған бес жүз жо­лаушының, оның ішінде отыз екі ұлт өкілінің монолог-эсселері, тоғыз елдің президенттері мен премьер-министрлерімен, саңлақ ойшыл­дарымен, жазу­шы­ларымен болған сұхбаттар, әлемдік қоғам­дастық өкілдерінің ашыла шертер сырлары, қазақ елінің 20 жылдық тәуелсіз өміріне арналып үлкен кітап болып Мәскеуден жарық көреді. Ащы шын­дықтар айтылады. Ең басты ой мен арман, қазақ елінің болашағына деген үміт алауының бір сәтке де өшпеуі. 2011 жылы Қазақ елінде өмір сүрген сегіз мил­лион қазақтың тең жарымы – 1928-1933 жыл­дары аштықтан қынадай қырылғанына 80 жыл толады. Қазақтың отбасынан арылмайтын қайғы-шердің бірі осы аштық. Семейде сыналған ядролық апаттарға 65 жыл толады. Күні кеше ғана аспанымызды жерге төң­керген Желтоқсан көтерілісіне де 25 жыл толмақ. Қазақ даласын қанға бөктірген қасірет көп екені белгілі. Дегенмен мыналар айрықша атар ерекшелері. Кереку елінің университетінде болған кездесуде бір студент: Роллан Шәкенұлы, Қазақ­стан Республикасында неге беларус, чешен, ингуш, грузин, армян, түрік, т.б. халықтардың жазушы­лары жоқ? – деп сұрады. – Қазақ елінде қоныс тепкен ұлттар мен ұлыс­тардың тілі мен салт-дәстүрін сақтап өрбітуде Қазақстан мемлекеті көп өнегелі істер атқаруда. Бұл біздің елдің адамгершілік пары­зы. Басқаша болуы мүмкін де емес. Ал жазушылар туралы ой қозғау, ол бөлек әңгіме. Биік әңгіме. Жаңа ғана сіз атаған ұлттардың көрнекті өкілдерінің бәрі­мен тілектес, тілеулес, қарым-қатынастамын. Нағыз жазушы, халқының тегі. Дүрсілдеп соққан жүрегі. Биік ар-намысы. Нағыз жазушы туған топырағынан жаратылады. Туған таулары­нан рух алады. Өзге ұлттың, өзге елдің орта­сында бір де бір біртуар ұл тумайды. Біріншіден, текті ұлт өкілдері өз елдерінде өмір сүреді. Екіншіден, текті ұлан тегіне тартып туады. Өзге ел ортасында өмір сүретіндері күнбағыс қалпын­дағы жай шаруа адамдар. Шаруа адам шаруаға бейім ұрпақ тудырады. Генетикалық кодтың құлпы бұзылып, жоғарыда айтылған ұлттардан аймаңдай текті ұл туса, ол қалай болғанда да туған Ана-Отанымен қауышпай, тыныш таппай­ды. Ұлы өнер адамдары туған топырағында ғана өмір сүре алады. Жазу Отанда ғана жазылады. Жазу да топырақ талғайды. Қағаз бен қаламның сиқыры осында. Қазақстан Республикасының ұлттық ұстаны­мы өз ұлтының дамып, өсуіне қарсы жұмыс істемесін. Марқұм, орыс спортының асқан батыры Виктор Холмогоров айтқандай, Кеңес Одағында барлық ұлттар көркейді, орыстар ғана несібелерінен айы­ры­лып құрдымға кетті. Сол орыс хал­қының кебін Қазақстан Республикасында қазақ­тар киіп жүрмесін. Бүгін Астанаға келгенімде, әупіріммен алпыс үш жасқа, Мұхаммед пайғамбардың (саллааллаху алаихи уассалам) жасына жеткен екенмін. Әкем қайтыс болған соң мен ешқашан туған күнімді атап көрген емеспін. Мен үшін ендігі тірлікте жалғыз­дықтан жақын ешнәрсе жоқ еді. Таңертең Астананың Нұр мешітіне барып, құран оқығанмын. Аллатағаладан тілеу тілегенмін. О, Аллатағала, ата-бабамның туған жері Шиліөзекке жеткізе гөр. Қалған ғұмырымды сол жерде, тек қана жазуға жан салып өмір кешейін. Осы тілегімді қабыл ал, Аллатағала! Қайтадан намазға жы­ғыл­дым, бұл тілегімді де оңғара көр, Аллатағала! Қазақ елінің аспаны биік болсын, берекесі шашылмай, бірлігі таусылмай, дара да, дербес ел болуға жазсын, Аллатағала! Туған топырағымызда рухани адасуға ұшы­рап, табиғи ырғағымызды (ритм) жоғалтып ал­ған ел едік, сол табиғи ырғағымызды қайта­руға қол ұшың­ды бере гөр! Жан ырғағын жоғалтқан, өз ырқынан айырылған халықтың Жер бетінде ха­лық болып қалмайтынын өзің жақсы білесің. Сол ырыстарымды қайтарып, бүгінгі жас қазақ­тардың жүректері мен сана­сына сіңдіре гөр, Аллатағала! Кенесары ханның ескерткішінің қақ түбін­де отырып, адам баласына бас имеген, қазақ­тың тә­уел­сіздігі үшін жанын қиған, қадірлі ханның суық тасын жып-жылы алақа­ныммен аялай сипадым. – Қайран, асыл туған Кене хан! Аллатағала, маған сенің сарбазың болуды қимапты, кешір хан ием. Мен қашан да Абылай хан мен өзіңнің рухыңды қадірлеп, қасиеттеп өмір сүрдім! Рухыңа бас идім. – Роллан Шәкенұлы, сіз енді қайда ұшасыз? – деп сұрады қасымда келе жатқан Максим Кузин. – Шыңғыстауыма! Жалғыздық құшағына, Максим! Жаралы жүректің емі туған жер, бауырым!.. Р.S. О, момақан қазақ елі, саған жаман­шылық тілеген адам, ешқашан оңбас. Бұл жалғанда жолы да болмас ол пенденің. Құлағымда реквиемнің адам жанын тілгілеген қуатты үні. Ол қара жерді азан-қазан қылды да асқақ әуенді үн көк аспанға әуелей көтеріліп, лезде алыстап, ауаға сіңіп бара жатты. Нағыз музыка – ауа ғой. Ал реквием өнердің алтын тәжі болса керек.