24 Қыркүйек, 2011

Отырар кітапханасын іздеуге қаржы керек

467 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сондай-ақ кезіндегі көркем қала – Кентаудың экологиялық ахуалы алаңдатады Қазақ даласында бой көтерген көптеген қалалар шапқыншылық салдарынан қирағаны тарихтан белгілі. Қазіргі таңда шаһарлар орны қазып алынып, зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, тарихта ізі бар атақты Отырар кітапханасын іздеу мәселесі шешімін таппауда. Немесе бұл мәселені әлі күнге құнттамай келеміз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Мәде­ни мұра» мемлекеттік бағдарламасы ая­сын­да қабылданған Үкіметтің 2004 жылғы 30 қыркүйектегі «Көне Отырардың қайта өрлеуі туралы» қаулысы негізінде Отырар өркениеті терең зерттеліп, ел тарихының І ғасырынан бергі өмірінен сыр шертетін 20 мыңнан астам баға жетпес тарихи жәді­герлер табылып, мәдени-археологиялық ескерткіштер қалпына келтіріліп, келешек ұрпақтың рухани игілігіне айналуда. Алайда, ежелгі Отырар өңiрiнiң көне та­рихы, ашылмаған сырлары әлi де аз емес. Солардың бірі, адамзат тарихындағы ең ірі кітапханалар қатарынан саналатын Отырар кітапханасын іздестіру болып та­былады. Отырар кітапханасы әлемдік өр­кениеттің дамуына теңдессіз үлес қосқан кешенді білім ордасы болғаны белгілі. Бұрын Фараб атал­ған бұл қаладан тек ислам әлеміне ғана емес, күллі дүние жүзіне мәшһүр, әлем­дік ғылымға сүбелі үлес қосқан оқымыстылар шыққаны мәлім. Отырар – Әл-Фарабидің Отаны. Со­лардың ішінде ең атақтысы, түркi әлемiнiң даңқын әлемге паш еткен, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған, біздің ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фараби Отырар кітап­ха­на­сында білім нәрінен сусындап өсті. Оты­рар кітапханасында ежелгі сына жазуымен жазылған туындылар мен папирус орама қағаздарынан бастап, ортағасырлық Еуропа, араб және Қытай ғалым-оқы­мыс­ты­лары­ның шығармаларына дейін жинақ­талған. Көптеген мұсылман ғұламалары­ның еңбектері арқылы Отырар кітап­ха­на­сы біздің даламызға ислам дінінің тара­луы­на да өз үлесін қосты. Міне, осындай кітап қоры өте бай кітапхана Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде жоғалып кетті. Отырар кітапханасы моңғол әскерінің Отырарды алты ай бойы қоршауы кезінде құпия түрде жер астына жасырылған деген дерек бар. Бірақ оның нақты қай жерге жасырылғаны бүгінде белгісіз. Қазіргі кезде, осы кітапхананың жер астына жасырылғандығы туралы орта­ғасырлық деректер, Отырар қалашығы маңындағы жер астынан сырты терімен қапталған араб тілінде жазылған көне кітаптардың табылғандығы, осы кітап­тар­дың Көне Отырар кітапханасының кітап­та­ры болуы мүмкін екендігі туралы пікір бар. Алайда, бүгінгі таңда, аталған деректерді жан-жақты зерттеу, Отырар кітап­ха­насын іздестіру бойынша археологиялық қазба жұмыстары толыққанды жүргізілмей отыр. Осыған орай Премьер-Министр Кә­рім Мәсімовтің атына жолдаған сауалымда әлемнің екінші үлкен білім бұлағы болып саналатын Отырар кітапханасын іздестіру бойынша археологиялық қазба жұмыстары толыққанды және жан-жақты жүргізілуіне ықпал жасап, аталған жұмыстарға рес­пуб­ликалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін шешіп беруді сұрадым. Келесі бір мәселе Кентау қаласына қатысты. Кезінде сұлу көркімен көздің жау­ын алған, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің тілімен айтқанда, Қаратау тәжі атанған Кентау қаласының жерасты бай­лығы бүгінде өзіне сор болып жабысып отыр. Қаланың негізін салушы, кен өн­діретін «Ачполиметалл» комбинатының тоқтауы және жабылуының салдарынан Кентауда экологиялық жағдай өте күрде­ліленіп кетті. Кезінде аталған комбинаттың өндірістік қалдықтарын сақтау үшін қала­ның батыс жағында 332 гектар жер учаскесіне Байылдыр өндірістік қалдық жинау қоймасы салынып, көптеген жылдар бойы адам өміріне және қоршаған ортаға өте зиянды шайынды су араласқан қалдықтар жинақталған болатын. Қазіргі кезде, аталған зиянды қалдықтар тозаң ретінде ауаға көтеріліп, батыс жақтан желдің жиі тұруына байланысты «Хвостохранилищеден» қара түсті құм тектес бұрқасын пайда болып, бүкіл қаланы тұншықтыруда. Бұл қалдықтардың құрамында адам өміріне қауіпті неше түрлі химикаттар бар. Бұл жәйт Кентау қаласының тұрғындары арасында түрлі аурулардың (әсіресе, астма, қылтамақ, рак пен бауыр аурулары) көбеюіне әкеліп соқтыруда. Жоғарыда аталғандарды ескере келе, кезінде дүниежүзілік рекордтар қаласы атанған Кентау қаласының экологиялық жағдайын сауықтыру үшін тиісті құзы­ретті мемлекеттік органдар осы мәселеге ерекше назар аударуы тиіс деп білемін. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты.