24 Қыркүйек, 2011

Мемлекеттік тіл және сот саласы

521 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің хал-ахуалын сарапқа салды Қазақстан Республикасының Жоғар­ғы Соты сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің хал-ахуалын сарапқа салды. Айтулы басқосу Қазақстан Тәуел­сіз­ді­гінің 20 жылдығы қарсаңында еліміздің Президенті бекіткен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында және 22 қыр­күйек – Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орайластырылып өткізілді. Ша­ра­ға Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің Әкімшілігі, Жоғарғы Сот кеңе­сі, Конституциялық кеңес, Парламент, Бас прокуратура, Әділет және Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің өкілдері қатысты. Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаменті жүргізген сараптама республика сот­та­рын­да қазақ тілінде қаралған істердің саны баяу болса да жыл санап өсіп келе жатқандығын көрсетеді. Мысалға, Қы­зылорда, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарының соттарында істердің 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде қаралғандығын атап өту қажет. Алайда, осы кезге дейін әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелер жеткілікті. Мысалы, іске қажетті құ­жаттарды мемлекеттік тілде дайындап, онымен сотта еркін жұмыс жасай білетін қорғаушылардың аздығы қолбайлау болып отыр. «Мемлекеттік тілді кеңінен қол­дану­ға байланысты қиындықтар сот са­ла­сына да тән. Біз осы басқосуды ұйым­дастыру арқылы бұл мәселені ортаға салып, шешу жолдарын белгілеп аламыз деген сенімдеміз. Бұл жерде жай ғана талқылаумен шектеліп қал­май­ық. Қазақ тілінің жағдайын жақ­сартуды өзімізден бастағанымыз жөн. Қазіргі күні республика соттарында сот төрелігін жүзеге асырушы судьялардың 75 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жү­зеге асыра алатын тұлғалар», – деді Жо­ғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров. Басқосуға арнайы шақырылған Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай өз сөзінде қазақ тілінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, жоғары деңгейде жиын ұйым­дас­тырған Жоғарғы Сот басшылығына алғысын жеткізді. Сот жүйесінің мемлекеттік тілдің дамуына қосып отырған елеулі үлесін де атап өтті. Сонымен бірге, Президент Әкімшілігінің өкілі Д. Мыңбай: «Сот саласында қызмет ететін жоғары білімді заңгерлер алғашқы­лар­дың бірі болып, толыққанды қазақ тілін меңгеріп, неғұрлым кеңірек қолданып, өзгелерге үлгі болуы тиіс», – деген пікірін ортаға салды. Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы О.Жұмабеков өз сөзінде, сот жүйесі­нің қазақ тіліне қашанда барынша көңіл бөлетіндігін айтты. Жоғарғы Сот кеңесі судьялыққа үміткерлерді іріктеу кезінде қазақ тілін меңгерген, іс қарай білетін тұлғаларға басымдық беретіндігіне ерекше тоқталды. «Соңғы кезде судья ретінде тағайындалған, сот төраға­лы­ғына ұсынылған тұлғалар арасында мемлекеттік тілді меңгерген тұлғалар санының өсіп келе жатқандығы қуан­тады. Олардың арасында тек қазақ ұлты­ның емес, басқа ұлт өкілдері де бар», – деді Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы. Шара барысында сөз алған Жоғарғы Сот судьясы Ә.Құрықбаев: «Қазақстан – унитарлық (біртұтас) мемлекет бол­ған­дықтан, сот ісін мемлекеттiк тiлде жүргiзу ешқандай дау-дамай туғызбауы қажет. Ал қылмыстық істердің мемлекеттік тiлде жүргiзiлуi Қылмыстық іс жүргізу кодексінің істі мемлекеттік тілде жүргізуге байланысты талабына емес, судьяның, прокурордың, тергеу­ші­нің мемлекеттік тiлдi бiлу деңгейіне байланысты екені рас. Мемлекеттік тiлдi бiлмейтiн тергеушi қылмыстық істі орыс тiлiнде жүргiзедi, судья істі орысша қарайды. Заңда көрсетiлген қажет болған жағдайда орыс тiлiн қолдану мүмкіндігі мемлекеттік тiлдi білмейтін cyдья мен тергеуші үшін тіптен қолайлы», – деген пікірін жеткізді. Шара барысында сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу тек соттардың ғана жұмысы емес. Сондықтан да бұл мәселеге қолында билігі бар, жалпы құқық қорғау саласының басында тұрған Бас прокуратура мен Ішкі істер және Әділет министрліктері баса назар аударса деген пікірлер айтылды. Кездесу барысында Жоғарғы Сот Төрағасы Б.Бекназаров қазіргі таңда ха­лықтың көкейкесті мәселесіне айналған мемлекеттік тіл төңірегінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің барлық сұрақтарына толыққанды жауап берді. «Егемен-ақпарат».