24 Қыркүйек, 2011

Белсенділік артып келеді

326 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қызылжар өңірінде «Қоғамды идея­лық топтастыру – Қазақстан дамуының маңызды бағыты» деген тақырыпта үкіметтік емес ұйымдардың кезекті форумы өтті. Оған  250-дей делегат қатысып, түрлі мәселелер бойынша пікір алысты.  Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстар қорытындыланды. Облыста  260-қа жуық ҮЕҰ жұмыс істейді. Уақыт өткен сайын олардың белсенділігі артып, билік орындарымен қарым-қатынасы нығайып келеді. Сан-салалы бағыттар бойынша  әлеуметтік маңызы зор 200-ден астам жоба қабыл­данып, 134 миллион теңге жұмсалды. «Қызыл Жарты Ай», қалалық мүге­дек­тер қоғамдарының, «Адон-Север» бір­лес­тігінің іс-тәжірибелері жан-жақты қолдауға ие. Облыстық іскер әйелдер ассоциациясының бастамасымен жер-жерлерде  әйелдер клубы құрылып, аз қамтылған отбасылар үшін әлеуметтік дүкендер ашылды. Жас ұрпақ бойына қазақстандық патриотизмді ұялатуда  66 мың балғынды біріктіретін «Жандостар»  балалар ассоциациясы атқар­ған шаруалар айтарлықтай. Алда бұдан да зор міндеттер тұр. Осы орайда жиында облыс әкімі Серік Біләлов сөз сөйлеп,  ел  өміріндегі ҮЕҰ-лардың  маңызды рөлін атап өтті. Азаматтық институттардың  мүмкін­дік­терін тиімді пайдалануды ұсынды. Ке­лесі жылдан бастап әлеуметтік қар­жы­ландыруды жергілікті бюджет есебінен шешуді тиісті орындарға міндеттеді. Форумда  жылдың  үздік үкіметтік емес ұйымдарының конкурсы қоры­тын­­дыланып, 14 аталым бойынша же­ңім­паздар анықталды. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.