24 Қыркүйек, 2011

Технологиялық даму: ілгерілеу мен іркілістер

670 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы «Рэдиссон» қонақүйінде «Мемлекеттік басқарудағы инновациялық технологиялар: болашақ экономикасы жолында» тақырыбында IDC конференция болып өтті. Конференцияға IDC Interna­tio­nal президенті Филипп де Марсильяк, IDC CEMA жоғары вице-президенті және атқарушы ди­рек­торы Стивен Францен, The Secdev Group компаниясының негізін қалаушы әрі басқарма төр­ағасы және кибер-қауіпсіздік са­ла­сындағы мәселе­лер­ді зерттеуде әлемдік мамандардың бірі болып саналатын Рафал Рохозински қатысты. Шара басталмас бұрын журналистерге арнап баспасөз мәслихаты ұй­ым­дастырылды. Оған Қазақстандық ІТ компаниялар ассоциациясы президенті Нұр­лан Исин, «Зерде» ұлттық ақпарат­тық-технологиялық холдингі өкілі Бикеш Құрман­ға­лиева, IDC International президенті Филипп де Марсильяк, IDC-тің Қазақстандағы өкілдігінің бас­шы­сы Андрей Беклемишев, «Кас­перский лабо­ра­ториясының» дамушы рынокты елдердегі ат­қа­рушы директоры Гарри Кондаков және басқалар қатысты. Баспасөз мәслихатында Қазақстанның ақ­па­раттық технология рыногын­да­ғы 2010-2011 жыл­дарда қол жеткізген көрсеткіштері туралы баяндамалар жасалды. Сондай-ақ мемлекеттік сектор үшін қолда­ны­латын технологиялар сарап­тамасы және әлемдік ақпараттық технологиялар ры­ногындағы бай­қалымдардың шолуы жария­лан­ды. Киберкеңістіктегі қауіпсіз­дік мәселесі де ерекше аталды. Ки­бер­қауіпсіздіктің тенденциялары мен оның салдарлары, заманауи киберкеңістікті қалыптастыратын қозғаушы күштер тақырыптары да назардан тыс қалмады. ІDC ақпараттық технология ры­нок­тарын зерттейтін халық­ара­лық дең­гей­дегі тәуелсіз агенттік болып табылады. Агенттік ұйымдастырған конференция ба­ры­сында ақпараттық қауіпсіздік және оған қолжетімділік, ақпа­рат­тарды сақ­тап-өңдейтін орта­лық­тар тиімділігі, ақ­па­раттарды сақтау мен  бұлттық шешімдер, ақпараттық желілер мен коммуникациялар, мемлекеттік сек­тор­дағы аутсорсинг, қызмет көр­с­ету­ді жақсарту және техникалық са­раптаманы жетілдіру, құжат ай­на­лымын басқару, үкімет мобильділігі басты тақырыптардың өзе­гіне айналды. Конференцияға Microsoft, Кас­пер­ский лабораториясы, HP, Checkpoint, VMware, Fujitsu, SmartCom, APC by Schneider-Electric, «1С», SAP және Kingston Technology фирмалары қатыс­ты. Ал еліміздің Байланыс және ақ­парат министрлігі, Қазақстанның интернет ассоциациясы және ІТ компаниялар қауымдастығы қол­дау көрсетті. IDC зерттеулері ішінде өзі­міз­ді қы­зықтырған кейбір мәлі­мет­терге тоқтала кетсек. Сараптамалар нәтижесінде Қа­зақ­станның баспа перифериясы рыногы 2011 жылдың алғашқы жартыжылды­ғын­да кейбір жеке сегменттерінің қыс­қаруын есепке алмағанда едәуір алға жылжыған. Ал баспа құрылғыларын жеткізу көлемі тұрғысынан 2010 жылдан 17 %-ға, ал құны тұрғысынан 32%-ға өскен. Рыноктың жалпы өсімі­не қарамастан құйылмалы технологиялар саласында қатты құл­ды­рау байқалған. Сервер рыно­гында барлық сегмент бойынша өсу қарқыны байқалған көрі­неді. Ал өткен жылы дербес компьютер рыногында оларды сатып алуда соңғы бес жыл ішінде ең үл­кен өсім көрсеткен. IDC мәлі­меттеріне сенсек, мұндай көрсет­кіш дағдарыстың алдыңғы жыл­да­рында да байқалмаған көрінеді. Венера ТҮГЕЛБАЙ.