Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарында өңірде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асырудың барысымен танысты.
2011 жылы облыста «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысушылардың саны 7 мыңнан астам адамды, үш бағыт бойынша іс-шараларды іске асыруға арналған қаржы көлемі 1, 8 млрд. теңгені құрайды.
Облыста 986 адамды оқытумен қамту көзделіп отыр. 2011 жылы осы мақсатқа бір жылдан үш жылға дейінгі оқу мерзімімен 395 адамды кәсіби даярлау және 591 адамды қайта даярлау немесе біліктілігін арттыру үшін 116,0 млн. теңге қаржы бөлу жоспарланған. Шығыстарда оқуға және шәкіртақыға, ал қаладан тыс жерлердегі азаматтарға тұруына және жол жүруіне қаржы қарастырылған. Бұдан өзге, жалақыны ішінара субсидиялай отырып, 366 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылатын болады, осыған 52,3 млн. теңге қаржы бөлінді.
2011 жылы әлеуеті төмен ауылдардан 222 отбасын (888 адамды) көшіруге 1,4 млрд. теңге мөлшерінде қаржы бөлінді. Бағдарламаны іске асыру үшін әрбір ауданда және Петропавл қаласында Жұмыспен қамту орталықтары құрылды.
Сапар барысында министр 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап іске кіріскен Петропавл қаласы жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты. Орталықта 13 қызметкер жұмыс істейді. 2011 жылға арналған республикалық бюджеттен орталық қызметіне 56,1 млн. теңге қаржы бөлінді.
Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді көздейтін бағдарламаның бірінші бағыты аясында оқытумен танысу мақсатында Министр темір жол көлігі колледжінде болды. Онда оқу процесімен, оқытушылар құрамымен және оқу кабинеттерінің заманауи құралдарымен және зертханамен танысты.
Сондай-ақ, сапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова басқа да кәсіпорындарда болып, қатысушыларымен кездесті.
«Егемен-ақпарат».