Медицина • 25 Мамыр, 2017

Рухани жаңғыру айы – рамазан құтты болсын!

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Рухани жаңғыру айы –  рамазан құтты болсын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!
Баршамызды қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак рамазан айының келуімен құттықтаймын! 
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. 
Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. 
Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қай­та­ры­мы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіп­­ті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пай­­ғам­барлар мен періштелерге де бел­гісіз. 
Құдси хадисте Алла тағала: «Ора­за – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауа­бын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын атап көрсетеді. 
Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сондықтан.
Ораза – күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Рамазан – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ораза − жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.
Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен са­уап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.

Қадірлі жамағат! 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құн­ды­лықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаңғы­руға бастаған мақала жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тастады. Ал рамазан – рухани жаң­­ғы­руымызға септігін тигізіп, иманымызды күшей­туге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол ай.   
Ендеше, рақым айы – рамазан құтты болсын! Ұстаған ораза­мыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құл­шы­лық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амал­дарымыз қабыл болғай! Алла тағала отбасымызға амандық, жұмы­сымызға береке-бірлік нәсіп еткей! 
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы Иеміз баршамызды оразадан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жақсылықпен жеткізе берсін деп тілеймін! Әумин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни 
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Бас мүфтидің қасиетті рамазан айына байланысты халыққа үндеуін 3-беттен оқисыздар 

Соңғы жаңалықтар