Бизнес • 25 Мамыр, 2017

«Бір белдеу, бір жол» − бізге ашылған мүмкіндік»

251 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

– дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов.

«Бір белдеу, бір жол» −  бізге ашылған мүмкіндік»

Қытай астанасы Бейжіңде өткен «Белдеу және жол» халықаралық ынтымақтастық форумына барғанымызда оған Қазақстаннан қатысқан делегация құрамында болған «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат КЕЛІМБЕТОВПЕН сұхбат­тасудың сәті түскен еді. Қ.Келімбетов аталған форум­ның халық­аралық маңыздылығын, оның аясындағы келісімдердің елімізге әсерін, әсіресе «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына ықпалы зор екендігін айтты.  
 

– Қайрат Нематұлы, АХҚО-ның ахуалы қалай? Іске қосылатын уақыт та таяп қалған екен...
– Иә, өздеріңіз білетіндей, «Астана» халықаралық қар­жы орталығы 2018 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап толық іске қосылады. Ал ал­­да­­ғы қыркүйек-қазан ай­ла­р­ын­­да биржа жұмысын бас­тамақ. Біз оны Орталық Азия өңірін­дегі іргелі заманауи қар­жы­­лық құрылымға айнал­дыру­­ды көздеп отырмыз. «Астана» халықаралық қар­жы орталығын құру тура­лы Конс­титуциялық заңға Елба­сы 2015 жылғы желтоқ­санда қол қойған болатын. 
АХҚО-ның негізгі міндет­тері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, еліміздің бағалы қағаздар нары­ғын дамыту, оның ха­лық­ара­лық капитал нарық­тары­мен ықпалдасуын қам­та­масыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ, елі­мізде сақтандыру, банк қыз­мет­тері мен исламдық қар­жы­лан­дыру нарығын дамы­ту­ға да мүдделі. Бұл жалпы ал­ғанда, бүкіл өңірдің қаржылық хабына айналуы тиіс орталық. Осы ретте біз әлемнің ең мықты қор биржаларымен әріптестік орнатуды көздеп отырмыз. Бүгінде Шанхай қор биржасымен келіссөздер жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін нақты нәтижелер анықталады деген үміттемін. Сондай-ақ, әлемдегі ең ірі қор биржалары, мысалы, NASDAQ және Лондон қор биржаларымен ынтымақтастық орнатудамыз. Қалай болғанда да, жаңа биржа осы саладағы бар қағидаттар мен халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін болады. Яғни, ағылшын құқы­ғы қағидаттарына сәй­кес құры­латын болады. Бұл біз үшін өте маңызды. Себебі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы жүргізіліп жатқан жекешелендіру, ірі ұлттық компанияларды жекешелендіру бағдарламаларын іске асырумен қатар жүзеге аспақ. Елбасы айтқандай, «Астана» қаржы орталығы Қазақстанның қар­жы инфрақұрылымының ядро­сы, содан кейін бүкіл Орта­лық Азия өңірі үшін қаржы­лық хабқа айналатындығына сенімдіміз. 
– Ал қазіргі күні «Бір бел­деу, бір жол» бастамасы бүкіл Орталық Азияның бас­ты стратегиялық бағ­дар­ла­­масына баланып отыр­ға­нын ескерсек, мұндай ха­лық­­аралық форумның аясын­­дағы келіссөздердің АХҚО үшін орны бөлек шығар?
– Әрине, өте маңызды келі­сімдер жасалды. Әлемнің 30-ға жуық мемлекетінің басшылары қатысқан «Белдеу және жол» халықаралық ынтымақтас­тық форумы «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясында ұйымдастырылғаны бел­гі­лі. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, сөз сөйледі. Жалпы, аталған форумда талқыланған мәселелер Қазақстан үшін аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, ерекше тоқталатын жайт, бұл бастама алғаш рет Қазақстан жерінде жариялануы. Нақтырақ айт­сақ, 2013 жылы Қытай көшбас­шысы Си Цзиньпин «Жібек жолы­ның экономикалық бел­деуін» жүзеге асыру идеясын Астанада, «Назарбаев Уни­вер­ситетінде» әлем назарына ұсынды. Шын мәнінде, Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасын іске асыруда Қытайдың Еуразия кеңісті­гіндегі сенімді әріптесі болып табылады. Қазақстан қазіргі таңда «Жібек жолы» баста­масын жүзеге асыру бары­­сын­да маңызды рөлге ие. Мә­се­лен, Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев фо­румда сөйлеген сөзінде «бір­ле­се даму арқылы тұ­рақ­­­ты­лыққа қол жеткізу» ұс­таны­мы бүгінде көптеген елдің эконо­микалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынты­мақ­тастықтың тартымды формасы болып саналатынын жеткізді. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл мак­ро­өңірлік кооперация­ның бір­лескен стратегиялық үйлесімі қажеттігін, сондай-ақ, Жібек жолы бас­тамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орта­лық Азия­ны жаһандық деңгейде жаңа тұрпатта танытуға мүм­кін­дік беретінін айтты. Ал халық­аралық қаржы орталы­ғын құру Қазақстанды да өз дең­гейінде жаңа тұрпатқа бейімдейтінін ескерсек, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын белгілі бір мөлшерде біздің елдегі жаңаша бағыттағы ұмтылыстармен байланыстыруға болады. 
Бұл форумның аясында АХҚО делегациясы Қы­тай Халық Республи­касы­ның қар­жы институттары өкіл­дері­мен кездесті. Оның ішінде, ҚХР құнды қағаздары нары­ғын реттеу комиссиясы­ның төр­ағасы Ли Шиюй, Шан­хай қор бир­жасының төрағасы У Цинмен, Азия инфра­құ­ры­лымдық инвестициялар банкінің вице-президенті, Қытай Өнеркəсіптік жəне ком­мерциялық банкінің (ICBC) өкілдері бар. Кездесу ая­сында «Астана» халықара­лық қаржы орталығы мен Қы­тай реттеушілері арасындағы ынтымақтастық, қытай­лық инвесторлардың қазақ­стан­дық капитал нарығы­на енуі, АХҚО биржасын құру жə­не дамыту бойынша Шанхай қор биржасымен стратегиялық ынтымақтас­тық, Қазақстандағы қытай банк­терінің АХҚО базасындағы есептік-клирингтік қызметтің дамуы мəселелері талқыланды. «Астана» қаржы орталығының «Жібек жолының экономи­калық белдеуі» бағдарламасы аясында қаржы қызметін көр­сететін орталық ретінде жұ­мыс істеуіне әлеуеті зор. Яғни, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, қай жағынан алып қарасақ та, бізге ашылған мол мүмкіндік болып отыр. 
– Форум аясында сондай-ақ, «Астана» халық­аралық қаржы орталығы мен қытай­дың Цинхуа универ­ситеті арасындағы өзара түсіністік пен ынты­мақ­тастық жайлы меморандумға қол қойылды. Осыған тоқ­талсаңыз?
– Дұрыс айтасыз, бұл да біз үшін өте маңызды келісім. Меморандум жасалуының бас­ты мақсаты қаржы орта­лығы қызметкерлерінің білікті­­лігін арттыру жолында  бірік­­кен ғылыми жобаларды жүзе­ге асыру болып отыр. Цин­хуа уни­верситеті Қытай­дағы 1911 жылы құрылған ең не­гіз­­гі уни­верситеттің бірі. Осы ел­­­де­гі ең негізгі 9 элита­лық оқу орын­дарының қата­ры­на енеді. Үнемі ұлттық рей­тинг­тің ал­ғашқы орындарына ие. Ал халық­аралық деңгейдегі мамандарды даярлау ­− АХҚО-ны ірі қаржы орталықтарының бірі ретінде қалыптастыру жолын­дағы маңызды қадам. Бүгінгі таңда АХҚО қызмет­керлердің кадрлық резервін қалыптастыру және қаржылық қызметтің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес кәсіби даму бағдар­лама­сын жүзеге асыруда. АХҚО өкілдері АҚШ, Ұлыбритания, Жапония елдерінде білім алады. Енді Цин­хуа университетімен де тә­жі­ри­бе алмасу мүмкіндігі туды. 
− Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»

Бейжің − Астана