Аймақтар • 25 Мамыр, 2017

Туған жердің тарихы – ұлтқа ортақ

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің төрағалығымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында "Туған жер" бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі талқыланған жиын өтті.

Туған жердің тарихы – ұлтқа ортақ

«Туған жер» бағдарламасының ая­сын­да мектептерде «Туған өлке та­рих­ы» сабағын өткізу, ескерткіштерді қа­л­пына келтіру жұмыстары, қаланың ин­фра­құрылымын жақсарту мақсатында әлеу­меттік маңызды нысандарды жөн­деу, «Таза көше», «Таза аудан» акция­ларын ұйымдастырып, жас тарих­шылар мен өлкетанушылардың жиынын өткізу жос­­пар­ланған. Қала тұрғындары өз идея­лары­мен бөлісу үшін крау­дсор­син­гтік онлайн-платформа жасалынып, қа­ланың туристік картасы сызылды. Сон­дай-ақ,  қалалық телеарналардан «Ту­ған жер» реалити-шоуы жүзеге аспақ. 
Жиында сөз сөйлеген академик Карл Байпақов: «Әр қаланың келбеті те­атрлар мен музейлердің көптігімен өл­­шенеді. Алматының мыңжылдық та­ри­хында болашаққа айтар сөзі көп. Же­тісу өлкесіндегі қорғандар –  күрделі ар­хи­тектуралық нысандар. Оның көбі бел­гілі. Алматыда ашық музей жасайтын қор­ған­дар жеткілікті. Оның бірі Ро­зы­ба­киев кө­шесінде орналасқан», – деді. 
Қала әкімі бұл ұсынысты қолдап, ежел­гі қорғандардың қалдықтары қалған, же­кеменшікке өтіп кеткен жерлерді мем­лекетке қайтаруды қарастыруды ұсынды. Өйткені, туған жердің тарихы ұлтқа ортақ. 
Қала бойынша салынып жатқан балабақшалар мен мектептердің саны көп. Наурызбай ауданындағы әкімшілік ғимарат пен мектеп, әлеуметтік нысандар жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтайтыны айтылды. Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен салынып жатқан ғимараттар Алматы шаһарының көркі. Қала әкімі көп­ші­лік­тің атынан меценаттарға ал­ғыс айт­­ты. Сондай-ақ, жазушы, Мем­ле­кет­тік сый­лықтың лауреаты Бексұлтан Нұр­же­кеұлы аты аталмай жатқан ба­тыр­лар­­дың аттарына көше, мектеп беруді ұсын­ды. 
Елбасының бағдарламалық ма­қа­ла­сы аясында жүзеге аспақ жобаны ба­қы­лайтын қалалық комиссия құ­рыл­ды. Қа­ла басшысы істің тек сөз ж­ү­зін­де қал­май, іске асуын бақылауда ұс­тай­ты­нын айтты. 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»