«Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың!» деген тақырыппен өткен өнер сайысында өнерпаздар халықтық аспаптарда орындау, эстрадалық музыка, көркемсөз оқу, хореография, классикалық жанр, бейнелеу өнері, фотосуретшілер, ең үздік әдіскер, клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасы бойынша сайысқа түсіп, айтыскер ақындар сахнада сөз бен ой сайыстырды. Сайыс барысында көптеген жаңа есімдер мен жаңадан құрылған өнер ұжымдары белгілі болды. Фестиваль Мәдениет қызметкерлері күні Гала-концертпен қорытындыланып, жеңімпаздар есімі жария болды.
Гала-концертте фестиваль жеңімпаздарымен бірге, өңірдің мәдениетіне үлес қосып жүрген өнерпаздар мен мәдениет саласының еңбек ардагерлері марапатталды. Мәдениет қызметкерлерін аймақ басшысы Е.Тоғжанов құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі.
Марапат алғандардың арасында 30 жыл осы салада еңбек еткен дирижер, сазгер Р.Мәдіреев, дәулескер күйші, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері С.Шәкірат, күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері О.Құлсариев, тағы басқалар бар.
«Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінің қорытындысында Жаңаөзен қаласының мәдениет қызметкерлері бас жүлдені жеңіп алып, автокөлікке ие болды. 1-орынды Маңғыстау және Қарақия аудандары, 2-орынды Ақтау қаласы мен Бейнеу ауданы иеленді. Ал 3-орын Мұнайлы мен Түпқараған аудандарына бұйырды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Суретті түсірген
Серік МАЙЕМЕРОВ