Әлем • 25 Мамыр, 2017

Манчестердегі теракт АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы дауға ұласа бастады

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Манчестердегі жарылысқа қатысты құпия сақталуы тиіс материалдарды АҚШ ресми өкілдерінің баспасөзге жария етуі Ұлыбритания өкіметінің ашу-ызасын туғызып отыр. Бұл туралы бүгін британдық бірнеше басылым жазды.

Манчестердегі теракт АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы дауға ұласа бастады

Сәрсенбі күні New York Times газеті оқиға орнынан табылған жарылғыш заттардың қалдықтарының суретін жариялаған болатын. Ұлыбритания билігі тергеу кезінде мұндай материалдардың жарыққа шығуы қылмысты ашуға кедергі жасайды деп санайды. 
АҚШ ресми өкілдері Манчестердегі терактіге қатысты мәліметтер туралы америкалық журналистерге оқиға болған соң көп ұзамай-ақ хабарлай бастады. Сейсенбі күні АҚШ басылымдары жарылыстан қанша адамның өлгені, оны жанкештінің жасағанын жазды. Бірнеше сағат өткен соң терроршының атын жария етті. Ал Ұлыбритания үкіметі жарылысты жасаушы Салман Адебидің тергелуі тиіс туыстары, достары алдын-ала біліп қоймауы үшін қылмыскердің атын құпия ұстағысы келген. Одан кейін Францияның ішкі істер министрі Жерар Колломб француз телевидениесіне берген сұхбатында Адебидің Ливияда және Сирияда болғаны туралы айтты. Бұл ақпаратты британ өкіметі жариялағысы келмеген. 

(Суретте оқиға орнынан британ полициясы әкеткен, New York Times жариялаған детонатор)

Бұдан бірнеше сағат өткен соң Ұлыбританияның ішкі істер министрі Эмбер Радд АҚШ өкіметінен терактіге қатысты ақпараттарды жариялауды тоқтатуды талап етті. «Британ үкіметі тергеу жұмыстарының құпия сақталуы, жоспарлардың жария болмауы үшін ақпараттар ағынын бақылаудан шығармауды қалайтынын анық білдірген болатын. Сондықтан олардың басқа дереккөздер арқылы жарыққа шығып кетуі қынжылтады. Мен әріптес достарымызға ондай әрекеттің енді қайталанбауы керектігін анық жеткіздім» деген Эмбер Раддтың сөзін The Guardian келтіреді. Басылымның айтуынша, британ ресми адамдарының АҚШ-қа мұндай өкпе айтуы сирек кездесетін оқиға. 
Алайда, АҚШ басылымдары терактіге қатысты мәліметтерді жария етуді тоқтатпады. Кеше New York Times Манчестердегі шабуылда қолданылған бомба детальдарының, бомба салынған рюкзак қалдықтарының және бомбаны жаруға қолданылған детонатордың суретін жариялады. The Guardian-ның айутынша, бұлар – сотта дәлел ретінде қолданарлық аса маңызды дәйектер. Британ тарапы бұл материалдарды да америкалық журналистерге АҚШ билігі берді деген пікірде. 
Бүгін мәлім болған ақпараттар бойынша, британ премьері Тереза Мэй НАТО саммитінде болатын кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамппен осы мәселені талқылауы мүмкін. 
Ержан Әбдіраман, «Егемен Қазақстан».