Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының отырысы өтті. Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды.
Палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда депутаттардың талқысына шығарылатынын хабарлады.
Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет процесінде мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар кұзыретінің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылауға ұсынды. Сондай-ақ «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да талқыға салынады.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізуді ұсынды.
«Егемен-ақпарат».