«Қазірше Данияр бізге нақты ештеңе айтқан жоқ. Егер ол Ұлттық құрамаға оралу туралы ұсынысын айтса, біз қарсы емеспіз. Данияр сияқты боксшы Ұлттық құрамаға қажет. Елеусінов көз алдымызда өскен боксшы ғой. 2010 жылдан бері бапкерлер құрамы оны жаттықтырды. Данияр барлық жетістігіне Ұлттық құрама сапында жетті. Біз оны өз баламыздай көреміз, мүмкіндіктерін де білеміз. Сондықтан, оған әрқашан есігіміз ашық» дейді Мырзағали Айтжанов.
Бұған дейін, Елеусіновтің өзі ұлттық құрамаға оралу мүмкіндігін 70/30 деп бағалаған еді.
Данияр Елеусінов Ұлттық құрамаға оралған жағдайда қай салмақта сынға түсетіні белгісіз. Дегенмен, өзіне қолайлы 69 кило салмақта жұдырықтасуы мүмкін. Даниярдан бөлек бұл салмақта (69 кило) 2016 жылғы ел чемпионы, жуырда ғана Өзбекстанда өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Абылайхан Жүсіпов, 2016 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Садриддин Ахмедов және Бакуде өткен IV Ислам ынтымақтастық ойындары мен былтырғы ел чемпионатының қола жүлдегері Илья Очкин секілді жас талантты боксшылар бар.
Айта кетейік, жыл басында Данияр Елеусінов пен Иван Дычко ресми түрде кәсіпқой боксқа ауысып, австралиялық MJA Entertainment's компаниясымен келісімшартқа отырған еді. Ал дебюттік жекпе-жектері Қытайда өтеді деп жоспарланған болатын.