Күрес • 25 Мамыр, 2017

Дзюдодан Азия чемпионаты: жоспарда – төрт жүлде

250 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ертең дзюдо фанаттары үшін қуанышты күн болмақ. Өйткені, бұл күні – 26 мамырда Гонконгта Азия чемпионаты басталып, екі күндік бәсекеде әр салмақ дәрежесі бойынша Сары құрлықтың мықты деген балуандары анықталады. Дүбірлі додаға Қазақстан Ұлттық құрамасының дзюдошылары да тас-түйін дайындықпен аттанып кетті.

Дзюдодан Азия чемпионаты: жоспарда – төрт жүлде

Қазақстан дзюдо федерациясының негізі 1973 жылы қаланғанымен, өз алдына жеке команда ретінде тек 1993 жылдан бастап қана ірі халықаралық жарыстарға қатыса бастады. Ең алғаш 1993 жылы Макаода өткен Азия чемпионатына қатысып, 1 алтын, 1 күміс және 5 қола медальмен командалық есепте екінші орын алып, жапондықтарға ғана жол берді. 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында Азия ойындары ұйымдастырылғандықтан, құрлықтық чемпионат өтпей қалды. Ал Қазақстан Ұлттық құрамасы алғаш қатысқан Азия ойындарында 2 күміс және 3 қола медалді қанжығасына байлап, төрт жылдықтың маңызды кезеңін сәтті бастаған болатын. Жалпы, Қазақстан дзюдошылары 19 Азия чемпионатына қатысып, барлығы 104 медальға қол жеткізген. Оның 15-і алтын, 22-сі күміс және қалған 67-сі қола медаль. 
Қазақстандық дзюдошылар ширек ғасыр ішіндегі ең жоғары көрсеткішті 2004 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатында көрсетсе, былтыр 2016 жылы Ташкентте тағы бір ірі табысқа қол жеткізді. 2004 жылы ұлттық құрама 3 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль алса, арада 12 жыл өткеннен кейін, яғни 2016 жылы Өзбекстан астанасында 3 алтын, 2 күміс және 2 алтынға ие болды. 
Таяуда ұлттық құраманың бас бапкері Ермек Имамбеков биылғы Азия біріншілігіне баратын дзюдошылардың шама-шарқына баға берді. Бас бапкердің айтуынша, биыл ерлер құрамасы Азия чемпионатында 4 медаль алуды жоспарлап отыр. 
Ганконг татамиінде жеңіл салмақта, яғни 60 килоға дейінгі салмақта Ғұсман Қырғызбаев ел намысын қорғайды. Ғұсман 2016 жылы әскерилер арасында дзюдодан әлем чемпионы атанған балуан. Биыл Анталияда өткен Гран При бәсекесінде алтын медаль иеленіп, чемпионатқа қатысуға мүмкіндік алды. Осы салмақта Қазақстанда ғана емес, әлемдік дәрежеде фаворит атанып жүрген әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс медаль иегері Елдос Сметов бұл жарыстан қалыс қалады. 
Ал 66 килода қазақстандық тәжірибелі дзюдошы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов Азия біріншілігінде тағы бағын сынап көреді. Ол бұған дейін 2013 жылы Тайпейде өткен Азия чемпионатында қола медальға ие болған еді. Биыл да татами төрінде балуанымыздың бабы мен бағы қатар шапса, Қазақ елін ұятқа қалыдырмайды деп ойлаймыз. Жалпы, елімізде 66 кило салмақ дәрежесінде бәсеке өте мықты. Осы күнге дейін бұл салмақта ұлттық құрамада Азамат Мұқановтан басқа, Жансай Смағұлов пен Елдос Жұмахановтар татамиге шығып жүрсе, биыл қатарға Мейіржан Қалтаев пен Ғұмар Қырғызбаев қосылып отыр. 
Қазақстан құрама сапынан Азия біріншілігінде 73 килода биыл Жансай Смағұлов белдеседі. Жансай 2016 жылы қарашада ел біріншілігінде жаңа салмақта чемпион атанып, құрамаға да осы салмақ бойынша алынған еді. 2017 жылдан бері Жансай 73 килода татамиге шығып жүр. Аз уақыт ішінде осы салмақта екі Гран-при турниріне қатысып, Тбилисиде қола медальға қол жеткізгенін ескерсек, осы уақытқа дейін физикалық тұрғыдан өз дайындығын пысықтап үлгерді деп ойлаймыз. Бас бапкер де 73 килода медальдің болатынына үмітті екенін айтты. 
81 килода биыл ел намысын Әзиз Қалқаманұлы қорғайды. Әзиз былтыр Ташкентте өткен Азия чемпионатында жүлдегер атанып, ел қоржынына қола медаль салған болатын. Осы уақытқа дейінгі барлық жарыстарға 81 килода Қазақстан сапынан осы балуан қатысып жүрді. Алайда, жарыстарда нәтижесіз күрес көрсеткендіктен, федерация басшылығы мен бапкерлер кеңесіп, 81 килода додаға Дидар Хамзаны қосты. Бәсеке жоқ жерде жоғары нәтиженің де болмайтыны белгілі. Сондықтан, құрамадағы екі балуан да ірі жарыстарға іріктеледі. Іркілмей өткен балуан ғана ел намысын әлемдік аренада қорғауға жіберіледі. Бұл жолы бапкерлер таңдауы Дидар Хаммзаның жарақатына байланысты, Әзиз Қалқаманұлына түсіп отыр. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ермек Имамбеков: «Токио олимпиадасына дайындықты бастап кеттік. Биыл құрамаға алынғадардың 50%-ы жастарды құрайды. Қазірден бастап бір салмақта дайындығын пысықтасақ, төрт жылда физикалық және тактикалық тұрғыда дайындығы мығым болады. Олимпиадаға дейін бір салмақта бір спортшыны мықты дайындап шығарып, жүлдеге ілінсек, мақсатымыздың орындалғаны», – дейді. Дидардың жоғары салмаққа ауысуының басты себебі де осында болса керек. Себебі, Дидар Хамзаның бұрынғы салмағы 73 килода жоғарыда айтып өткендей, Жансай Смағұлов күресіп жүр. Ал қазірде 81 кило Әзиздің «туған» салмағы болып отыр. Әзиз былтырғы ерлігін қайталап, Қытай татамиінде атой салады деп сенеміз. 
Екі жылғы үзілістен кейін Ислам Бозбаев татамиге қайта оралды. Жай емес, алтынмен келді! 2017 жылдың наурыз айында Бакуде өткен «Үлкен дулыға» турнирінде Ислам Бозбаев бабында екенін дәлелдеп, ел қоржынына алтын медаль салған болатын. Исламның өте тәжірибелі, физикасы мен тактикасында мін жоқ екенін бәріміз білеміз. Бүгінде ол ел ішінде 90 килоның «патшасына» айналып отыр. Себебі, ел ішінде дәл осы салмақта жүлдеге ілініп жүрген жампоздар әлемдік татамиге келгенде іріктеу кезеңінен іркіліп қалып жатыр. Исламның тәжірибесіне сүйеніп, жүлдені көздегенімізбен, ол өз қарсыластарының қарқынын әлі бағамдап үлгерген жоқ. Жаңа олимпиялық кезең басталғандықтан, барлық ел төрт жылдықтың алғашқы құрлықтық біріншілігінде жастарға мүмкіндік бергенді дұрыс көреді. Бозбаевтың бабы мен бағы қатар шапса, жастарды да жайпап өтеді дей аламыз. Айта кетерлігі, Ислам әлемдік рейтингте 20-орынмен чемпионатқа қатысатын үздік төрт спортшының бірі болып саналып отыр. 
Салмақ жоғарылаған сайын Қазақстанда бәсеке де төмендей түседі. Елімізде ауыр салмақта белдесетін балуандар тапшы. Тапшы деп, жарысқа қатысып жүрген балуандарымызды жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, ауыр салмақта сынға түскен батырларымыздың оннан бірі ғана халықаралық турнирлерде топ жарып жүргендерін ескерсек, шындықты мойындауымызға тура келеді. Бас бапкер 100 килоға дейінгі салмақта сынға түсіп жүрген еліміздегі ең тәжірибелі дзюдошылардың бірі, әрі бірегейі Максим Раковтың Аспанасты елінде алтын медаль алатынына сенімді. Имамбеков мұны Максимнің тәжірибесіне сүйеніп айтып отырса керек. 
Максим қазір Халықаралық Дзюдо федерациясы бекіткен рейтингте 24-орында тұр. Ол бұған дейін әлем чемпионы атанып үлгерген. Оған қоса, қоржынында құрлықтық біріншіліктерде алған 2 күміс, 2 қола медалі бар. Енді, Азия чемпионатының алтын жүлдесі ғана жетіспей тұр. 
Ауыр салмақтарда бәсеке болмаған соң, мүлдем көрсеткіш жоқ деп, тақырыпты тарс жаба салудан аулақпыз. Мұндайды шын жанашырлық ретінде айтып отырғандықтан, түсінбестік орын алмаса екен дейміз. Қазақстан үшін тағы бір «проблемалық» салмақ бар. Ол – аса ауыр салмақ. Бұл салмақта қазіргі таңда әлемдік рейтингте 25-орында тұрған Ержан Шынкеев ел намысын қорғап жүр. Биыл да бапкерлер таңдауы бірауыздан Ержанға түсті. Құрама жаттықтырушылары биыл +100 кило салмақ дәрежесінде қызылордалық жас балуан Еламан Ерғалиевті де жарыстарға қатыстырып жүрді. Еламанды Ержанның ізін басатын балуан деп нық сеніммен айта аламыз. Ол Қазақстан чемпионатында өзіне қарсылас шақ келтірмеді, тек Ержанға ғана күші жетпеген. Жақында ол Бакуде өткен ІV Ислам ынтымақтастық ойындарында қола медаль алып қуантқан еді. Бас бапкер Ермек Имамбеков құрамадағы жас спортшылар ішінде осы Еламан Ерғалиевке үміт артып отыр. 
Ал Ержанға қайта оралар болсақ, ол өзі қатысқан төрт Азия чемпионатында қола медаль алған. Құрлықтық біріншілікте өзінің деңгейінен табылып жатса, бөркімізді аспанға лақтырарымыз анық. Себебі, Ержан Шынкеев чемпионатқа аса ауыр салмақ бойынша қатысатын үздік төрттіктің ішіне еніп отыр. 
Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ермек Имамбеков Гонконгта өтетін Азия чемпионатында спортшыларымыз төрт медаль алады деп жоспарлап отыр. Оның екеуі – қола. 
2017 жылы дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы үшін маңызды екі жарыс бар. Бірі – құрлықтық чемпионат болса, екінші – әлем чемпионаты. Қазақстан Ұлттық құрамасы осындай ірі чемпионаттарға жеті салмақ бойынша тоғыз балуанды жарысқа қатыстыра алады. Мұндай жолдамаларға ел дзюдошылары осы күнге дейінгі халықаралық дәрежедегі турнирлерде жеткен жетістіктерінің арқасында ие болып отыр. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» демекші, батыр балуандарымыз бәсекеде топ жарып, қуантады деп сенеміз! 
Әйгерім Тоқсанбек, 
ҚР Дзюдо федерациясының баспасөз хатшысы. 

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20