Қазақстан • 25 Мамыр, 2017

Тұңғыш Түркология музейі ашылды

555 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада халықаралық Түркі академиясы ұйымы (TWESCO) Түркі жазуы күніне орай Түркология музейінің ашылу салтанатын өткізді. Қазіргі күні музейге мыңнан астам жәдігер қойылған.

Тұңғыш Түркология музейі ашылды

Түркітану саласында алғаш рет ұйымдастырылып отырған экспозицияда әйгілі түркітанушы ғалымдар Әбдуәли Қайдар, Әбжан Құрышжанов, Әмір Нәжіп, Рабиға Сыздықова мен Осман Фикри Серткаяның жеке тұтынған дүниелері, бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған күнделіктері мен қолжазбалары ұсынылған.

Атап айтсақ, академик Ә.Қайдардың шапанын, жұмыс кабинетінде қосылып тұрған радио-қабылдағышын, қаламсаптарын, профессор Ә.Құрышжановтың күнделіктері мен әріптес достарымен жазысқан хаттарын, академик Р.Сыздықованың өзі тартқан қоңыр домбырасын сол жерден көруге көруге болады. Сондай-ақ, экспозицияда профессорлар Ә.Нәжіп пен О.Серткаяның жеке күнделіктері мен құнды қолжазбалары да сөреден орын тепкен.

Салтанатты шараға Әзербайжан, Ресей, Түркия, Өзбекстан мен Моңғолиядан келген ғалымдар, зиялы қауым және баспасөз өкілдері қатысты.

 

Музейдің ашылу салтанатында сөз алған халықаралық Түркі академиясы ұйымының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі түркі халықтары дәстүрлі мәдениетін жаңғырту мақсатындағы шараның маңызы зор екеніне тоқталды.

– 2009 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Түркі академиясын құру туралы бастама көтерген кезде, академия жанында кітапхана және музей болуын жүктеген еді. Біз музейді құруды 2010 жылы бастадық. Биыл Түркі академиясының құрылғанына 7 жыл толып отыр. Бүгінге дейін түркі әлемінің мұралары терең зерттелгенімен, зерттеушілер туралы мәліметтер жоқтың қасы. Сондықтан біз музей ашу туралы бастаманы жүзеге асырып, жалпы түркологтардың тұтынған заттары мен қолжазбаларын қойдық. Болашақта академияның музейі үлкен ғимаратқа көшетін болса, Түркология музейі де әлемдегі алғашқы салалық музей ретінде Қазақстанның тартымды орталығының біріне айналады, – деді Д.Қыдырәлі.

Академия басшысы түркология ғылымының дамуына жаңа серпін беру мақсатында ашылып отырған музей туыстас түркі халықтарының арасын жақындастыра түсетін болады деді. Әрине, түркология – күрделі сала. Зерттеу жұмыстары қиыншылықпен жүргізіледі. Көптеген түркологтардың тағдыры қиын болғанын білеміз. Мысалы, Бакуде өткен түркология конгресінен кейін олардың көпшілігі атылып, репрессияға ұшыраған. Біздің музейден репрессияға ұшыраған түркологтардың құжаттарын көруге болады, – деді ол.

Сонымен бірге, академия кітапханасында әйгілі түркітанушы-шығыстанушы ғалым, башқұрт халқының ұлы перзенті Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның жеке кітап қорын қабылдап алу рәсімі өтті.

Академия басшысы Дархан Қыдырәлі башқұрт халқының көрнекті қайраткері Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның қызметі мен шығармашылық мұрасының маңыздылығына тоқталды. Ғалымның кітап қорынан бөлек, құнды қолжазбаларын да Түркі кітапханасына табыстаған Ахмет-Зәки Уәлидидің қызы, бүгінде Түркияда тұратын танымал ғалым Есенбике Тоғанға алғысын білдірді.

Шара барасында түркі әлемі ғылымына сіңірген ерен еңбегі мен бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін танымал ғалым Тимур Кожаоглуну TWESCO күміс медалімен марапатталды. Академия басшысы Дархан Қыдырәлі TWESCO жүзеге асырған көптеген ғылыми жобаларға белсенді атсалысып жүрген көрнекті ғалымға алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Т.Кожаоглу Бұқара Халық Республикасының басшысы Усман Қожаевтың ұлы. Көптеген түркі тілдерінде дәріс оқитын ұлағатты ұстаз бүгінде Мичиган университетінің Еуразия, Ресей және Еуропа ғылыми зерттеулер орталығы директорының орынбасары қызметін атқарады. Кеңес одағындағы мұсылман халықтар мен Орталық Азия елдерінің тілдері, әдебиеті мен мәдениеті жөнінде жазылған іргелі еңбектердің авторы.

Кездесу барысында Түркі академиясы Моңғолия ұлттық музейімен, Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясымен, Әзербайжанның Мәдениеттану ғылыми-зерттеу орталығымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Тараптар ғылыми-танымдық құндылығы бар зерттеу жинақтарын, ғылыми-әдістемелік құралдар мен кітаптарды бірлесіп жариялауға, түркі мәдениетін таныстыратын ортақ жиындар мен шаралар өткізуге, түркі халықтары дәстүрлі мәдениетінің тәрбиелік әлеуетін ашуға, ортақ бағдарламалар әзірлеуге, сонымен бірге өзара ақпараттық қолдау көрсетуге келісті.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері, Еуропа мен Азия елдерінен келген көрнекті ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен шара соңы «Түркология және алтаистиканың бүгінгі мәселелері» атты дөңгелек үстелмен түйінделді.

Шара Астанада өтетін «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумы аясында ұйымдастырылып отыр. Форумға Америка мен Азия елдерінен 300-ге жуық ғалымдар қатысады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»