«Нью-Йорк Таймс газеті, 22.09.2011 ж.»
Үстіміздегі жылдың 29 тамызында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жапқанына 20 жыл толды. Бұл полигонда Кеңес Одағы қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2500 есе күшті 450 ядролық зарядты сынақтан өткізген еді. Әлемдік қоғамдастық бұл датаның маңызына және ядросыз дамуды бастаған Қазақстанның қазіргі ахуалына лайықты бағасын беруі керек. Бүгінгі күні Қазақстан ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ядролық қару-жарақтан азат әлем құру жөніндегі халықаралық әрекеттердің алдыңғы шебінде келеді. Бұл ел өз тәуелсіздігін алғанға дейін де, алғаннан кейін де осы іс жолында батыл қадамдар мен нақты әрекеттерге барды. Қазақстанның ядролық қаруды таратпау мен ядролық қарусыздану бағытындағы әлемдік бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесінің тарихы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы дүние жүзінде ауқымы жөнінен екінші орын алатын Семей ядролық полигонын жабу туралы көреген шешімінен басталды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл бағыттағы жұмысын одан әрі тереңдете түсті. 1994 жылы Президент Н.Назарбаев АҚШ-тың «Нанн-Лугар» бағдарламасы шеңберінде ынтымақтаса отырып, өзіндегі ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бұл іс Украина мен Беларусьтің де қолдарында бар ядролық арсеналдан бас тартуына түрткі болды. Айта кететін жәйт, Қазақстан аумағында сол кезде Франция, Ұлыбритания және Қытайды қоса есептегендегіден де көп 1400 ядролық оқтұмсық болған еді. Содан бері Қазақстан ядролық қару-жарақ пен оның тиісті инфрақұрылымынан толығымен арылды. АҚШ-пен және Ресеймен ынтымақтаса отырып, МАГАТЭ-мен де өзара тығыз іс-қимыл жасап уранды байытуды төмендету және ядролық материалдар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамамыз ету бағытындағы шараларды бүгінгі күні де жалғастыруда. Сонымен бірге, жаңа жобалар жоспарлары әзірленуде, демек Қазақстанның ядролық қаруды таратпау режіміне қосып отырған үлесі әлі де үлкен деп айтуға болады. 2009 жылы Қазақстан мен Орталық Азиядағы төрт мемлекеттің Солтүстік жарты шарда бірінші болып ядросыз аймақ құру туралы келісімі күшіне енді. Сол жылы Қазақстан МАГАТЭ-нің бақылауымен өз аумағында ядролық отын қалдықтарының Халықаралық банкін құру туралы ұсыныс жасады. Және сол кезде ресми Астана БҰҰ-ға Ядролық қарудан азат бейбіт әлем үшін күрес күнін белгілеуді ұсынды. БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады және әлемнің барлық елдерін оны атап өтуге шақырды (Бұл күн – Семей ядролық полигонының жабылған күні). 2010 жылдың сәуір айында Президент Н.Назарбаев 47 мемлекет пен халықаралық ұйымдар басшыларының сапында Вашингтонда болған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі бірінші жаһандық саммитке қатысып, Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ядролық қару-жарақтан азат әлем құру бойынша бірінші кезектегі қажетті шаралар туралы ұстанымын жария етті. Онда Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты Ядролық қаруды таратпау туралы келісімді нығайтуға, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) тезірек күшіне енуіне ықпал етуге, ыдырайтын материалдарды өндіруге тыйым салу туралы шарт әзірлеуге және ядросыз әлем туралы жалпы дүниежүзілік декларация қабылдауға шақырды. Былтырғы қараша айында Қазақстан АҚШ және МАГАТЭ-мен ынтымақтаса отырып, Ақтау қаласындағы БН-350 реакторынан 10 тоннадан артық жоғары байытылған уран мен 3 тонна қару-жарақтық плутонийді шығару жобасын аяқтап, оларды ұзақмерзімді сақтауды ұйымдастырды. Бұлар 800 ядролық оқтұмсықты жасауға емін-еркін жететін шикізат еді. Осы оқиға ядролық қаруды таратпау ісіндегі жаңа кезеңге аяқ басқандықты көрсетті және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосылған маңызды үлес болды. Жуықта жасаған арнаулы жолдауында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун: «Биылғы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні Қазақстандағы Семей ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. «Қырғи-қабақ соғыс» жылдарында мыңдаған ядролық сынақтар жергілікті тұрғындар мен қоршаған ортаға айықпас дерт салды. Адамзат тарихындағы қара түнекті тарау болған осынау орынды көрген соң мен сынақтардың зардаптарымен әлі күнге күресіп жатқан Қазақстан халқы мен үкіметіне толық қолдау білдіремін. Осы трагедияның сұмдық зардаптарын жою жолында жасалып жатқан күш-жігерді жоғары бағалаймын», деген еді. Одан әрі Бас хатшы: «ЯСЖТШ-ға әлі күнге қол қоймаған немесе ратификацияламаған барлық елдерді бұл істі бірінші кезекте орындауға шақырамын. Осы мақсатқа қол жеткізсек, ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы өсіп келе жатқан қозғалыс нығая түсетін болады. Әр күн сайын ядролық сынақтар мен ядролық қару-жарақ «қырғи-қабақ соғыстың» тарих қоқысына тастайтын қауіпті қалдықтары екеніне миллиондаған адамдардың көзі жетіп келеді. Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнінің алдында мен барлық мемлекеттерді қауіпсіз және парасатты әлем құру жолында батыл қадамдар жасауға шақырамын», деген болатын. Бұл сөздер жаһандық ядролық қарусыздануға өзіндік үлес қосып келе жатқан Қазақстанда зор түсіністікпен қабылданды. Келесі айда Астана қаласында болатын «Ядросыз әлем үшін күрес» атты халықаралық форумда да бұл ұсыныстар мен пікірлер кеңінен талқыланатыны сөзсіз. Президент Н.Назарбаевтың Нью-Йоркке сапарында да осы жолдау негізгі мәселе болды. Президент бұл сапарын Пан Ги Мунның шақыруы бойынша жасап отыр. Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін атап өту шеңберінде атқарылған шаралар да барлық әлем мемлекеттерін осы проблемаға жеткілікті дәрежеде назар аударуға және бұл істе Қазақстаннан үлгі алуға шақырады. Қазақстан және басқа да бірнеше мемлекет өздерінің тәжірибелерінде ядросыз өмір сүру мүмкін ғана емес, артықшылық екенін де көрсетті. Өйткені, ол бейбіт дамудың және ұлттың гүлденуінің кепілі болады. Ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі өскелең мақсатқа қол жеткізу үшін адамзат ЯСЖТШ-ның тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету жолында батыл да нақты қадамдар жасауға міндетті.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше