Туындының алғашқы көрсетіліміне мәдениет, саясат және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты. Шара алдында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ақжарма тілегін жеткізді.
«Халқымыз Елбасының сенімді серігі, бірегей мемлекет және қоғам қайраткері ретінде қадірлейтін Мырзатай Жолдасбеков абыз жасты үлкен абыроймен бағындырып отыр. Жалпы, оның ұлағатты ұстаз, парасатты ғалым, көрнекті жазушы ретінде атқарған қызметтерін жақсы білеміз. Атап айтсақ, ұлттық әдебиетті, әсіресе, жыр алыбы – Жамбылдың шығармашылығын зерттеуге зор үлес қосты. Көне түркі жазбаларын қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып зерттеді. Оны ұлттық идеяға айналдыруға үлес қосты. Десе де, Мырзатай ағамыздың тәуелсіздігіміздің нығаюына сіңірген еңбегі орасан. Егемендік жылдары Елбасының жанынан табылған мерейтой иесі елдігіміздің іргетасын қалауға көп тер төкті. Халыққа сөзін өткізе алатын тұлға болып, жұртты бірлікке, тұтастыққа шақырып келеді. Абыз ақсақал әлі күнге ұлттық идеологиялық жұмыстардың басы-қасынан табылуда. Қай уақытта да көздегені – ел мүддесі, жұрт тағдыры», деді министр.
Көрсетілім барысында «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова жылы лебізін білдіріп, гүл шоқтарын табыс етті. Ол Мырзатай Жолдасбековтің дербестік жолындағы саяси, рухани дүниелерінің есепсіз екенін айтып, әлі де аттан түспеуін тіледі. Басқосуда Парламент Мәжілісінің депутаты, мерейтой иесінің шәкірті әрі қызметтес болған Сауытбек Абдрахманов деректі фильмге оң бағасын беріп, тартымды естеліктерімен бөлісті.
«Мырзекеңнің отыз жасында қорғаған кандидаттық диссертациясының әр жағында үлкен-үлкен саяси себептер болған. Солардың біреуі орыс халқының маңдайына басқан мұрасы – «Игорь жасағы туралы жырдың» дүниеге келген ғасырына қатысты. Ол заманда біздің әдебиетіміз сіздің әдебиетіңізден ерте шыққан, біздің ата-бабаларымыз сіздің әкелеріңіз жасамаған эпосты жасаған, сіздер әріпті оймалаған кезде әліпбиі, жазуы болған, сол жазуды тасқа қашап түсірген деген ойды айту. Мұны айтуға ғана оңай. Міне, қазақ әдебиетін он екі ғасырға әрі жылжытып берген жан арамызда отыр. Сол арқылы біз Тоныкөк, Білте қағандардың заманындағы ерлікпен, елдікпен тәрбиелендік. Сол мұраның бізге ортақ екенін сезіндік, мақтандық. Сол арқылы отандық түркологиядағы жалымыз күдірейіп шыға келді. Сол арқылы Халықаралық Түркі академиясы сексен миллион халқы Түркияда емес, он сегіз миллион халқы бар Қазақстанда орын тепті. Өйткені, Мағжан айтқандай, «Көп түркі енші алып тарасқанда, Қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па». Сол қара шаңырақтың қасиетін дәлелдеген адам ретінде біз Мырзекеңе бас иеміз», деді депутат.
Шараны түйіндеген мерейтой иесі көпшілікке алғысын жеткізіп, кинотуындыға ризашылығын білдірді.
«Біз бастауыш мектепті жетістірмесек те, даланың академиясынан сусындадық. Соның өзінде Әбіш Кекілбаевқа, Дулат Исабековке, өзге де ел алдындағы көптеген азаматтарға сабақ бердім. Сондықтан да өте бақытты адаммын», деген мерейтой иесі өнегелі өмір жолынан сыр тарқатты.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»