27 Қыркүйек, 2011

Әлеуеті артқан әлеумет

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстағы білім мекемелерінің құры­лы­сы серпінді дамуда. Жалпы алғанда, соңғы 10 жылда 88 мектептің ғимараты жаңадан берілсе, биылғы жылдың өзінде жаңа 11 мектеп өз жұмысын бастауда.

Инновациялық тұрғыда оқытатын мек­­тептер қатары жылдан-жыл­ға өсуде. 2008 жылы 6 инновациялық мектеп жұмыс жасаса, 2009 жылы 18, 2010 жылы 20, 2011 жылы 21 болып отыр. Заманның талабына сай білімге деген көз­қа­рас­­­тың өзгергенін осы білім беру ұйымдарына сұраныстың көп­тігінен де байқауға болады. Мұндай мектептер білім негіздерін меңгертудегі қажеттілік екенін бізге заман талабы мойындатуда.

“Ұстазы заманынан озық елдің бүгіні де, болашағы да зор” деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, білім саласының жаңа деңгейге көтерілуіне ұстаз қауымының қосар үлесі зор. Мұ­­ның өзі – болашақта бәсекеге қабілетті ұлт ұрпағын қалып­тас­ты­руда мұғалімдердің арқалар жүгі ауыр екенін көрсетсе керек.

Облыста жалпы әлеуметтік сала бойынша біржолғы жәр­дем­ақы берілген жас маманның 80 пайызы, яғни 570-і, тұрғын үй алуға жеңілдікпен несие алған 330 маманның 241-і (73 пайызы) білім саласының мамандары екенін де айта кетсек дейміз.

Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен де, «Алтын белгі» белгісін дәлелдеуде де облысымыздың республика бойынша 2 жыл бойы алғашқы үштікте болуы кездейсоқтық емес. Оның бәрі осындай жүйелі, жоспарлы түрде жасалған еңбектің нәтижесі.

Облысымызда денсаулық сақтау саласы өзінің оң жетістіктерімен өңір халқын қуантуда. 2009 жылы облыстық бюджет есебінен 32 елді мекендерде медициналық пункттердің, 9 дәрігерлік амбу­ла­то­рия­ның құрылысы салынса, 2010 жылы жергілікті бюджеттен 7 ме­дициналық пункттің құрылысы жүргізілді. Байқоңыр қаласында құрамында әйелдер консультациясы бар перзентхана құрылысы аяқталды.

 Қызылорда қаласындағы 200 төсектік перинаталдық орталық, сондай-ақ қалалық емхана құрылысы ел тәуелсіздігі қарсаңында пайдалануға берілмекші.

Саланың материалдық-техникалық базасы нығаюда. Жақында ғана санитарлық авиацияға тікұшақ алынды. Қазірдің өзінде оның игілігін алыс ауылдағы тұрғындар көруде.

Алаштың анасы аталған Сыр өңіріндегі осындай жемісті істер ел болашағының жарқындығына деген сенімді жылдан-жылға нығайтып келеді.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорының президенті.