Біздің басқарманың 2011 жылға арналған іс-шаралар жоспарының басым көпшілігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған. Соның бастысы ретінде ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған қазақ күресінен облыстық «Алтын белбеу» жарысының ақтық сайысы өткізіліп, оған облыстың 140 елді мекенінен 3 жас ерекшелігі бойынша 27 864 балуан атсалысты. Өткен жылы бұл сайысқа 26 780 балуан қатысқан болатын. Аталмыш жарыста Жалағаш ауданынан Руслан Әбдіразақов «Алтын белбеу» иегері атанды. Ал осы жарыстың республикалық көлемдегі қорытындысы 20 тамыз күні Астана қаласында өтті. Қазақстан Президентінің жүлдесіне арналған қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық жарысында қызылордалық Ұлан Рысқұл тұңғыш «Қазақстан барысы» атанды.
Облыс спортшылары республикалық чемпионаттар мен біріншіліктерге қатысып, 263 медаль иемденді, оның 82-сі алтын, 62-сі күміс, 120-сы қола жүлде.
Перу астанасы Лимада ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Әділбек Балхаев (69 келі) қола жүлде иеленсе, Тайландтың Бангкок қаласында каратэ-додан балалар мен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында Мөлдір Жаңбырбай күміс жүлдеге қол жеткізді. Ташкент қаласында самбодан жасөспірімдер және жастар арасында Азия чемпионатында Гүлайлым Нұрмаханова мен Мереке Құдайбергенова чемпион атанса, Гүлжазира Махамбетжанова үшінші орынға табан тіреді.
Тамыз айында Украинаның Киев қаласында өткен жасөспірімдер арасында дзюдодан әлем чемпионатында Акерке Мырзабек пен Ресейдің Астрахань қаласында жастар арасында белбеу күресінен Арман Сәрсенбеков қола жүлдегер атанды. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ересектер арасында бокстан Азия чемпионатында Рүстем Сыбаев күміс жүлдеге ие болды.
Қыркүйек айында Тайландтың Паттайя қаласында жасөспірімдер арасында өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Ғалымбек Жұбатқанов чемпион атанса, Өскемен қаласында жасөспірімдер арасындағы қол күресінен өткен Азия чемпионатында Ардақ Махамбет күміс жүлдеге қол жеткізді. Канадада пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатында Нұрлан Есмаханов пен Ұлан Әнуар күміс жүлдеге ие болса, Самат Асанов үшінші орынды иеленді.
12-18 қыркүйек аралығында Ыстамбұл қаласында ересектер арасындағы еркін күрестен әлем чемпионатында 55 келі салмақта Дәулет Ниязбеков қола жүлдегер атанды. Бұл облыстың Лондон олимпиадасына алған лицензиясы болып табылады. Сондай-ақ, Лондон олимпиадасына баратын тағы да басқа спортшыларымыздың бар екенін айтқан абзал.
Жыл басында Қызылорда қаласында жоғары спорт шеберлігі мектебі ашылды. Сонымен қатар, биыл спорт шеберлерін дайындайтын жоғары спорт шеберлігі мектебінде, №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінде көркем гимнастика, кикбокс және стенд ату, әйелдер күресі, самбо, қазақ күресі бөлімшелері ашылды.
Садық МҰСТАФАЕВ, облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы.