Заманмен бірге өзгерген әлем
Бір кездері Еуропадағы ренессанс дәуіріне түрткі болған, озық ғылыми жетістіктері арқылы өркениет көшін алға сүйреген ислам әлеміне ХІХ ғасыр орасан зор қайғы-қасірет ала келді. Әлдеқашан надандық бұлты тұмшалап, қараңғылық пердесі түскен, әлеуеті әлсіреп, кедейшіліктің ащы зардабын тартқан, алауыздық жайлап, алтыбақан болған жер жүзіндегі мұсылман жамағаты аласапыран ғасырда бостан күнін ұмытып, бодандық қамытын киді. ХХ ғасырдың басындағы жаһандық соғыстан кейін Осман мемлекетінің күйреуімен бірге ислам әлемі терең күйзелісті бастан кешті.
Батыстың басымдығы артқан осы тұста Шам мен Мысырдың, Ыстамбұл мен Қазанның ғалымдары осы тым күрделі мәселенің байыбына баруға ұмтылып, өркениет көшіндегі керуеннен артта қалушылықтың себептерін індете зерттей бастады. Басқа түскен құлдық оларды: «Біз неге мұндай халге түстік, неге бодан болдық?» деген пікірдің төңірегінде терең ойлануға жетеледі. Ислам ғұламаларының пікірінше, ислам діні – Алладан түскен ақырғы, кәміл дін, ендеше, артта қалуға себепші болған ислам емес, сол діннің қағидаттарын жаңылыс тәпсірлеген мұсылмандар еді.
Олай болса, жүріп өткен жолды қайта шолып, жаңылыс жіберілген тұстардан қорытынды шығарып, сананы өзгерту керек екен. Осындай ой-тұжырымға келген көптеген ғұламалар ХХ ғасыр басында ислам әлемін жаңғырту туралы бастамалар көтеріп, соның нәтижесінде Ыстамбұлда «ыслахат», Мысырда «тәждит», Қазан мен Қырымда «жәдит» қозғалыстары кең ауқымда тарай бастады. Шахабеддин Маржани, Исмаил Ғаспыралы сынды ойшыл, ағартушы ғалымдардан бастау алған жәдитшілдік қазақ жеріне Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп және Ахмет Байтұрсынов арқылы тамыр тартты.
Шын мәнінде сол тұстағы ислам әлемінің артта қалуына не себеп болды?
Ғалымдардың ой-пікірлерін саралай келе, негізгі себептерді былайша тұжырымдауға болатын сияқты: надандық, алауыздық, томаға-тұйықтық. Бұл ойды одан әрі қаузасақ, дүниедегі бүкіл індеттің басында надандықтың тұратыны жасырын емес. Ал өзара алауыздық мұсылмандарды бодандыққа әкелді, бодандық еркін ойлау құқынан айырып, томаға-тұйықтыққа тіреді. Мұның бәрі мұсылмандарды тақыр кедейшілікке, ақыр аяғы аштыққа ұрындырды.
Расында, Шыңғыс ханның жорығынан кейін құлдырап, бұрынғы құдіретінен айырылған ислам әлемі тоқмейілсуге, кертартпалыққа бой алдырды. Оның соңы мектеп, медресе және зауие бірлігінің ажырауына, дәлірек айтқанда, медресенің қасаң қағидаттардың еркіне беріліп, руханияттан ірге ажыратуына және пән ғылымдарын шеттетуіне әкеліп соқты.
Осылайша ақыл мен жүректің арасына ауыр сызат түсті. Замана құбылысын айқын аңғарған Абайдың «бұл күндегі тахсил ғулум ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болды» дей отырып, оған ем-шипа ретінде ақыл, жүрек, қайраттың бірлігін ұсынуы сондықтан.
Задында, күллі әлемге, барша адамзатқа және бүкіл дәуірлерге арналған Жаратқанның жолдауы болғандықтан, ислам – үнемі жаңарып, жаңаланып отыратын дін. Бұл жерде бір жәйтті дұрыс аңғарған жөн: діннің өзегі, иманның шарттары, сенім негіздері өзгермейді; жаңарып отыратын – исламның өмір салты. Сондықтан, иман, яғни сенім негіздері бір болғанымен адамзаттың өсуі мен өрісіне және дәуірлеріне сәйкес келген пайғамбарлар Алланың әмірі мен өмір салтын жаңарту арқылы дінді үздіксіз толықтырып отырған. Әрбір пайғамбар келген сайын уахи арқылы адамзат баласының діні өрістеп, мінез-құлқы мен ғылымы өркендей түскен. Сондықтан, өркениеттің көш басында қашанда пайғамбарлар тұрған. Осылайша Мұхаммед алейхиссаламмен бірге дін кемеліне келді, бірақ дін тоқырауға ұшыраған жоқ. Өйткені, әсем аттарының бірі «үздіксіз, ұдайы Жаратушы» деген мағына беретін Алла тағала түсірген Құранның жаңа аяттарымен ескі аяттардың үкімін жаңалау арқылы ислам ақиқатының әр дәуірге сәйкес өз шындығы бар екенін саналарға ұқтырды.
Хадиске сүйенсек, бұдан былай ислам негіздерін заманға сәйкес тәпсірлеу ісі мужаддит ғалымдарға жүктелді. Мәселен, «исламның дәлелі» атанған имам Ғазали сондай ғалымның бірі еді. Ғазали аманатын Маржани арқылы қабылдаған Абай да жаңалықтың лебін сезінді.
Бір орында тұрмайтын дәуір доңғалағы тегершігінен зымырап айналды. Заманмен бірге дүние де өзгерді. Мұсылман елдері ХХ ғасырдың орта шені мен ХХІ ғасырға иек артқан алмағайып тұста тәуелсіздіктерін жариялады.
Дегенмен, көптеген мұсылман елдері өткен ғасырдағы кертартпалықтан айыға алмады. Қаржы дағдарысын бастан кешкен, кедейшілік қамытын киген, әлеуметтік теңсіздікке ұшыраған біраз мұсылман елдерінде түрлі төңкерістер орын алып, көз алдымызда саяси режімдер ауысты. Соның салдарынан жүз мыңдаған мұсылмандар аштан қырылып, Отанынан жыраққа ауа көшкен босқындар пайда болды.
Міне, осындай күллі үмбет тығырыққа тірелген кезеңде Қазақстан Президенті бұл мәселенің өзектілігіне тоқтап, ислам әлеміне түбегейлі шешімдер ұсынды.
Биылғы жылы Астанада өткен VІІ Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Исламның өзі дін ретінде ешқандай дағдарысқа түспейді. Қоғамды модернизациялау исламның өзінің негіздерін бұрмалау деген сөз емес. Ислам қоғамын модернизациялау қажеттігі айқын байқалып отыр. Бұл алдымен технологиялық, ғылыми және экономикалық дамуға байланысты», деп атап көрсетті. Н.Ә.Назарбаевтың осы сөздері мәртебелі меймандардың ерекше ықыласына ие болып, ислам әлемі елдерінің күн тәртібіне үлкен әріптермен жазылды.
Абзал мұсылман – мемлекетшіл азамат
Ұлыстың ұйытқысы – ұлт, мемлекеттің өзегі – қоғам болса, сол ұлт пен қоғамның рухы – дін. Бұл ретте, біз көптеген қауымдардың топтасуына, ұлттардың ұйысуына, ұлыс ретінде қалыптасуына діннің ықпалының аса жоғары болғанын еске алсақ та жеткілікті. Мәселен, орыс халқы православ шіркеуінің арқасында алауыздығынан арылып, биік мұраттарды мақсат тұтқан іргелі империя деңгейіне жетті. Бұл орайда тағы бір айта кетерлік жәйт, ұлтты қалыптастыруда дін факторы тіпті кейде тілдік фактордан да биік түсіп жатады. Бұған түп-тамыры бір, тілдері жақын бола тұра түрлі діндерді ұстанғандықтан, уақыт өте келе бір-біріне қару кезенген бұрынғы Югославия шеңберіндегі елдердің тағдыры мысал бола алады.
Дінсіз адам болуы мүмкін, алайда, дінсіз қоғам болмайды. Дін қоғамдық құбылыс болғандықтан, мемлекет те одан тыс қала алмайды. Қоғамтану ғылымының атасы саналатын Ибн Халдун «Мұқаддима» деп аталатын әйгілі еңбегінде діннің қоғамдық қатынастарды реттеп, мемлекет істеріне болысатынын, бұған тиісінше мемлекеттік биліктің де дінге қамқор болатынын атап көрсеткен. Діни сенім мен құндылықтар азаматтардың бойына имандылық пен әдепті ұялатады, кісілік пен парасаттылықты қалыптастырады, нашақорлық, зинақорлық сияқты жат қылықтар мен жамандықтардан тыяды, отбасын ұйытып, қоғамды орнықтырады. Батыстық қоғамның қалыптасуына ықпал еткен Руссо ел тұрақтылығы үшін азаматтардың діндар болуы тиіс екенін жазған. Оның пікірінше, діндар азаматтар мемлекетке ерекше құрметпен қарайды, билікке мойынсұнады һәм отаншыл болады. Дін осылайша заңмен де орнықтыра алмайтын кейбір қоғамдық құбылыстардың оң қалыптасуына ықпал етеді. Өз кезегінде мемлекет те дінді қадағалап, реттеп отыруы тиіс. Діннің атын жамылу немесе дінді бетперде етіп қолдану әрекетінен, ең бастысы, діннің зардап шегетінін ұмытпаған абзал.
Болмысында берекесіздікке, анархияға қарсы ислам діні елдің бірлігі мен мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етеді. Құран «Аллаға, пайғамбарға және билік басындағыларға мойынсұнуды» бұйырады. Бұл ретте әз Пайғамбарымыз қоғам мен жамағатты бірлікке шақыра отырып, басшының төңірегіне топтасуды уағыздады, басшыға бағынудың маңыздылығын ескертті. Мәселен, Абдулла ибн Омардан Пайғамбарымыз алайһисаламның: «Кімде кім бойұсынудан бас тартса, қиямет күні Алла алдында айтар уәжі болмайды. Кімде кім (патшаны) мойындамай қайтыс болса, надандық өлімімен қайтыс болады», деген хадисі риуаят етіледі (Хадис сахих, Муслим). Сол сияқты Абдулла ибн Аббастан Пайғамбарымыз алайһисаламның: «Кімде кім басшыдан өзіне ұнамайтын жәйтті көрсе – сабыр етсін, себебі, бір адам жамағаттан бір қарыс бөлініп, сол халде қайтыс болса, надандық өлімімен қайтыс болады», деген хадисі риуаят етіледі (Хадис сахих, имам Бұхари). Имам Ғазали бұл туралы: «Нашар жүйенің өзі жүйесіздіктен, берекесіздіктен жақсы. Биліктің міндеті дінді сақтау болса, дінді қорғаудың жолы да биліктің, жүйенің нығаюы арқылы болады. Сондықтан, мемлекеттілікті сақтап, билікке мойынсұну керек», – деп жазып кеткен.
Құран Кәрімде бір адамды өлтірудің бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей екені айтылады. Бұл орайда әрбір жаратылысқа жаратқанның туындысы ретінде құрметпен қарайтын мұсылманның террорист болуы әсте мүмкін емес. Осыған қатысты әз Пайғамбарымыз өлтіру мақсатында қару кезенгеннің жұмаққа бармайтынын ескерткен. Олай болса, құтты Отанына, туған жұртына қарсы қару кезенгеннің үкімі қаншалықты қатал болатынын ойлаудың өзі ауыр.
«Отанды сүю – иманнан» деген қағидаға жүгінсек, мұсылманның діндарлығы оның отаншылдығымен де өлшенеді. Біздіңше, абзал мұсылман – елдің тыныштығын ойлап, отбасының амандығын тілейтін мемлекетшіл азамат. Өйткені, тәуелсіздік – тәубе дегізер, тәуекел еткізер қастерлі бойтұмар, талайдың тағдырына бұйырмаған ерен бақыт. Азат ел, азаматтарының діни сенім бостандықтарын қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекет болмаса, онда діннің де, руханияттың да еркін тыныстай алмасы анық. Бодан елде мешіт те, медресе де болмайды, азан да айтылмайды. Біз мұны жақын тарихымыздан жақсы білеміз. Сонымен қатар, тұрақтылық пен тыныштық орнамаған елде діннің ахуалы да оңалмайды. Сондықтан, дін мен руханияттың өрістеуі үшін әуелі тәуелсіздік пен тұрақтылық, татулық пен тыныштық қажет. Бұл орайда тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам басқан Қазақстан татулық пен тұрақтылықтың кепілі, бейбітшіліктің белдеуі ретінде ислам әлеміне өнеге көрсетіп отыр. Азаматтарына сенім бостандығын ұсынған зайырлы қазақ елінде ислам діні ерекше қарқынмен дамып, кеңінен қанат жаюда.
Ислам – зайырлы дін. Інжілдегі сияқты «Тәңірдің ақысы – Тәңірге, Цезардың ақысы – Цезарға», деген қағида болмағандықтан, исламда білім мен иман, ақыл мен жүрек, тән мен рух, мемлекет пен дін арасында да қайшылық жоқ. Тарихқа үңілсек, мұсылман елдерінде батыстағыдай таза теократиялық мемлекеттің болмағаны анық. Мәселен, католиктердің сенімі бойынша Папа Тәңірдің және Хазіреті Исаның жердегі өкілі, сондықтан ол жаңылыспайды, қателеспейді. Тәңірдің атынан билік жүргізетін болғандықтан оның әмірлерін бұлжытпай орындау керек. Шексіз билікті қолына шоғырландырған папалар патшаларға үкімін жүргізді, шіркеудің атынан крест жорықтарын ұйымдастырды. Сондықтан батыста зайырлылыққа талпыну мемлекетті шіркеудің шексіз билігінен құтқару әрекетінен басталған еді. Батыстық Макиавелли, Хоббес, Руссо, Локк және басқа да ойшылдар шығармаларында мемлекетті діннің құрсауынан құтқарып, шіркеуді өз қызметіне жегу туралы жазды. Бұл тұрғыдан алғанда, батыста зайырлы қоғам орнатуды көксеген ойшылдардың өзі исламды тану арқылы сондай байламға келген деуге негіз бар. Ислам тарихына жіті үңіліп қарайтын болсақ, мұсылман мемлекеттерін молдалар мен имамдар емес, сұлтандар басқарып келгенін аңғарамыз. Өз кезегінде дін ғалымдары мемлекет істеріне жөн-жосықсыз араласып, өз үстемдіктерін жүргізуге ұмтылмаған. Олар мемлекет мүддесі жолында билік басындағыларға болысып отырған. Өйткені, исламдық түсінік бойынша, әділ патша құт қонған, Алланың ерекше мейіріміне бөленген жан деп есептелінген.
«Адамзаттың бәрін сүй...»
Еуразия кеңістігінің картасы өзгеріп, сахнаға жас тәуелсіз мемлекеттер шыға бастаған тұста Сэмюэл Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы және әлемдік жүйенің қайтадан құрылуы» деген әйгілі кітабын жариялады. Микро деңгейде ислам мен православ, будда, африкалық және батыстық христиандық арасында, макро деңгейде мұсылман, будда және христиандық өркениеттер арасында үлкен қақтығыс орын алатынын айтқан автор бұл соғысқа батыстың менмендігі, исламның ымырасыздығы және Қытайдың қырсықтығы себеп болады деген болжам жасады. Ол «Өркениеттер қазаны» деп атаған Азия аймағында Ресей, мұсылман Азия, Қытай және АҚШ арасында қақтығыс жүреді деген пікір айтты.
Расында, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Ош, Ферғана, Баку, Сумгаит, Таулы Қарабақ, Балтық жағалауы елдерінде дау-жанжалдар болып, оның аяғы этностық қақтығыстарға айналды. Оның үстіне, Қазақстанға экономикасы шайқалған, мемлекеттік құрылымдары тоқырауға ұшыраған, ұлттық қатынастары шиеленіскен ел мұра болып қалды. Алайда, сындарлы саясат ұстанған республика басшылығы тығырықтан шығар жолды таба білді. Ядролық қарудан бас тартқан, елдегі ұлттарды ұйыстыра түскен жас мемлекет дамудың өзіндік моделін қалыптастырып, дүние жүзіне таныла бастады. Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан көп векторлы саясат ұстану, бұрынғы одақтастарымен ортақ тіл табысу, туысқан түркі жұртының жақындасуына және Азиядағы ынтымақтастыққа ұйытқы болу, тіпті Үндістан мен Пәкстан сынды алып елдерді татулыққа шақыру сияқты келелі әрекеттері арқылы шын мәнінде еуразиялық мемлекетке айналып үлгерді.
Хантингтонның пікірлерін жоққа шығарған Қазақстан Президенті әлем жұртшылығына ғасырлар тоғысында өркениеттер арасында қақтығыс емес, керісінше, мәдениеттер арасында келісімнің, әлемдік ізгіліктің алтын кілтін ұсынды. Осылайша, Қазақстан әлемде өркениеттер арасы қақтығыс пікіріне қарсы тұруды, мәдениеттер мен дін өкілдері арасындағы диалогты жан-жақты қолдауды мемлекеттік саясатқа айналдырған алғашқы мемлекет атанды.
Жаңа мыңжылдықтың басында дүние жүзін дүр сілкіндірген террорлық әрекеттен кейін әлемдегі алпауыт елдер ислам дінін жаппай айыптап жатқан кезде ислам мен терроризмнің ешуақытта қабыспайтынын, бұл екі ұғымның бір-біріне мүлдем кереғар екенін дәлелдеп, әлемдегі барлық діндердің адамзатты тек ізгілікке шақыратынын айтқан Елбасы, мұсылман дінін ұстанатын Қазақ еліне әлемдегі католиктердің дінбасысы Папа ІІ Иоан Павелді шақырды.
Астана қаласында өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І, ІІ, ІІІ съездері еліміздің даңқын әлемге паш етіп, асқақтата түсті. Еуразия құрлығында ұлтаралық татулық пен түсіністіктің, рухани келісім мен өзара үйлесімнің өзіндік аралына айналып отырған Қазақстанның бастамасы бойынша ұйымдастырылған бұл басқосулардың мақсаты – дін өкілдерінің бүкіл әлемде болып жатқан қантөгістерге тоқтау айтып, жаһанда тұрақтылық пен тыныштық орнатуға, осылайша, адамзат баласының түсіністік пен бейбітшілік жағдайында өмір сүруіне ықпал жасау болатын.
Айта кетерлік жәйт, Астана қаласында өткізілген діндарлардың бұл келелі кеңестері Алланың сөзінен бастау алады. Өзге дін өкілдерін келісімге шақырған қасиетті кітап Құранда бұл туралы: «(Ей, Расулым), былай де: Ей, кітап түсірілгендер! Келіңіз, сізбен біздің арамыздағы ортақ сөзде бірлесейік. Яғни, Алладан басқасына құлшылық етпейік, Алладан басқа тәңір танымайық. Егер бұған теріс айналса, былай де: Куә болыңыз, біз Аллаға мойынсұнған мұсылманбыз», - деп айтылады. Ұлы Жаратушы қасиетті Құран Кәрімде бір-бірімен танысып, білісуі үшін адамдарды қауым-қауым, тайпа-тайпа етіп жаратқанын ескертеді. Ендеше, біле-білсек, біздің ұлттық ерекшеліктеріміз, әрқилы дәстүріміз бен мәдениетіміз бөліну емес, бірігу, айырылу емес, танысып, білісу үшін екен.
Қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына ықпал еткен ислам – кеңдік пен кешірімнің, келісім мен түсіністіктің, бейбітшілік пен татулықтың діні. Ислам діні салтанат құрған барлық жерлерде өзге сенім өкілдері ғасырлар бойы бейбітшілік аясында өмір сүрді. Бағзыдан бері Қазақ елінде көптеген сенім өкілдерінің тату-тәтті ғұмыр кешуі де бұл сөзіміздің бір айғағы. Өйткені, дәстүрі мен діні үндесіп, ділімен үйлесіп кеткен қазақ халқы Қожа Ахмет Ясауидің:
«Сүннет емес – кәпірге берме азар,
Көңілі қатты, ділі азардан Құдай безер», – деген хикметтерін жаттап өскен халық. Бұл дәстүр қазақ халқының өмірлік ұстанымда берік орын алды. Тіпті еліміз отаршылдықтың қамытын киген кезде: “Адамды сүй, Алланың хикметін сез” деп жырлаған дана Абай:
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті», – деп адамзаттың бәрін бауырға басып, сүюдің, адамзатты махаббатпен жаратқан мейірімді Алладан бастау алатынын меңзеді.
Бұл ретте діннің әуелі көркем мінезбен әдіптелген өнегелі өмір екенін ұмытпаған абзал. Ал көркем мінез көрікті сөз арқылы кестеленіп, көрініс табады. Сонымен қатар «дін – насихат». Ендеше, қоғамда татулық пен толеранттылық салтанат құрып, диалогтың одан әрі өрістеуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарына жауапкершілік мол қастерлі міндет жүктелуде.
Дін діңгегі – діл
Ислам дінін әлемдегі негізгі бес мәдениеттің бірі ретінде атап көрсеткен атақты тарихшы, қоғамтанушы А.Тойнби: «...мұсылмандардың рушылдық пен әсіре ұлтшылдықты ауыздықтаудағы ахлақи, моральдық жетістіктері қазіргі дүниеге қаншалықты қажет десеңізші. Мәселенің келісім мен бейбітшілік аясында шешілуі үшін осы мұсылман парасатының өсіп-өркендеуіне жағдай жасау шарт», дейді. Расында, адами қасиеттерді ардақтап, адам құқығын аяққа таптамай, оны асқақ ұстау – исламның басты ерекшеліктерінің бірі. Сондықтан, ислам дінін қабылдаған кез келген қауым өзінің тілі мен ділін сақтап қалып отырған. Сөзіміздің айғағы ретінде, исламға мойынсұнған түркі халықтарының бүгінде өз тілін, ділін және түпкі дәстүрін сақтап қалғанын айтсақ та жеткілікті.
Ислам ұлттық дәстүрлерді терістемейді, керісінше, ғұрып – шариғат үкімдерінің негізін құрайтын бұлақ көздердің бірі деп біледі. Мәселен, Муаз ибн Жәбәл әкім болып тағайындалғанда мемлекет істерінде мәселенің шешімі егер Құран мен сүннеттен табылмаса, онда ижтиһат (оның ішіне дәстүр де кіреді) жасау арқылы үкім шығару қажеттігі туралы сөз болады. Хазіреті Пайғамбар мұны қолдап, қуаттайды. Бұл ретте қазіргі кезде мұсылман елдерінің өзіндік ерекшеліктерін жоғалтпай, ұлттық дәстүрлерін қастерлеп отырғаны да сөзімізге дәлел болса керек.
Ғасырлар бойы ата-бабаның тарыққан шақта бойтұмары, болашаққа бастар үміті, тығырықтан алып шығар бағдары болған ислам діні қазақ халқының күнделікті өмір салтында берік орын алған. Исламның қазақ халқының ұлттық мәдениетімен етене болғаны соншалықты, тіпті ол ұлттың ең ежелгі салт-дәстүрлеріне дейін етене сіңісіп кеткен. Бесік жырынан бастап жоқтауға дейінгі қазақтың ән-жырларынан исламның әсерін көруге болады. Өнегелі өсиеттер, нақыл сөздер һәм мақал-мәтелдерімізде Құран аяттары мен хадистерді көптеп кездестіруге болады. Азан шақырып ат қою; неке қию, марқұмның жаназасын шығару; сәлем беріп, сәлем алу; кішіпейілдік, кеңдік пен кешірімділік қасиеті; ата-ананы сыйлап, ардақ тұту; үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, оларға қызмет жасап, ақ тілек-батасын алу; қоңсы-қолаңға көмектесу; көрші ақысын ұмытпау; келгенге кеңпейіл қонақжайлылық таныту; қолдан келгенше қайырымды болып, жақсылық жасау; обал және сауап ұғымдары; кісінің ала жібін аттамау және ешкімге қиянат жасамау; аманатқа адалдық; жетім-жесірді елеп-есіркеу; үйге аяқ киімді шешіп кіру, оны аластап, тазартып, үйде ит ұстамау; өлгеннің артынан жаман сөз айтпау және тағы басқа санап тауыса алмайтын күнделікті салт-дәстүрлеріміздің барлығы да ұлтымызға ислам діні арқылы еніп, ал бұрыннан бар болғандары, байырғы бабадан үзілмей жеткендері кемелденіп, толығып, орныға түскен. Сондықтан, ислам діні – қазақ халқының ұлттық мәдениетін құрайтын ең негізгі факторлардың бірі.
Мекке-Мәдинада дүниені нұрландырған ислам сәулесі Түркістан топырағында, кешегі Мәуранаһрда алмастың қырларындай сәуле шашып, жүйеленіп, содан іргелі ілімге айналды. Тарлан тарихқа үңілу арқылы бұған көз жеткізу қиын емес. Мәселен, Құран ілімін аса білгірлікпен тәпсір жасаған Бейдауи, Рази сынды мүфассир-ғалымдар, хадис ілімінің ұстыны болған әйгілі имам Бұхари, имам Тирмизи сияқты ғұламалар, ақида-сенім негіздері ілімінің негізін қалаған Матуриди, Ашари тәрізді имамдар, шариғат ғылымын қалыптастырған Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Марғинани іспетті факихтар, тасаууф-руханият ілімінің шоқтығы биік ұстаздары Юсуф Хамадани, Қожа Ахмет Ясауи бастаған әулиелер Құран мен сүннетті басшылыққа ала отырып, ислам дінін тұтас қалпында жүйеге түсірді. Сонымен қатар, Түркістан философия, математика, алгебра, геометрия, география, астрономия, медицина сияқты ғылым салаларында төңкеріс жасап, адамзат өркениетіне зор жаңалықтар енгізді. Исламдық қайнардан нәр алған әл-Фараби, Ибн Сина, Хорезми сынды ғұламалар батыс өркениетінің де өрлеуіне түрткі болды.
Бір таңғаларлық жәйт, тұтас дәуірлерге сыймайтын осы орасан зор табыстардың басым көпшілігі Қарахан мемлекеті тұсында жүзеге асты. Біздіңше, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қарахан мемлекетінде тұрақтылық пен тыныштық болды. Екіншіден, елдің барша тұрғындары бір ғана мазхабты – имам Ағзам жолын ұстанды. Үшіншіден, мемлекет басты нысана ретінде білім жолын таңдады. Елде іргелі оқу орындары ашылып, ғалымдарға құрмет көрсетілді. Дәстүр мен дінді ұштастырған жергілікті ғұламалар өсіп жетіліп, бой көтерген сәулетті қалалар ғылым мен мәдениеттің ошақтарына айналды. Осылайша, ғылым мен білімнің қарыштап дамуына барынша жағдай жасаған Қарахан мемлекетінде мектеп, медресе және зауиенің үйлесімді бірлігі дүниеге келді. Елде діни білім де, рухани ілім де, нақты ғылым да өркен жайды. Бұл жағдай Шыңғыс хан заманында үзіліп қалғанымен, Әмір Темір кезеңіне дейін жалғасты. Одан кейін тұғырлы Түркістан тарихи дүрбелеңді бастан кешіп, алауыздықтан арылмаған қалпы қалың ұйқының құшағына берілді.
Бұл орайда біздің Қарахан мемлекетіне арнайы тоқталуымыздың мәні бар. Бұл мемлекет бүгінгі Қазақстан аумағын алып жатты, оның дүние жүзіне танымал болған әйгілі қалалары да қазіргі қазақ жерінде болатын. Сондықтан Қарахан мемлекетін біздің рухани дәстүріміздің тарихи тамыры ретінде қарастыруға болады. Демек, адамзат өркениетін жаңа белеске бастаған Ренессанс қазақ топырағынан нәр алды деуге толық негіз бар.
Тарих үшін тым қысқа мерзім аралығында береке-бірлігі жарасқан, экономикалық әлеуеті асқан, шығыс пен батысты жалғаған, руханият ордасына айналған, халқы жан-жақты сауаттанған, ұлтының интеллектуалды өресі биік, дәстүрі берік, тарихы терең іргелі мемлекет ретінде қалыптасқан Қазақстанның дүние дағдарысқа түскен осындай алмағайып заманда жаңа рухани ренессансқа жол салуы әбден мүмкін. Биыл Ислам ынтымақтастығы ұйымының төрағалығы тізгінін қолға алған тұста «Ислам әлеміне реформа керек» деп мұсылман үмбетіне пәтуалы пікір, байламды уәж айтқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты сөзін біз осылай жорыдық.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, тарих ғылымдарының докторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреты.
Астана.